Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босатты
Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босатты
230
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшім­баевтың төрағалығымен өткен палата отырысында де­пу­таттар Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсыны­мын қарады. Сонымен қатар оты­рыс барысында екі заң қара­лып, қабылданды. Жоғарғы Сот судьясын қыз­мет­тен босату  туралы  мәселені қара­ған сенаторлар тиісті қаулыны қа­былдап, Жаңылсын Архарованы Жо­ғарғы Сот судьясы қызметінен бо­сатты. Одан соң қаралған екі заң­ның алғашқысы ЕАЭО-ның ор­тақ электр энергетикалық нары­ғын­да электр энергетикасы сала­сын­дағы табиғи монополиялар субъек­тілерінің қызметін реттеу мен бақылау тәртібін регламент­тей­ді. Мұндай нормалар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа (Еу­разиялық экономикалық одақ­тың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңда жа­зылған. «Қабылдаған заң Еуразиялық экономикалық одақта ортақ электр энергетикалық нарық қалыптас­тыру­ды және ұйымға мүше мемле­кет­тер арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуді көздейді. Сон­дай-ақ бұл құжат экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ын­тымақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Алдағы уақытта мұның бәрі Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше елдердің энер­гети­ка­лық қауіпсіздігін арттыруға септі­гін тигізеді деп сенеміз», – деді заң бойынша пікір білдірген Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар сенаторлар «Қа­зақстан Респуб­ликасы мен Ре­сей Федерациясы арасындағы әс­кери ынтымақтастық туралы шарт­ты ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл келісімге 1994 жылы қабылданған алдыңғы шарт­тың нормаларын жандандыру үшін 2020 жылы қол қойылды. Себебі ал­дыңғы шарттың ережелері бүгін­гі талаптармен салыстырғанда ес­кір­ген немесе қазірдің өзінде іске асырыл­ған. Шарт әскери өзара іс-қимылды ны­ғайтуға, өңірлік қауіпсіздіктің сын-қатерлері мен қауіптеріне қар­сы әрекет етуге, тиісті мәселе­лер бойынша штабтық келіссөздер мен консультациялар өткізуге ар­нал­ған. Құжат жедел және жауын­гер­лік даярлық бағытындағы ын­ты­мақтастықты, атап айтқанда бір­лескен оқу-жаттығулар өткізуді де қамтиды. Сондай-ақ отырыста сена­тор­лар өздерінің депутаттық сауал­да­рын жолдады.