Қазақстанда жүргізушілер Жолда жүру ережесін бұзғаны үшін ТМД елдері ішінде ең көп айып төлейді, оның мөлшері тіпті бірқатар Еуропа мемлекеттерінен де асып кеткен. Бірақ біздің өмір сүру деңгейіміз Еуропадағыдай емес. Алайда айыппұл көлемін арттыра беру заңбұзушылықтың санын қысқарта ма?
Прокуратураның дерегіне сүйенсек, соңғы 20 жылда кейбір айып түрлерінің бағасы 25 есе өскен, ал бұл уақыт ішінде тұрғындардың кірісі небәрі 7 есе артқан. Былтыр ереже бұзған қазақстандықтарға жалпы сомасы 22 млрд 055 млн теңге болатын 2 млн 250 мың хаттама жолданған. Жол ережесін бұзу дерегінің 44 пайызы камера арқылы анықталған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, республика жолдарында қозғалыс ережелерінің бұзылуын тіркейтін 13,2 мыңға жуық стационарлық автоматты камера жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын әлі де көбейту жоспарланған.
«Полиция департаменті апат болған жерлерді талдап, анағұрлым қауіпті жол бөліктерін анықтады. Зерттеу нәтижесі бойынша жергілікті атқару органдарына бейнекамера желісін кеңейту жөнінде ұсыныс айтылды. Камерамен келісуге не оны алдауға болмайтынын бәрі біледі. Осылайша, автоматты камера орнату көлік жүргізу мәдениетін арттыруға ықпал етеді, ал жол қозғалысына қатысушылар желікпе жүргізушілерден қорғалады. Сондықтан цифрлы бақылауды әрі қарай дамытудан біз жазалау емес, профилактикалық және тежеу әсерін күтеміз»,– деді Сәкен Сәрсенов.
Жолда жүру ережесін (ЖЖЕ) бақылау үшін астанада 2017 жылдың жазында алғаш ретін «Сергек» отандық бейнебақылау кешені іске қосылды. Бақылау камералары жол қозғалысын «ақылмен» қадағалап қоймай, бағдаршамның қызыл жарығында өтіп кеткен, тоқтау сызығын басып тоқтаған немесе тыйым салынған жолақ үстінде маневр жасаған ереже бұзушылардың ешқайсысын қалт жібермей, жіпке тізіп отырды. Жаңа қондырғы сол жылдың өзінде-ақ бюджетке миллиард теңгеден астам кіріс әкелді.
«Сергек» бейнебақылау кешені теория бойынша ЖЖЕ-нің классикалық бұзушылықтарын ғана емес, сонымен қатар температура бағамын, уыттылық деңгейін, тіпті адамның түрін де ажыратуға қабілетті. Оның камералары 2018 жылдың жазында Алматыда орнатылды, сосын еліміздің басқа ірі қалаларының көшелерінде де біртіндеп көріне бастады. «Сергектің» қырағы бақылауынан сескенген жүргізушілер енді жол үстінде ойқастауды азайтты, ЖЖЕ бұзу біршама кеміді. Бірақ адамнан айла асқан ба?
2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері елордада дерекқордан «Сергек» камералары түсірген айыппұлдарды өшірумен айналысатын қылмыстық схеманы әшкере етті. Мұндай айла-шарғымен Оперативтік басқару орталығының (ОБО) бірнеше қызметкері айналысқаны анықталды. Олардың ішіндегі ісі сотқа жеткен тек бір қызметкердің өзі жүйеден жалпы сомасы 3 млн теңгеден асатын 268 айыпты өшіріп тастаған. Күдікке одан басқа тағы 4-5 қызметкер іліккен болатын, ал бұлардың қанша айыптарды өшіріп үлгергенін тап басып ешкім айта алмайды.
Көрпеге қарап көсілу керек-ау
Қазақстандықтар жолда жүру ережесін бұзуға байланысты төленетін айып ақшаның көлемі өте үлкен екенін айтып жиі шағымданады. Бас прокуратураның Статистикалық комитетінің есебі бойынша, біздің жолдарда ең көп кездесетін ереже бұзушылық – жылдамдықты шамадан тыс арттыру (жалпы жол-көлік оқиғасының 27,3 пайызы), көлікті басып озу (3,5 пайыз), жол белгілерін елемеу (4,2 пайыз) және мас күйде рөльге отыру (2,1 пайыз).
Freedom Finance Insurance компаниясы сарапшыларының дерегіне сүйенсек, біздегі айыппұл мөлшері орташа алғанда 8-29 мың теңге аралығында түрленеді. Ал жол ережесі қайталанып бұзылып жатса, айып көлемі айтарлықтай ұлғая береді. Жылдамдықты шекті мөлшерден асырғаны үшін – 14 585 теңгеден 58 340 теңгеге дейін. Бір жыл ішінде жылдамдықты тағы арттырса – 87 510 теңге. Ішімдікке мас болып көлік жүргізгені үшін – 15 тәулік әкімшілік қамауға алу немесе 7 жылға жүргізушілік куәлігінен айыру. Бұл әрекет тағы қайталанса, кінәлі адам 20 күнге қамалып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Көлікті басып озу – 43 755 теңге. Ереже бұзу қайталанса – 87 510 теңге.
Салыстыру үшін айта кетсек, Қазақстан мен Ресейдің айыппұл белгілеу принциптерінде айырмашылық бар: Ресей Федерациясының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде нақты ережеге байланысты оның сомасы рубльмен нақты көрсетіледі (немесе айыппұлдың диапазоны шеңберінде), ал Қазақстанда ол айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемімен белгіленген. Бұл айыппұл сомасын автоматтық режимде реттеуге мүмкіндік береді. Жыл сайын АЕК ұлғайған сайын айыппұлдың да көлемі көбейе түседі. Мәселен, 2021 жылы АЕК 10 пайызға өсіп, 2 917 теңгені құрады. Ал 2022 жылдан бастап ол 5 пайызға өсіп, 3 063 теңгені құрады. Егер Қазақстан мен Ресейдің айыппұл мөлшерлерін салыстыратын болсақ, бізде кейбір позициялар бойынша тіпті 15 есеге дейін көп екенін көреміз. Жалпы, посткеңестік мемлекеттердің ішінде біздің республикадағы әкімшілік айыппұл басқаларға қарағанда анағұрлым жоғары, бірақ ол өркениетті мемлекеттерге қарағанда төмен. Ол түсінікті де, Еуропа мен АҚШ-тың немесе Жапонияның азаматтарының жылдық кірісі мен қазақстандық тұрғынның табысы мен жағдайын мүлдем салыстыруға келмейді.
Израильде мүгедектерге арналған орынға көлік қойғаны үшін тағылатын айып үлкен – 1 032 шекель ($258). Бұл аз сома емес, бірақ ол елдегі ең төменгі жалақы көлемінен әлденеше есе төмен – 4 992 шекель ($1 248). Бір қызығы, бұл Қазақстанда дәл осындай айып үшін төленетін сомадан теңгеге шаққанда 20 000 теңгеге төмен!
Өзге жұрттардың жағдайы – осы
АҚШ-та жылдамдықты асырғаны үшін 1 000-2 500 доллар көлемінде айып төлейді (431 047-1 077 617 теңге). Айыптың көлемі автокөлік иесі ЖЖЕ бұзған штаттың заңына байланысты болады. Ішімдік ішіп, рөльге отырғандар үшін әр штаттың өзіне ғана арналған дербес заңдары бар. Оның ең қаталы Иллинойс штатында – мәңгі бақи жүргізушілік куәлігінен айыру, 3 жыл түрмеге тоғыту және 25 000 доллар айып төлейді (10 776 175 теңге).
Финляндияда жылдамдықты асырғаны үшін нақты айыппұл белгіленбейді, ол ереже бұзушының жылдық табысына қарай алынады. Мәселен, сіздің табысыңыз 11 млн доллар (4 741 517 000 теңге) болса, 200 мың долларға (86 209 400 теңге) шығындануыңызға тура келеді. Егер көлікті мас күйінде жүргізсеңіз – 4 500 еуро (2 269 824 теңге) немесе 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.
Ұлыбританияда жылдамдықты шектен тыс асырғандар 100-1000 фунт (58 743-587 431 теңге) ақшасынан қағылады. Даланың жайдақ жолымен 275 шақырым/сағ жылдамдықпен жүрген британдыққа билік 5 780 фунт стерлинг (3 395 355 теңге) айып салған кез де болған. Ішімдік ішкен немесе есірткі қабылдаған автокөлік иелері 3 000 фунт (1 762 295 теңге) айып төлейді.
Украинада аса үлкен жылдамдықпен жүретіндерге 340-3 400 гривен (5 401-54 017 теңге), ал көлікке мас күйінде отырғандарға 17 000 гривен (270 087 теңге) айып салынады немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айырады. Ресейде қатты жылдамдықпен жүргені үшін – 3 мың рубль (17 160 теңге). Бұл ереже бұзушылық қайталанса, 10 мың рубль (57 200 теңге) айып төлейсіз немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айырады. Ішімдік ішіп ұсталған жүргізушілер 30 мың рубль (171 600 теңге) айып арқалайды.
СӨЗ СОҢЫ. Бүгінде қазақстандық әлеуметті толғандыратын өзекті мәселенің бірі – халықтың өмір сүру деңгейі мен әкімшілік айыппұлдар көлемінің сәйкес келмеуі. Автосүйер қауым Жолда жүру ережесі елеусіз бұзылса да, шамадан тыс көп ақша төлейміз деп шағымданады. Олар айыппұлға жылдар бойы төлеген ақшаларымыз қайда кетіп жатыр, ол қандай мақсатқа жұмсалды, оның көзге көрінетін нәтижесі қандай, тағы да басқа мәселелер бойынша құзырлы органдар нақты тергеу-тексеру жүргізе ме екен деп алаңдаулы.