Ресей ашық шабуылға көше ме?
Ресей ашық шабуылға көше ме?
© коллаж: Әсел Балтақызы
263
оқылды
Былтыр қараша айының басында Ресей Украинаға шекаралас аймақтарға өзінің түрлі қарулы күшін шоғырландыра бастағаны белгілі болды. Батыс елдерінің барлау қызметтері оны ғарыштан түсірілген фотосуреттермен дәлелдеді. Осы кезден бастап Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Өз кезегінде Кремль мұны өз территориямыздағы жаттығу деп мәлімдеді. Сонымен, Мәскеу мұндай қадамға неге барды: бұл кезекті саяси сауданың амалы ма, әлде жаңа соғыстың бастамасы ма? Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбаста соғыс өртін тұтатқалы бері Украинаға тыныш­тық берген емес. Бұл елдің бұрынғы, қазіргі президенттері соғысты тоқ­татуға талай уәде берді. Дегенмен жыл сайын жанжал жаңа деңгейге шығады. Киев те қарап отырған жоқ. Алыс-жақын елдерден Bayraktar сияқты қару-жарақ алып, күш-қуатын арттырды. Бірақ Украи­на­ның НАТО-ға мүшелікке ұмтылысы Кремльдің ұйқысын төрт бөлген се­кілді. Себебі аталған жоспар жү­зе­ге асса, онда ұйымның келісім­шар­тына сай, АҚШ өз әскерін Украина жеріне жайғастыра алады. Геосаяси процесс дәл осы ба­ғыт­та өрбіп бара жатқаны Ресей президенті В.Путинге ұнамағаны анық. Ол Украинаның НАТО-ға мүше болуына кедергі жасау үшін қандай да бір шараларды қабылдауға тырысты. АҚШ президенті Дж.Бай­денмен онлайн кездесу де же­місті болмағанға ұқсайды. Еуропа елдерінің басшыларымен болған диалог та нәтиже бермеді. Осыдан кейін Ресей басшысы нақты шешім қабылдаған секілді. Аталған кездесулер неге нәтиже бермеді? Мәселе – Ресейдің ұсыны­сында. Ал Ресей не ұсынды? НАТО шығыс бағытқа қарай кеңею проце­сін тоқтатуы тиіс, КСРО құрамында болған мемлекеттер НАТО құра­мы­на мүше болмауы қажет (Украина, Грузия), тараптар Ресей мен АҚШ-қа шабуыл жасау үшін басқа ел­дердің территориясын пайдалан­бауы қажет, АҚШ КСРО құрамында болған елдердің аумағында әскери база салмауы керек, басқа елдердің территориясында қару-жарақ, әс­керді жайғастырудан бас тарту саясатын ұстану қажет. Сырттай қарасаңыз, бұл есесі кетіп бара жатқан мемлекеттің ұсы­нысы. Бұл ұсыныс арқылы Ресей НАТО-ның кеңейіп, ірі ұйымға айналғанын, енді оның құрамына бұған дейін Кремль ықпалында болған тәуелсіз мемлекеттердің «натолық ел» атануынан қорқа­ты­нын, сол үшін аталған процесті тоқ­тату үшін қолынан келгенді жа­сауға даяр екенін көруге болады. Яғни, Ресей шарасыз қалды. Сол үшін дипломатиялық келіссөздер арқылы өз дегеніне жеткісі келеді. Бірақ өзге елдердің қандай да бір ұйымға мүше болатынын шешуге, ықпал етуге Ресейдің ешбір құқығы жоқ екенін мойындағысы да, тү­сінгісі де келмейді. Тек өзінің гео­саяси мүдделерін алға тартады. Себебі КСРО құрамында болған Эстония, Латвия, Литва 2004 жылы НАТО-ға жаңа мүше атанғанда Мәскеудің қолынан түк келмеді. Осы жағдайдың қайталануынан сескеніп отырғандай. Ресей дипломатия арқылы мақ­сатына жете алмайтынына көзі жет­кен соң Украинамен шекарала­сатын облыстарына әскерін жет­кізуді жалғастыра берді. Әлеуметтік желілерде теміржол арқылы әскери техниканы тасымалдап жатқан видеолар тез тарап кетті. 17 ақпан күні Ресей шекара бойына тағы 7 мың сарбазды жеткізгені мәлім болды. Алайда ресейлік медиа «әс­кери жаттығу жұмыстарын аяқтап, кері қайтты» деп жаза бастады. Украина, Батыс елдері оған сенбеді. Себебі барлау деректері басқа. Жалпы, НАТО мүшелері біраз жылдардан бері Киевке ауыр әске­ри техникамен қаруландырып ке­леді. Тек биыл қаңтар айында АҚШ Украинаға салмағы 170 тонна бо­латын 2,7 млрд доллардың қаруын берді. Ал жалпы Уашингтон Қырым аннексиясынан, яғни 2014 жылдан бері бірнеше рет қару жеткізді. Бұ­дан басқа Балтық елдері де көмек көрсетті: Эстония танкке қарсы «Джавелин» зымыран кешенін, Лат­вия мен Литва «Стингер» зе­нит­тік-зымыран кешенін аттан­дыр­ды. Қос қару да АҚШ-та өндіріледі. Америка мен Британия ақпан айын­да Киевке «Джавелин», NLAW (2 мың дана) зымырандарын тағы жіберді. Жалпы, жалғыз Уашингтон 1 300 тонна қару беріпті. Польша да көмек көрсетуден сырт қалмады. Бұл ел GROM зениттік-зымыран кешенін жеткізді. Түркия да өз ар­миясының ең үлкен мақтанышта­рының бірі Bayraktar TB2 дронымен де бөлісті. Украина оның 20 дана­сын сатып алды. Сондай-ақ Bayraktar өндірісінің лицензиясын да иеленді. Сөйтіп, былтыр күзде бұл дронның күшімен ел шығысындағы сепаратистердің біраз қаруын жой­ды. Бұдан бөлек, Франция, Чехия, Канада қаруын берді. Сондай-ақ Канада 117 млн доллар несие беруге келісті. Мұндай орасан көмекке қарап, НАТО елдері Украинаны Ресейден қалай қорғап қалғысы келгенін кө­руге болады? Әрине, олар да украин халқына жаны ашып, еме­шегі езіліп отырмаған болар. НАТО-ның бір­ден-бір мақсаты – Ресейдің ықпа­лын шектеп, басын ноқталау. Өйт­кені қалай десек те, Украина Еуро­пада жайғасқан мемлекет. Ал егер Ресей бұл елге әскерін кіргізіп, же­рінің жартысын жаулайтын болса, онда Батыс елдеріне біртабан жақындай түседі деген сөз. Ал өз кезегінде бұл Батыс және Шығыс Еуропаның қауіпсіздігіне тікелей қатер. Осы себепті жаудың бетін алыстан қайтару үшін Украинаға қаруын жеткізіп жатқан шығар. Яғни, бүгінде Украина Еуропа үшін тосқауыл, буферлік аймақ рөлін атқарып тұр. Болуы мүмкін соғыстың алдын алу үшін Еуропа елдерінің басшы­лары Ресей президенті В.Путин және Украина президенті В.Зе­ленскиймен кездесті. Алдымен Ұлы­бри­тания премьер-министрі Б.Джон­сон келсе, кейін Франция президенті Э.Макрон ат басын бұрды. Ал жақында ғана Германия­ның жаңа канцлері Олаф Шольц кездесуге келді. Алайда бұл кезде­су­лер өз жемісін берді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ қос тарап та әлі өз ұстанымынан қайтқан жоқ. Келіссөздер арқылы мақсатына жете алмаған Ресей ашық шабуылға шыға ма? Өзінің тұрақты әскерін Украина территориясына кіргізе ме? Бұл сұрақ бүгінде біраз ел басшыларын, украин халқын маза­лайтыны белгілі. Оның жауабын табу қиын емес шығар. Себебі Ре­сей шекара бойына әскер шоғыр­лан­дыруды саяси саудадағы ықпал ету тетігі ретінде қолданып отыр деген ой жиі айтылып жүр. Расында, Ресей басшылығы бұған дейін де шекара аймағына сарбаздарын сан рет аттандырды. Алайда ашық окку­пацияға көшкен жоқ. Сондық­тан бұл жолы да В.Путин өз армия­сын көршісі мен Еуропаны үркіту үшін қолданып отыр деген пікір қалыптасты. Жалпы, даудың басы Украина НАТО-ға мүше бола ма деген мәсе­леден шығып отыр. Бұған дейін ұйым­ның жарғысына сәйкес, кан­дидат елде территориялық жанжал болса, ол мемлекет әскери блокқа мүше бола алмайды деген ұғым қа­лыптасқан. Себебі жарғыда мұндай тарау бар. Алайда практикада НАТО мұндай мәселеге көз жұма қарай­тыны мәлім. Себебі барлық мүше ел­дердің шекарасы толық шеген­дел­меген. Дегенмен Украина Қы­рым­нан айырылып, Донбасс үшін соғысып жатқанда Батыс Еуропа бұл елді әскери блокқа қабылдай қоюы екіталай шығар. Өйткені Украинаның НАТО-ға мүшелігі Қы­рым, Донбасс мәселесі ертең 30 елге ортақ дауға айналады деген сөз. Ал еуропалықтар сау басына сақина тілеп алғысы келмесі анық.