Полицей қолжаулық емес, қорғаушы болсын
Полицей қолжаулық емес, қорғаушы болсын
460
оқылды
Полицейлерді қорғау кү­шей­­тілмек. Әйтпесе, олардың өздері қорғансыз жағдайға жетті. Тәуелсіздік алғаннан бер­гі 30 жылда қызметін орын­­­дау барысында 802 по­ли­цей қаза тапты, тағы 2 650-і­ жара­қат алды, мүгедек бол­ды. Бұл сан 2022 жылғы «қа­сіретті қаңтар» оқиғалары сал­да­рынан күрт көбейді. Со­ны­мен бірге тәртіп сақшы­ларына тіл тигізу, бетіне тү­кіру, жаға­сынан алу үйреншікті көрініске айналды. Жағдай өз­гермесе, орган қызмет­кер­лері жаппай қыз­меттен кетуі, қоғамдық тәртіптің тоз-тозы шығуы, республика артта қалған елдер құр­дымына құлауы мүмкін.

Полиция беделі неге төмен?

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың дерегінше, қаңтардың басында елдің 11 өңірін жайлаған жаппай тәртіпсіздіктер, қылмыстық, ради­калды топтардың шабуылдары ба­рысында құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері және әскерилер арасынан 19 адам мерт болды, 3 мыңнан астамы түрлі дене жарақатын алды. «Олардың ішінде оқ тигендер, пышақталғандар және денесіне басқа да ауыр зақым келгендер бар. Бүгінде қаңтар оқиғаларында ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әс­кери қызметші ауруханаларда ем­­делуін жалғастырып жатыр. Олар­дың бір бөлігі осы уақытқа дейін жан­сақтау бөлімінде жатыр. Өкініш­ке қарай, бұл қызметкерлер ары қа­рай жұмыс істей алмайды, олар мү­гедек болып қалды», – деді С.Әділов. Қаңтар қақтығысынан кейін қоғам тарапынан күш құрылым­дарына қысым, оларды негізді-негізсіз айыптау күшейді. Адам те­мір емес, жүйкесі сыр берсе ке­рек, әлеуметтік желіде кейбір жер­де полиция қызметкерлерінің жұ­мыс­тан кетуге жаппай талаптан­ға­ны жазылды. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Кейбір заңнамалық ак­тілерге Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асы­ру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңының жобасы бойынша консультативтік құжатта құқық қор­ғау қызметкерлерін құрмет­темеу проблемасы ушығып кеткені айтылады. «Ішкі істер органдарының бе­дел-имиджі халық арасында жо­ғары деңгейде емес. Полиция қыз­мет­керлеріне құрмет пен сенім­нің болмауы, ал кейбір жағдайларда оларға қарсы агрессияның көрініс беруі олардың өз міндеттерін жү­зеге асыруында қиындықтар ту­ғызады. Қолданыстағы қылмыстық заңнама орган қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын толық көлем­де қамтамасыз етпейді. Осыған бай­ланысты полицейлердің құқық­тық қорғалуын арттырып, билік өкілдеріне шабуыл жасағаны және заңды талаптарға бағынбағаны үшін жауаптылықты қатаңдату қажет», – деген ұсыныс беріледі құжатта. Әрине, полиция беделінің тү­суіне олардың кейбір өкілдері де «сүбелі үлес» қосқаны жасырын емес. Пара алып, істі жаба салу, ша­ғымданып келген қарапайым адамдардың арыз-өтінішіне атүсті қарау, іс материалдарын тергеусіз-ақ архивке, номенклатураға өткізе салу, кінәсіз адамдарды айыпты ету, күдіктілерді тергеу үстінде өлтіріп тастау секілді кесір-кесапаттар құ­қық қорғау органдарының абы­ройын төгетіні сөзсіз. Ендеше по­лиция беделін көтеру – осы теріс құбылыстардан арылу, алдын алу және онымен қатаң күресумен қатар жүргені жөн болса керек.

Жаман сөз тасқыны тәртіп ұстынын шаяды

Сарапшылар жаңа заң аясында билік, яғни құқық қорғау өкіліне тіл тигізу, қорлау үшін жазаны кү­шейтуді ұсынуда. Өйткені кейінгі жылдары мұндай «кесел» қоғамда кең тарала бастаған. ІІМ қызмет­кер­лері, әсіресе учаскелік инспек­тор­лар тұрғындардың заңды талап­қа бағынбайтынына, сөзін тыңда­майтынына, әйелдер жағы қарғап-сілеп, бетке түкіріп, тепкілеп, ал ерлер жағы төбелесе кететініне ша­ғымданып жүр. Мысалы, өткен жылдың со­ңын­да Алматы әуежайында жұрт­қа тиісіп, мазасын алған масаң күйдегі 47 жастағы еркекті полицей ұстады. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның қызмет бабындағы тәртіп сақшысының талабына көнбек түгіл, былапыт сөздер ай­тып, күш көрсеткені, оны жұлқы­лай жөнелгені бейнеленген. Өткен-кеткен куәгерлер қызық көріп, оқиғаны бейнежазбаға түсіруде. АҚШ-та, Еуропада мұндай жағ­дайда полицейлерге күдіктіні атып тастауға да рұқсат етілген. Бақытымызға орай, қазақстандық заңнама сонша қатал емес. Деген­мен жаза да жұмсақтау: Қылмыстық кодекстің «Билік өкiлiн қорлау» деп аталатын 378-бабының 1-тар­мағы бойынша сөзбен қорлаушылар 80 АЕК (245 040 теңге) айыппұлмен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыс­тарына немесе 80 сағатқа дейінгі мер­зімге қоғамдық жұмыстарға тар­тылумен құтылып кетеді. Поли­цейге күш қолданғандар әдетте 3 000 АЕК айыппұлмен құтылады. Алматының тек бір мекемесі – Көліктегі полиция департаменті былтыр қызметтiк мiндеттерiн ат­қару үстінде полицейге бағынбау­мен, жұрт көзінше қорлап, тіл ти­гізумен және күш қолданумен бай­ланысты 30 шақты фактіні тіркеген. Кейбір қазақстандықтар «102» нөміріне еш себепсіз, тек орган қыз­меткерлері туралы не ойлайты­нын айтып, сынап-мінеу үшін қоңырау соғады. Бұл полицейлерге психологиялық жүктеме, қысым болса керек. Қылмыстық кодексте «Билік өкiлiнiң қызметтiк жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды» деп жазылған. Яғни, бұл үшін жазаланбайды. Бірақ біразы жай сынмен шектелмейтін көріне­ді. Мысалға, Көкшетауда тұратын әйел түнгі 02.30-да «102»-ге теле­фон соғып, Жедел басқару орта­лы­ғы­ның инспекторын ұзақ боқтаған. Кейін есін жиған соң бұған оны ішімдіктің қызуы итермелегенін айтып, ақталыпты. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 378-бабы­ның 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Бұл оқиға кейбір адамның сана-сезімінде «полицияға негізсіз тіл тигізе беруге де болады» деген зиянды ой тұнып жатқанын, ерігіп-зеріккенде, мас күйге енгенде сол ой тілден төгіле жөнелетінін көр­сетеді. «Полиция қызметкерлеріне тіл тигізу мемлекеттік билікті құрмет­темеу дегенді білдіреді, бұл қоғам­дағы тұрақтылық пен құқық тәртібі негіздерін күйретуі мүмкін. Ішкі істер органдары қызметкерлеріне нұқсан келтіретін барлық қылмыс­тың ішінде олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға ба­ғыт­талған қылмыстық әрекеттер ба­сым. Көптеген азамат полицияның заңды талаптарына бағынуды қажет деп санамайтын болды және күш көрсету арқылы полицейлерге белсенді қарсылық көрсетеді. Мұн­дай азаматтардың заңсыз әрекеттері билік органдарының жұмысын бұзады, билік өкілдерінің қоғам­дағы беделіне нұқсан келтіреді», – делінген заң жобасына консульта­циялық құжатта. Бұдан бөлек, құжатта құқық қорғау қызметкерлерінің дербес деректері жеткілікті қорғалмағаны атап көрсетілген: «Цифрлан­дыру­дың дамуы, ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін арттыру орган қызметкерлерінің дербес деректері мен жеке өмірінің құпиясына қол сұғу тәжірибесінің өрістеуіне соқ­тырды. 2020-2021 жылдары қыз­меткерлер мен олардың отбасы мүшелерінің дербес деректерін заңсыз иеленудің және оны қор­қыту, жала жабу мақсатында пай­даланудың фактілері анықталды». Демек, жаңа заңда бұған тосқауыл қоятын шаралар қарастырылуы тиіс.

Өзге елдердің нендей озығын алу керек?

«Әлемде құқық қорғау өкілдерін жақсы көретін елді табу қиын. Бұл жерде мәселе махаббатта емес, құр­мет көрсетуде. Мысалы, АҚШ-тың өзінде полицейлер қара нәсілді­лерді атып тастаған сайын мыңда­ған жұрт наразылық шарасына шығып, оның соңы мүлікті қирату мен өртеуге ұласып жатады. Кеңес Одағында тәртіп сақшыларының беделі «Степа ағай миллиционер» секілді көркем образдар арқылы көтерілді. Кеңес халқы да милли­ционерлерді ұнатпайтын. Бірақ құрмет болды. Тек 80-90-жылдары құқық қорғау органдары жете қар­жыландырылмай, коррупция тамыр жайып, органдардың беделі түсе бастады», – дейді Ішкі істер органдарының ардагері Владимир Симонов. Ол полицияның беделін көтеру үшін әлемдегі түрлі ел аса қатаң шараларға барғанын еске салды. Мысалы, АҚШ-та, Еуропада тәртіп сақшысына күш көрсет­кен­дер, зорлық-зомбылық жасағандар аяусыз жазаланады, біраз жылға түрмеге отырады. Дәл осы жолға Ресей түсті: мысалы, 2019 жылғы 27 шілдеде Мәскеудегі келісілмеген наразылық шеруінде полицейлер мен «Росгвардия» өкілдеріне қарай бұрышты газ сепкен И.Подкопаев 3 жылға, тәртіп сақшысының қо­лы­на жабысқан Д.Беглец 2 жылға, «Росгвария» қызметкерінің шлемін ұрған студент К.Жуков 3 жылға, ал полицейді итеріп жіберіп, оған плас­тик стақан лақтырған Е.Коваленко 3,5 жылға сотталып кетті. Шектен тыс қатаң жазалар құқықтанушылардың сынына ұшы­рады. Бұған жауап ретінде Президент В.Путин мұндай заңсыз әрекеттер үшін демократиялық ел саналатын Ұлыбританияда – 5 жылға, Швецияда, АҚШ-та 10 жыл­ға темір торға қамайтынын еске салды. «Америкада полисмен қажет деп тапса, еш ескертусіз атып тастай алады. Бұл тым шетін шара болса керек. Әйткенмен Қазақстан дамыған елдердің полиция имид­жін көтеру тәжірибесінің озық тұс­тарын қабылдағаны абзал. Мысалы, оларда әр полицей өзіне сеніп тапсырылған аудан тұрғын­да­рының сенімі мен оң көзқара­сына қол жеткізу үшін барын са­лады. Айталық, «болашақпен дос­тасу» деген тәсілі бар. Егер полис­мен балалардың жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткелі тұр­ғанын көрсе, біздегідей ай­ғай­лап, қумайды, керісінше жолдағы көлік ағынын дереу тосқауылдап, өтіп кетуіне көмектеседі. Кешке жалғыз жүрген баланы көрсе, әке-шешесіне айыппұл салмайды, алдымен көлігіне отырғызып, үйіне жеткізіп салады, отбасындағы ахуал­ды анықтайды. Мектеп оқу­шыларымен де жиі кездесу өткізеді. Осылайша, полицейлерді құрмет­тейтін ұрпақ өсіп шығады», – дейді В.Симонов. Ал бізде ата-аналар «тентек бол­ма, әйтпесе полиция алып ке­теді» деп қорқытады. Бірақ Қазақ­стан да полицияның сервистік моделіне көшіп жатыр. Бұған дейін қазақстандық поли­цейлердің жалақысы тым төмен болды. Оның көтерілуі де бұл мамандық беделінің жоғарылауына үлес қосуы тиіс. 2022 жылы учас­келік полицейлердің жалақысы 30%-ға, олардың көмекшісінің айлығы 7%-ға көтеріліпті. «Президент тапсырмасымен 2019 жылдан бері қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру­деміз. 2023 жылы қызметкерлердің жалақысы 50-90% аралығында кө­бейеді. Нәтижесінде, сержанттың жалақысы 81 мыңнан 101 мыңға, лейтенанттікі 130 мыңнан 174 мың теңгеге дейін өседі», – дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Оның мәліметінше, полиция қызметінің басты өлшемі азамат­тардың қауіпсіздік деңгейінің және халық сенімінің артуы болмақ: «Осы мақсатта тәуелсіз институттар әлеуметтік зерттеулер жүргізіп тұрады. 2021 жылдың І жартысының қорытындысында қазақстандық­тардың 38,7%-ы полицияға толық сенетіні, 38,1%-ы ішінара ғана се­не­тіні анықталды», – дейді ІІМ басшысы. 

P.S.

Биылғы 11 ақпанда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Пре­зи­дент Қ.Тоқаев Үкіметке «Поли­цей­­лердің құқықтық қор­ғалуын арттыруды, билік өкілдеріне шабуыл жасау және заңды талаптарына бағынбау үшін жауапкершілікті күшейтуді» тапсырды. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Парламент те тұрақтылық пен тәр­тіпті нығайту үшін бұл заңды ұзат­пай, қабылдауға әзір отыр.