Полицей боранда 100-ден астам көлікке жаяу жүріп жол көрсетті
Полицей боранда 100-ден астам көлікке жаяу жүріп жол көрсетті
266
оқылды
Қар құрсауына тап болған ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктерінің жүргізушілері қозғалысты жалғастыра алмаған соң  кептеліс пайда болды, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Еске сала кетейік, өңірде бірнеше күн бойы дауылды ескерту жарияланып, республикалық тас жолдарда барлық көлік түрлері үшін жабылды. Алайда ескертуді елеместен жолға шыққан бірқатар жүргізушілер  жолда қалып қойды. Оларға тәртіп сақшылары мен құтқарушылар келіп жетті. Омбы қаласының тұрғыны Данияр Сағындықовтың айтуынша, 15 ақпанда Павлодар – Нұр-Сұлтан тасжолында Төрт-Құдық кентінің маңында жүз шақты ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктер колоннасы жиналып қалған.
-  Алай-дүлей боран соғып, айналада түк көрінбей кетті. Дәл алдымызда не болып жатқаны көрінбеді. Бір сәтте барлығы тұрып қалды, себебі алға жылжу мүмкін емес еді, – деді Данияр Сағындықов.
Табиғаттың тосын мінезіне тап болған жүргізушілерге көмекке павлодарлық полицейлер Қуандық Рахметов пен Біржан Нажимов келді. Олар жүргізушілерді тыныштандырып, бес көлікті қар құрсауынан қазып алып шығуға көмектесті, трос пайдаланып, көліктерді шығарды.
– Содан кейін біреуі бүкіл колоннаның алдында жүрді, ал екіншісі жарықты қосты. Олар көру аймағы пайда болғанға дейін осылай жүрді. Полиция қызметкерлері қар құрсауына тап болған жүргізушілерге көмектесіп, жолды көрсетті, – дейді көлік иесі Вячеслав Васильевич.