От шарпыған орамал
От шарпыған орамал
«Отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған төрт лагерь болған. Оның бірі – «АЛЖИР», екіншісі – «Тепляков», үшіншісі – «Жангижер», төртіншісі – «Темников» лагері. Төртеуі төрт жақта болған. Бірі – Төменгі Новгород қаласынан 40 шақырым жерде, екіншісі – Біш­кектен 100 шақырым жерде орналасқан. Ал «Темников» лагері Ре­сейдің Тотьма маңында болған. Ал «АЛЖИР» – «КАРЛАГ»-тың Ақмола бөлімшесі. Тікенек сыммен қоршалған, төрт бұ­ры­шына күзет мұнарасы орнатылған бұл жерде «Отанын сатқандардың» әйелдері қамалды. 2003 жылы Мәскеудің халық­ара­лық «Мемориал қоғамы «Узницы «Ал­жира» атты кітап шығарады. Онда 5 380 әйел-тұтқынның тізімі берілген. Олардың арасында Алаш зиялыларының да әйел­дерінің есімі бар. Кешегі «тұтқын» әйелдердің қасіреті қалған лагерьде мұражай қызметкерлері­нің айтуынша, бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел қамауда болған. Олардың басым бөлі­гі – орыстар, одан бөлек еврей, украин және қазақ әйелдері. Сонымен бірге не­міс, француз, жапон, норвег, поляк, ар­мян, грузин, латыш және басқа ұлттардың қыз-келіншектері тозақ отын кешкен. Кей деректерде «Алжир»-де 600-ге жуық әйел қайтыс болған деседі. 600 әйел отбасына, бала-шағасына жете алмаған. Қайғы қа­мытын жамылып, «халық жауының» әйелі ретінде өмірден өте барды. Не деген қасірет, десеңізші...

Әзиза, Гүлжамал, Гүлбахрам, Дәмеш

Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса, Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дә­меш, Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зұф­нұн және тағы басқа әйгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің әйелдері «Алжир» тұт­қыны болды. Тарихшы Тілеу Көлбаев жазықсыз айып­талған аналардың саны, өкінішке қа­рай толық емес екенін, Ақмола түрме­сінде сотталған әйелдердің қылмыстық істерінің басым көпшілігі бір парақтан ғана тұратынын жазған. Яғни, толық ақпарат жоқ. Мәселен, «Байғанатова Та­тий, 1932 жылы ҚК-нің 166-72 бағыт­та­рымен сот­талған. Жасы 45-те. Партияда жоқ. Кедей. Колхозда жұмыс істейді. Бай­ғанатев Мақ­сұтпен бірге ат ұрлаған» делінген. Одан кейін Татийдің ары қарайғы тағдыры не болды? Белгісіз. Мұндай «бидай ұрлаған», «ат ұрлаған», «тары ұрлаған» қаншама әйел жазықсыз сотталып кетті, десеңші. «Алжир»-де қанша әйел тозақтан шық­ты, қанша әйел азап тартты, қанша әйел қайғыны көтере алмай қайтыс болып кетті. Тағы нақты дерек жоқ. «АЛЖИР»  де, «КАРЛАГ» лагері де 1953 жылға дейін жұмыс істеген. 1953 жылға дейін мұнда қаншама адам азап шекті деген сөз. Біз бүгін азап көрген, қуғынға ұшыраған қазақ әйелде­рінің бірқатары туралы сөз етпекпіз. Зағипа Тінәлина – қазақтың алғашқы журналистерінің бірі Абат Әлібаевтың жұбайы. 30-жылдарда орта арнаулы білім алған, көзі ашық, көкірегі ояу бойжет­кен­нің арманы да асқақ еді. Жарасымды өмір кешіп жатқан жас отбасына 1937 жылы қай­ғы бұлты оралады. «Қазақстан» баспа­сы ди­ректорының орынбасары болып еңбек етіп жүрген Абатты ұстап алып ке­теді де, 1938 жылы ату жазасына кеседі. Өл­келік партия комитетінде жауапты қыз­мет атқа­рып жүрген Зағипаға да «ха­лық жауының әйелі» деген қара таңба ба­сылған еді. Ақыры, 1938 жылдың 10 сә­уі­рінде халық жауларының әйелдерімен бірге «АЛЖИР»-ге кете барды. Анамыз «Алжир» – өз жерімнің, өз аспанымның астында. Оған жеткенше Че­лябі, Новосібір түрмелері қатты қина­ды» деген екен. Бұл туралы ақын Ақұштап Бақтыгереева Зағипа Тінәлина туралы ес­телігінде жазады. Зағипа анамыз түрме­ден 1941 жылғы 10 сәуірде босаған. Тек 1956 жылы ғана ақталған. Ал Әзиза Рысқұлованы Мәскеудегі үйінде қамауға алып, Бутырка түр­месіне түскен. Бұл кезде Әзиза анамыздың аяғы ауыр болған. Әзизаның анасы Әли­саны да қамауға алған. Екеуі 1938 жылы «АЛЖИР»-де кездеседі. «Түрме қызы» атан­ған кіш­кен­тай Рида әжесімен түрмеде табыс­қан. Әжесі лагерьден шығуға бес-алты күн қалғанда қайтыс болады. Әзиза анамыз «АЛЖИР»-де сегіз жыл отырған. Түрмеде оты­рып, мал­дәрігерлік жұмысқа баруға арыз жазады. Сөйтіп, 2 мың ірі қара мен 500 саулықты санап алып, қасына мал бағатын қазақ әйелдерін жинаған. Қазақ­тың Бейімбетінің жары Гүлжамал апамыз, Сұлтанбек Қожа­нов­тың әйелі Гүлжиян, Мәриям Есенгел­ди­на мен Зағипа Тінәлина мал бағуға шығады.

Бір бұзау үшін атып тастаған...

Мәриям Есенгелдина өз естеліктерінде «қайсыбір күзетшілердің шамадан тыс қатігез болғанын» жазады. Сол қатігездік­тен құлағы ауырлау еститін Кира Нұрма­ған­бетова өз барағынан шығып, аулаға бет алғанында атып тастаған. Ол күзетшінің ескертуін естімей қалады. Күзетші екі сөзге келместен атып тастапты. Бұл 1939 жыл болатын. Бірде күннің қара суығында бір бұзау өліп қалып, сол үшін лагерь бас­тықтарының бірі үш әйелді атып тастаған. Тіпті, «енді бір бұзау өлетін болса, алта­уыңды атып тастаймын» деп қорқытады. Атып, қорлап, қаншама қиындық көрсетсе де, күзетшілер жазасыз қала берген. Қиындық көрген «халық жауы» әйе­лінің бірі – Гүлбарам Қожахметова. Ол – 1921-1922 жылдары Семей қалалық атқару комитетінің төрағасы, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, 1936 жылдан Ақтөбе облыс­тық сотының төрағасы қызметін атқарған Жұмағат Қожахметовтың әйелі. Күйеуін 1937 жылы 19 тамызда ұстап әкеткен. Ал Гүлбарам ана «халық жауының» әйелі ре­тін­де «АЛЖИР»-ге 8 жылға бас бостан­ды­ғынан айырылған. Ұзақбай Құлым­бе­товтің жары Әйіш анамызды да «Отанын сатқан опасыздың жары» ретінде «АЛЖИР»-ге жазасын өтеуге жібереді. Ол «АЛЖИР»-де сегіз жыл отырды. Күйеуі Ұзақбай Құлым­бетов 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы 19 нар­коммен бірге жазықсыз атылып кетті. Құ­лым­бетовті 1958 жылы ақтаған. Оған дейін ұрпақтары «халық жауының» балалары ретінде елден жырақ жүрді. Әйіш анамыздың қызы ҚР Еңбек сіңірген қай­раткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева: «Шешем Әйіш Құлымбетова «КАРЛАГ»-та он жыл қой баққан. Жүр­геновтің жары Дәмеш апаның өзі «КАРЛАГ»-та мейірбике бо­лыпты. Әйелдер ауыр жұмыстан бір уа­қыт тынығып алсын деп кезегімен бюл­летень жазып береді екен. Сонда әйел­дер­дің ішінде біздің ше­шеміз Әйіш: «Ұзекең­дер де атылып кетті ғой. Менің жаным олардан ардақты емес» деп бірде-бір бюллетень алмапты. Сол мықты төзімнің, шыдамдылығының арқа­сында шығар, 10 жыл отырғаннан кейін 1947 жылы аман-сау ортамызға оралды» деп жазады. Азап лагерінде қасірет тартқан тағы бір ғұмыр – актриса Жанбике Шанина. Кү­йеуі Жұмат Шанин 1937 жылы «халық жауы» деп айыпталып, тұтқындалады. 1938 жылы 26 ақпан күні ешқандай тергеусіз, сотсыз атылып кетеді. 1938 жылы Жанби­кені де қамауға алады. Әкесінен өлідей, анасынан тірідей айырылған ұлдары Рауп­бек 1939 жылы ауыр қайғыдан қайтыс бола­ды. Ол қазақтың алғашқы скрип­ка­шыларының бірі еді. Жанбике Шанинаны 8 жылға соттап, «АЛЖИР»-ге әкеледі. Ла­герьдегі жағдай тіптен ауыр еді. Барактарда орын жетпейді. Лагерь аумағында үлкен қамысты көл болған. Тұтқындар сол қа­мысты шауып, қыста отын, жазда үй сала­тын құрылыс материалдарына пайдаланды. Сондай ауыр жұмыстардың басы-қасында аналарымыз жүрді. Қыстың шыңылтыр аязы, барактың суығы, мардымсыз тамақ, аштық – кез келгеніне де оңай тиген жоқ. Ол жазасын өтеп, 1946 жылы бостандыққа шығады. Әбден жүдеген, бір кездері гүл жайнаған Жанбикенің түрі адам таны­мастай өзгерген еді. Қайғы-қасірет тұмша­лаған, ауыр еңбек пен ұзақ жылғы азапты өмірдің салдарынан өкпе ауруына шал­дығып, 1950 жылы өмірден өтеді. Жанбике ананың зираты Қарағанды қаласында, ол тіпті жан жары Жұмат Шашиннің ақтал­ғанын да көре алмады.

Аналардың азап лагері

Қуғын-сүргін көрген аналардың бірі – Әсма Шоманова. Күйеуі Рахымжан Шо­ма­нов аудармашы болған. Армиял Тасым­бековтің «Жан дауысы. Алжир архипелагы» атты кітабында Әсма апамыздың естелігі беріледі. «Үйдің іші азан-қазан, улап-шу­лап кетті. 3 жастағы қызым Роза бақырып жылады. Әпкем Ғайша Розаны жалынып-жалбарынып алып қалды. Егер балалар үйіне алып кеткенде Розадан айырылып қалғандай екенмін. Содан өзің жазып жүрген апайларың нені көрсе, соны көріп, «КАРЛАГ»-тың дәм-тұзы тартты ма, 8 жыл өмірімді сол жерде өткіздім. Ал содан кейінгі өмірімді жақсы деп айта алмаймын. 1957 жылы ақталдым. Денсаулығым на­шар. Бәрі сол «КАРЛАГ»-тың әсері ғой, ба­лам. Бас ауырады, балтыр сыздайды де­мекші, «КАРЛАГ», 1937-1938 жылдар оқи­ғасы түн ұйқымды төрт бөліп оятады. Сол отырып келген апаларыңның көпшілігін білемін. Көпшілігі қайтыс болды. Аз қал­дық. Бұрын 1937 жылдың әңгімесін айту­д­ан жасқанушы едік. Құдайға шүкір, заман түзелді. Қазақ халқы өзінің жоғалтқан асылдарын жоқтай бастады. Менің күйеуім Рахымжан аудармашы екенін айттым ба, ол да ақталды. Дегенмен өліп қалған соң, ақ екен, таза екен дегенге жы­ным келеді. Расында, Рахымжан ешкімнің ала жібін аттамаған жан еді», – дейді. Сол бір қасіретті жылдар туралы ана­ларымыздың естеліктерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Олар сол бір азапты жылдары түрмеде аналардың көбі қайғы-қасіреттен, азаптан жынданып өлгендерін айтады. Тіпті, шаштары тез ағарып кететін. Араларында өз-өздеріне қол салғандары да болыпты. Далада, қақаған аязда қатып өлген аналар да кездескен. 5 830 әйел. Азап көрді. Қайғы шекті. Қасірет тартты. Құлады. Жылады. Қайта тұрды. Бар өмірлері күреспен өтті. Өздері қиналып ғана қоймай, күйеулерінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеп, ақтап алды. Бұл қазақ әйелдерінің «отқа салса жан­байтын, суға салса батпайтын» қайсарлығы еді. Азап тартса да, мойыған жоқ. Сынып кетпеді. Қуғын-сүргін көрген, азап тартқан, атылған әрбір аналардың алдында қарызы­мыз шексіз! Әрі олардың осындай жан аямас ерліктерін ұрпаққа айтып отыру – баршамыз үшін парыз. «Қазақ әйелінің басты ерлігі не еді?» деген сауалға келсек, ол – 1931-1933 жыл­дардағы алапат ашаршылықтан, 37-дегі репрессиядан, 40-жылдардағы соғыстан демографиялық апатқа ұшыраған ұлты­мыз­ды жоқ болып кетуден сақтаған жан­кештілігі дер едік.