Қазақстанның болашағы жарқын болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына сұхбатында осылай деп сенімді түрде мәлімдеді. Қазақстан көшбасшысы 2022 жылғы «қаңтар оқиғаларын» қалай атау керегіне, бүлікшілердің нені көксегеніне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік тілге, елдік пен тәуелсіздікке, елдің болашағына, алдағы кең ауқымды саяси реформалар топтамасына, президенттік сайлауға және басқа да мәселелерге қатысты ой-көзқарастарын ортаға салды.
Осының алдында Президент халықаралық аудиторияға арнап, орыс тілінде сұхбаттасқанда, біраз азамат қызғаныш, көңілтолмастық білдірді: «Неге алдымен қазақша сұхбат бермеді? Бұл бөле-жару қазақ тілін кемсіту емес пе?» деген сұрақ қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, «бұл ешқандай да кемсітушілік немесе менсінбеушілік емес». Бұл Ресей, Орталық Азия, Еуропа және басқа да елдерде тарап жатқан жалған ақпаратқа тоқтау салу үшін керек болды. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды.
– Ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек! Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Негізі, «қасіретті қаңтар» оқиғаларына әркім әртүрлі баға береді, ортақ тоқтам жоқ. Сонда бұл оқиғаларды біз қалай сипаттауымыз керек? Бұл төңкеріс пе, әлде билікке қарсы бейбіт шеру ме? Қалай атаймыз?
– Біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ дәл осындай қарақшылардың қатыгез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе. Ашығын айту керек, жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар сүйікті қаласын өз қолымен қиратпас еді. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, билікті құлату, – деді ел Президенті.
Оның айтуынша, төңкерісшілер елімізде қолға алынған реформаларға кедергі келтіруге тырысты. Тіпті, Президентке де қарсы болды. Өзгерістер олардың мүдделеріне тиімсіз еді. Өйткені реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, елдің экономикалық дамуын жеделдету. Халық та осыны талап етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы бағытымыздың өзгермейтінін, реформалар міндетті түрде жалғасатынын нықтады.
Сұхбат барысында ұсталған адамның арқасына үтік басып, терісін күйдіру секілді азаптау тәсілдері туралы ашық сұрақ қойылды, бұл мәселе қоғамның үлкен бөлігін алаңдатады. Себебі әлеуметтік желіде айтылғандай, қазақстандықтарда «құқық қорғау органдарының қолына өзіміз түсіп қалсақ, осы жағдайға тап болмаймыз ба?» деген үрей бар.
– Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Омбудсмен Э.Әзімова, құқық қорғаушылар А.Омарова, Ж.Тұрмағамбетова, А.Құспан және басқа заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқықбұзушылық дерегіне шара қабылданады. Кінәлі адамдар жаза тартады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды, – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен бірге лаңкестерге, радикалды және қылмыстық топтар өкілдеріне аяушылық көрсетудің қаупі бар екен.
– Кейбір адам жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар бола қалды. Бұған кім сенеді? Лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһарманы, батырлар деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сене берсек, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл – қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз! Бұл мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шетелдік, әсіресе ресейлік саясаткерлер, саясаттанушылар «Қазақстан өзін қорғап қалған Кремльге қарыз болып қалды» деген пікір айтты. Соған қарап өкінген кейбір отандық саясаттанушы: «ҰҚШҰ әскерін шақыру еліміздің дербестігін, егемендігін Ресейге телу емес пе? Соларды шақырмаса болмайтын ба еді?» дейді. Болмаған көрінеді, себебі Ақорданы басып алу қаупі болған. Жалпы, Президент осы шешіміне өкінбей ме?
– Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше, дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада жүрді. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар тіпті Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды. Кейбір беделді сарапшылар «лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған» дейді. Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол «Путинге қарыз боп қалдық» дегенді «бос әңгіме» деп бағалады.
– Оны доғару керек. Біріншіден, ҰҚШҰ ұйымының контингенті В.Путиннің не Ресейдің жеке әскері емес! Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының әскери бөлімдері бар. Қазақстан да осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Демек, бәрі заңды, қисынды. Ресей өзінің геосаяси мүддесін қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы оған өте қажет. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстансақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз! Қазақстан – егемен мемлекет. Саясатымыз да дербес, – деді ол.
ҰҚШҰ-ның 2 мыңнан астам әскері шығарылды. Бірақ «Ресейдің елді басып алу қаупі сейілді ме?» деген сұрақ қалды. «Мәскеу Қазақстанның солтүстік облыстарын тартып алады» деген пікір бар. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл Мәскеудің емес, жекелеген саясаткерлердің пікірі.
– Біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көрші. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени байланыстарды нығайта береміз. Екінші мәселе. Иә, кейбір ресейлік саясаткер «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деп жүр. Бірден кесіп айтайын: бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль бұл уәжді қолдамайды. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз!» деп айтқан. Алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің байланыстарына сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті, – деді Қазақстан лидері.
Сұхбатта Мемлекет басшысы 2024 жылға жоспарланған аудан әкімдерінің сайлауы беріге, келесі жылға жылжытылғанын жариялады.
Жұрт «ескі мамандармен Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?!» дейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы көп нәрсе білікті кадрларға байланысты екенін айта келе, «саяси тазалауға» бармайтынын, жаңа, жас мамандарға біртіндеп жол ашылатынын жеткізді. Өйткені мемлекеттік қызмет – сынақ алаңы емес. Мемқызметшілерге қойылатын талап енді өте жоғары болмақ. Шетелде жүрген білікті мамандарымыз да шақырылады.
Қазақстан Президенті қазақ журналистикасына қатысты мәселелерге де тоқталды. Себебі қазір ақпараттық соғыстағы жеңіс те маңызды. Қ.Тоқаев мерзімді баспасөзді үзбей қарайтынын, әсіресе «Айқын», «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерін міндетті түрде оқитынын мәлімдеді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы биылғы күзге жоспарлаған саяси реформалар пакетін ұзаққа созбай бері жылжытқанын, оны жақында жария ететінін аңдатты: «біраз өзгерістер болады».
–Бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазір жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отыр. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдады. Мен «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымды жарияладым. Осыған байланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырдым, – деді Қ.Тоқаев.
Ел Президенті шетелге заңсыз шығарылған қаражатты Отанға қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетінін, бұл мәселе бойынша Үкімет 2 айдан кейін өзіне нақты ұсыныстармен шығатынын хабарлады. Содан кейін жұмыс басталады, шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіледі. Бұл «өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты». Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы болжам бойынша 2024 жылғы 1 желтоқсанда өтуі мүмкін жаңа президенттік сайлауға түсетін-түспейтініне қатысты пікірін білдірді.
–Бұл мәселе Конституциямызда жазылған. Президентке екі мерзім берілген. Оны бұзуға болмайды. Наурыздағы Жолдауымда, мүмкін, осы маңызды мәселе жөнінде өз пікірімді айтармын. Ал қазір сайлауға барамын ба, бармаймын ба оны айта алмаймын, – деді ол.
«Қаралы қаңтар» оқиғалары халықты қорқытты, көпшілікке «Болашақта егемендігімізді сақтап қала аламыз ба?» деген ой келді.
–Біздің халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешуді», қилы заманды басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек! Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз. Ал егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол – қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсысымыз «Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?» деп ойлануға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.
Ол мемлекеттік тілдің өркені өсе беретініне сендірді. Ал латын графикасына көшу бастамасы жалғасын табуы мүмкін.
– Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Басқаша болмайды, себебі тарихымыздағы ең күрделі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағаларымыздың, халқымыздың арқасында аман қалды. Дегенмен тіл реформасын жасауымыз керек. Мәселе латын графикасына жедел түрде көшу емес. Бұл мәселеге байыппен қараған жөн. Сараптама жасалуға тиіс. Қисынсыз нәрсенің пайдасы жоқ. Әсіресе, тілге келгенде асығыстық танытуға болмайды. Себебі бұл өте нәзік дүние, – деп түйді Қ.Тоқаев.
Сұхбатты тамашалаған жұрт Қасым-Жомарт Тоқаевтың «келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу» ойы барын білді. Қаңтар оқиғаларына қатысты тың, қызықты деректер сонда көрініс беруі де мүмкін.