11 ақпан күні аш құрсақ күйде қалған төрт кішкентай бала Павлодар облыстық ауруханаға түскен. Балалардың жасы – 7, 5, 4, 3. Көпбалалы отбасы Екібастұзда тұрады. Әлеуеті төмен көпбалалы отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге барған жергілікті еріктілер балалардың бірнеше күн бойы тамақ ішпей, бұратылып жатқанын көріп, ауруханаға апарып, үкіметтен мәселенің мән-жайын қарастыруды талап еткен.
Дәрігерлердің мәліметінше, маугли атанған балалардың ең кенжесі үште. Анасының айтуынша, ол екі жасынан бастап жүрмей қалған. Оның үстіне, балалардың бұлшықеті әлсіз, осыдан сүйегі қақсап, ауырады. Салдарынан аяғы қисайып, жүруден қалған. Арасында 7 жасар бала ғана сөйлейді, қалғандарының тілі шықпаған.
– Төрт бала да тұқым қуалайтын рахит тәрізді ауруға шалдыққан секілді. Іштің ісіп кетуі де содан. Әлі ешқандай болжам айта алмаймыз. Себебі әзірге балаларды диагностикадан өткізіп жатырмыз. Тексеруден кейін консилиум өтеді. Содан кейін ем-дом жүргізіледі. Негізі балалардың біреуінен ковид шыққан, өзгелердің нәтижесі теріс болғанымен белгілері табылған. Сондықтан балалар, алдымен, коронавирустан емделеді. Айыққан соң, негізгі дертін анықтап, күресеміз, – дейді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.