Жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үш өңірде – Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы мен Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының шенеуніктері ұсталғанын хабарлаған еді. Үш бірдей өңірден ұсталған шенеуніктерге қандай айып тағылып отыр?
«Даудың басы...»
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары ашып айтпаса да, Шығыс Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Владимир Гайламазянның қамауға алынуына субсидия мәселесінің әсер еткенін осы салада жүрген адамдардың көпшілігі біліп отырғаны анық. Дау неден шықты? Былтыр желтоқсан айының басында мал шаруашылығымен шұғылданатын бір топ кәсіпкерлер Өскемендегі облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына келіп, өздеріне тиесілі 4 жарым миллиард теңге көлеміндегі субсидияға қол жеткізе алмай жүргеніне шағымданды. Шағымданып қана қоймай, «ол фермерлердің мүддесін жеткілікті деңгейде қорғай алмай отыр» деп басқарма басшысы Владимир Гайламазянның жұмыстан кетуін де талап еткен еді. «Біз ойдан ештеңе шығарып отырған жоқпыз. Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасы» бар. Сол қағиданың 4-тарауының (субсидияларды төлеу тәртібі) 17-тармағында «Резервке (күту парағына) келіп түскен өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу жергілікті атқарушы органның (көрсетілетін қызметті берушінің) субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар көлемдері көрсетілген қаулысы негізінде келесі қаржы жылында қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде өтінімдердің келіп түскен күніне және уақытына сәйкес кезектілік бойынша жүзеге асырылады» деп жазылған. Сондықтан біз осы қағидаға сәйкес, субсидияны келесі жылы қосымша бөлінген қаражат есебінен ғана бере аламыз» деп түсіндірген болатын фермерлерге сол жиында В.Гайламазян. «Келесі жылы» деген сөзге қанағаттанбаған шаруалар мәселені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің алдына қойып, көмек сұраған еді. Аймақ басшысына хат жазғандардың бірі – Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС директоры, қазақтың ақ бас тұқымының республикалық палатасы кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Қуаныш Сүлейменов. «Мен өз хатымда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының Үкіметтен мал шаруашылығына бөлінген субсидияны беруден бас тартқанын, мәселені шешуге ешқандай ынта білдірмей отырғанын жаздым. Субсидияға өтінім берген 2 200 фермердің артында қаншама адам тұрғанын айтып, басқарма басшысының жұмысына көңілімнің толмайтынын жеткіздім», – дейді ол.Шенеуніктер шиеленісі
Субсидия мәселесі талқыланған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев та қатысып, 4,5 миллиард теңге субсидия жыл соңына дейін түсетінін, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасарымен сөйлескенін, бұл мәселені шешу үшін барын салып жатқанын айтып: «Әр мәселенің шешімі бар. «Заңды бұзуға болмайды» деп қол қусырып, қарап отыруға да болмайды. Бір шешімге келейік. Сіздер мұны жасай алмадыңыздар. Алайда мен бүгін шешім қабылдап, субсидия бөлу жөніндегі құжатқа қол қойдым» деп бір жағынан басқарма жұмысын сынға алып, екінші жағынан өзінің фермерлер жағында екенін байқатқандай болған еді. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасарының бұл айтқанына: «Субсидияны беру, бермеу жөніндегі шешімді облыс әкімінің өзі ғана қабылдай алады. Бағдарлама әкімшісі мен болғандықтан, Нұрбаев емес, ертең мен жауап беретін боламын. Егер қаржы игерілмесе, олар жауапты болмайды. Мені жұмыстан алады, әкімге де сұрау болады» деп өз уәжін айтқан еді сол кезде В.Гайламазян. Осы тұста Ержан Нұрбаев пен Владимир Гайламазянға қатысты бір жайтты айта кетелік. 2021 жылдың желтоқсан айының басында (фермерлердің жиынына дейін) орыс тіліндегі республикалық ақпараттық сайттардың бірінде бұрынғы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының облыс әкіміне Ержан Нұрбаев туралы қызметтік хат жазғаны жайында материал жарық көрді. «Ол облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік еткенде Қазақстанға шетелден әкелінетін сүтті сиырларға берілетін субсидия көлемін ұлғайтуға көп күш салды. Бұлай істейтін жөні де бар. Себебі оның ұлы облыстағы ең ірі шаруа қожалықтарының бірі «Рулиха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады» делінген Даниал Ахметов атына жазған хатта. Ескерте кетейік, Ержан Нұрбаев В.Гайламазянның алдында басқарманы басқарған болатын. Содан не керек, былтырғы жылдың соңында заңға сүйеніп, субсидия беруден бас тартқан Гайламазянның айтқаны болмай, «субсидия бөлу жөнінде өзім шешім қабылдадым» деген Нұрбаевтың айтқаны болып, фермерлерге 4,6 миллиард теңге субсидия берілген-ді. «Бұрынғы басшымыз В.Гайламазян басқарманың субсидия беру жөніндегі шешімін фермерлер дұрыс қабылдамағандықтан, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне, облыстық прокуратураға, Қаржы министрлігіне хат жазды. Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жиынында министрге осы жағдайды түсіндірді. Содан кейін министрлік Бас прокуратураға хат жазды. Сол хаттың негізінде былтыр өтінім берген 2 124 фермерге (1 334 шаруашылық) Үкімет резервінен 4,6 миллиард теңге субсидия төленді. 872 миллион теңге әлі төленген жоқ. Биыл төленуі керек. Бюджеттік өтінімді Ауыл шаруашылығы министрлігіне бердік» деп түсіндірді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Ертай Қуанбаев. Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Р.Смағұловтың хатын да көрсетті. Бөлім басшысының сөзіне сенсек, 2021 жылы Шығыс Қазақстанның мал шаруашылығына 8,8 миллиард, ал биыл 8,9 миллиард теңге субсидия бөлініпті. «Жыл соңына дейін кемінде тағы 7,8 миллиард теңге қажет. Облыстың негізгі мал шаруашылығына деген қажеттілігі – 15 миллиард теңге», – дейді ол.Ақмолада – 115 мың, Шығыста – 15 мың теңге...
Облыс фермерлерін толғандырып жүрген тағы бір мәселе – субсидияның әділетсіз бөлінуі. Қазақтың ақ бас сиырын өсірумен шұғылданатын Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС директоры Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, 2017 жылдан бері Шығыс Қазақстанда асылтұқымды аналық сиырдың бір басына жылына 15 мың теңгеден субсидия беріліп келеді. «Ал Ақмола облысында 115 мың теңге беріледі. Біздің облыста 4 жыл бойы осылай болып келе жатыр. Заңда «әр облыстың басшысы сол салаға қаражатты өзі бөле алады» деп жазылған. Негізі, мұны облыс әкіміне облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы айтуы керек. Олар айтпаған соң өзім облыс әкіміне де, Ауыл шаруашылығы министріне де айттым. Бірақ жауап болмады», – дейді кәсіпкер.Шығыс Қазақстан облысы