Туризмі ауылшаруашылық бөліміне қарайды
Осынау демалыс орындары дамығанда өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын туризмнен түскен табыс-ақ жақсартып тастауы керек еді. Бір кездері өңір басшылары осы жоспарға сеніп, бюджеттен қыруар қаржы бөлдіріп, осынау тау шаңғы базасын салған. Ендеше неге бұл жердің әлі күнге дейін көсегесі көгермей келеді? Жалпы, Төлебиде осындай тау шаңғысы бар екенін жұрт біле ме? Жарнамасы қалай? Насихаты бар ма? Өкінішке қарай, салынғанына 20 жылға жуықтаған базаның барын білмейтіндер неге көп? Шынында да, шаңғы базасының насихаты жоқтың қасы. Іздей қалсаңыз, қажетті ақпаратты таппайсыз. Жұрт мұндағы қызмет түрі мен ақысын таныс-тамырлар арқылы ғана сұрастырып біледі. Алайда Төлеби ауданы – әлі күнге дейін облыстық бюджетке мойын созып отырған дотациялы аймақ. Тау шаңғысынан бөлек, жазғы демалыс аймақтары, киелі орындары молынан саналатын ауданда туризмді қалай дамытса да жарасады. Өкініштісі, бір туризмнен ғана мол қаржы табуға мүмкіндігі мол ауданда тіпті арнайы бөлім де жоқ. Бір кездері спорт бөлімінде қосақталып жүретін туризм бүгінде кәсіпкерлік салаға еніп, ауыл шаруашылығы бөліміне жүктеліпті. Ал бөлімдегі осы салаға жауапты маман Омар Жаңқалов тау шаңғы базасы туралы ешнәрсе айта алмайтынын, барлық мәлімет облыста екенін айтып, ат-тонын ала қашты. Жыл сайын аймаққа қанша турист келіп жатқанын да, одан мемлекетке түсіп жатқан табысты да білмейтінін жеткізді. Аталған мәліметтерді Кірістер және облыстық туризм басқармасынан, статистикадан алуымызды бағыттады. «Шаңғы базасы 2015 жылы «Тау самалына» облыс есебінен жалға берілген. Иесі солар. Нақтысын облыстан сұрау керек» деген жауаптан ары аса алмады. Осы жауаптан кейін-ақ, ауданның туризмге бас ауыртпайтынын, өз территориясында орналасқан нысандарға аса көңіл бөлінбейтіні білініп тұр. Оны тау шаңғы базасына барар жолдың қардан тазаланбайтынынан, жалпы сырттан келушілерге қызмет көрсету сапасының төмендігінен білуге болады. Біздің ойымызша, жергілікті билік демалыс аймақтарының барлығы жекенің меншігінде, келушілерге өздері жағдай жасасын дейтін сияқты. Тіпті, тау шаңғысы туралы, қызмет түрінің ақпараты да жоқ. Әкімдік сайтына арнайы бөлім ашып, келушілерге қызмет түрлерін ұсынып отырса да, жарасар еді. Алайда әкімнің ең басты міндеті инвестиция тарту екенін ескерсек, дәл мынадай көзқараспен туризм дамиды дегенге сену қиын.«Алатау» тау шаңғы базасы 65 миллионға сатылған
Қош, сонымен Тау шаңғы базасының бүгінгі иесі кәсіпкер, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлива екенін білдік. Оспанәлиеваны көпшілік жол құрылысын жүргізуші «Береке-А» корпорациясы арқылы жақсы таниды. Кәсіпкер шаңғы базасының жанынан «Тау самалы» демалыс аймағын салған. 2009 жылы сол аумақты дамыту үшін аудан әкімі Оспанәлиеваға 30 сотық жер берген екен. Жанындағы қалған аумақтарды біртіндеп жеке кәсіпкерлерден сатып алыпты. «Өзіміз құрылыс компаниясы болған соң техникамыз, мамандарымыз да бар. Барлығын өзіміз салдық. Шаңғы базасында қалған өзі жалғыз бугель еді ғой. Облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып отырғанда бугелдің 3-4 жылдан бері әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында екенін, алайда жыл сайын қарызбен шығатынын, қанша әрекет жасаса да, ешқандай жұмыс істете алмай отырғанын айтты. Сөйтіп, маған сатып алуға ұсыныс жасады. Осылайша аукцион арқылы бугель мен ақ үйді 65 миллион теңгеге сатып алдым. Алайда кейін олардың электр энергиясы, жұмысшылардың жалақысы сияқты жалпы 12 миллион теңге қарызы бар екен. Барлығынан құтылып, жұмысқа кірістік», – дейді Рәшкүл Жәлелқызы. Айта кетейік, Оспанәлиеваның жолдасы Әлішер Толыбаев та жұбайымен бірге кәсіпкерлікті бірге атқарып жүрген жан болған. Осыдан 4 жыл бұрын марқұм болып кетті. Депутат жолдасымен бірге Швециядан 5 жылдан кейін жарамсыз есебінде алынып тастайтын аспалы орындықты сатып әкелгенін айтады. Кабелдерін орнату үшін жердің геологиясын анықтайтын елімізде маман табылмағаны өкінішті дейді кәсіпкер. Ресейден маман алдырып оны құрастырыпты. 2010 жылдан бері бірнеше коттедж салып, осы уақытқа дейін дизель отынымен, электр энергиясымен жылытылып жүрген коттедждер былтырдан бері табиғи газға ауысқан. Оған да 60 миллион теңге жұмсалыпты. Жалпы, орталықтан шалғай жатқан аймаққа бірқатар инфрақұрылым жұмыстарын кәсіпкердің өзі істегенін, осындай жұмыстар үшін Даму қолдау қоры арқылы 250 млн несие алғанын да атап өтті. Өкінішке қарай, 2-3 жыл бойы денсаулығы сыр беріп жүрген жұбайы 2018 жылы өмірден озған соң, «Тау самалы» демалыс аймағына жасаймыз деп жоспарлаған талай жұмысының тоқтап қалғанын жасырмады. «Емдеу-сауықтыру орталығын құрамыз» деп салған 7 қабатты ғимараттың да құрылысы салынған күйі тоқтап қалды. Кейде ол жерді спорт кешеніне айналдырсам ба деген ой да келеді. Әзірге шаңғы базасының жұмысын жүргізуді бір жігіттерге жүктеп қойдым», – дейді демалыс орнының иесі. [caption id="attachment_184088" align="alignleft" width="1200"] Назгүл НАЗАРБЕК (фото)[/caption] Кәсіпкер салықты жергілікті бюджетке төлейтінін, алайда маусымдық жұмыс болған соң мардымды табыс болмайтынын айтады. Жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелген мекеме салықты 6 айда бір рет төлейді. Алайда 30 шақты адамды жұмыспен қамтып отырған соң маусымдық жұмысқа қарамастан оларға төленетін жалақы, аумақты күтіп-баптап ұстап отыру жұмыстарына кететін шығынды есептегенде түсетін табыстың аздығына орай салық та аз құйылады. Онсызда қысы қысқа өңірде биыл қар тіптен болған жоқ. Соңғы аптада ғана жерге қар түсіп, шаңғы базасына ағылушылар легі көбейіп тұр. Жасанды қардың өзі біздің өңірдің ауа райына сәйкес келмей жатқан. Әзірге келушілерге аспалы жолға мініп, табиғатты биіктен тамашалау және шаңғы тебу қызмет түрі ғана көрсетіледі. Шанамен сырғанауға мұнда мүмкіндік жоқ. Қызмет көрсету сапасы да жақсы жолға қойылмаған. Тазаланбаған жолдан өте алмаған талай көлік кері қайтуға мәжбүр. Соған қарамастан қарды сағынып қалған жұрт көлігін бірнеше метр жолға қалдырып, жаяулатып шығып жатыр. Ал жергілікті билікке екі қойыңыз бір сом. Территориясында не болып жатқанынан хабары да жоқ...Тағы бір шаңғы базасы салынбақ
Облыстық Туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 9 айында Төлеби ауданына 31 886 турист келіп, оларға жасалған қызметтен 593 млн теңге табыс түскен. Бұл туралы басқарма қызметкері Нұрдәулет Медеуов атап өтті. Одан бөлек, Төлеби ауданында республикалық маңызы бар жобалардың бірі болып саналатын «Қасқасу» туристік-рекреациялық жобасының инженерлік-инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Әлемдік деңгейде қызмет көрсететін жаңа тау-шаңғы базасын іске асыру бойынша әлеуетті инвесторлармен тиісті жұмыстар жүргізілуде», – дейді басқарма қызметкері. Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында 2021 жылға инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 2,9 млрд теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталған. Жалпы, инженерлiк-коммуникациялық жүйелер үшін республикалық қазынадан 2011 жылдан бері қаржы беріліп келеді. Күніне 4 000-ға жуық адам келетін, 2 000-ға жуық шаңғышы бір мезетте шаңғы тебетін демалыс, әрі саяхат кешені алыс-жақын шетелдіктерді де қызықтырады деп жоспарлап отыр билік өкілдері. Әрине, мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп жатқан соң, алып құрылыс та басталар. Бірақ соңы ертегіге айналып, «Алатау» шаңғы базасы сияқты соңы сиырқұйымшықтанып, күтіп ұстап отыру қиын деген желеумен жекеге сатылып, талан-тараж болып кетпесе игі деп отырмыз. Себебі кезінде осынау шаңғы базасы салынар кезде де осындай ірі-ірі жобалар, жоспарлар жоғары жаққа кеткен болатын...Шымкент қаласы