Елімізде өңделмеген тері көлемі тым көп. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп аяққа таптап, қоқысқа тастап жатыр. Сөйте тұра кәсіпорындардың жүктемесі тым аз. Фермерлер болса, сыртқа сатылатын терінің әр тоннасына 200 еуро төлеп, шикізатты шетелге аттандырады. Бізден арзан бағада алған Қырғыз Республикасы мен Қытай өңделмеген теріні тауарға айналдырып, құнын қымбаттатып, өзімізге сатып жатыр. Сонда ұтқан кім, ұтылған кім?
ҚЫЗЫҒЫН КӨРШІ ЕЛ КӨРЕДІ
Жеңіл өнеркәсіпте ең жиі қолданылатыны сиырдың терісі десек, бір сиырдан алынған тері шамамен 20 келіге дейін тартады. Сол бір сиырдың терісінен 20 жұп аяқкиім тігіп шығаруға болады. 20 жұп аяқкиімнің бағасы кемінде 15-20 мың теңгеден. Сонда бір сиырдың терісінен 300-400 мың теңгенің өнімін өндіре аласыз. Бір ірі қара малдың терісінен 7 жұп ерлер туфлиін, 5 жұп қысқа қонышты ерлер етігін, 3 жұп ұзын қонышты ерлер бәтеңкесін, 2 жұп ұзын қонышты ерлер етігін жасауға болады.
Бұрын бір мал сойса, иесі терісін сатып қана 10 мың теңге табатын, қазір 4-5 мың теңге көреді. Бұл ауылдағы тұрғынның тері қабылдау пунктіне барып-келу шығынын да ақтамайды. Сондықтан қоқыс қылып босқа тастап жатыр. Тіпті, оның көзін жою үшін шығындалатын болды. Игілігін шетелдіктер көріп отыр. Неге олай? Себебі 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары кәсіпорындарын қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салынды. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Бүгінде кәсіпорындардың жүктемесі қуаттылықтың үштен біріне де жетпейді. Олардың саны да азайды. Терінің көптігінен оның бағасы өзіндік құнның деңгейіне дейін төмендеп кетті. Өңірлердің көбінде тері жинау тоқтатылды. Себебі мұндай іспен айналысу тиімсіз болды. Шаруалардың айтуынша, қабылдау пункттері көбінесе жабық тұрады. Қабылдаған күннің өзінде келісі 40-50 теңгеден. Нарықтың сұранысы тым төмен болғандықтан, баға арзан. Жұмыс істеп тұрған тері зауыттары елдегі шикізаттың сапасы нашар деген уәж айтады. Сондықтан олар теріні сырттан импорттағанды құптайды. Бұл жергілікті өнімге деген сұранысты азайтып отыр.
Елімізде жыл сайын шикі терінің 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады. Осының бәрін кәдеге жаратқанда шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табар еді.
Қазақстандық терінің негізгі сатып алушылары Қытай, Үндістан, Италия, Түркия, Украина және Испания сияқты елдер. Мал шаруашылығында қайта өңдеу саласын әбден жолға қойып алған. Қазір әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3 мыңға жуық тері өндіріледі. Ал жылына 2 млрд АҚШ долларының тері бұйымдарын сыртқа экспорттайды. Яғни, миллиардтап табыс тауып отырған Түркия, Қытай, Қырғыз елдеріне болмашы тиын-тебенге тері сатып, шикізатпен қамтамасыз етіп, дайын өнімімен әлемдік нарыққа шығуына көмектесіп отырмыз. Қазақстан шикізатпен ғана шектеле ме?
САНАУЛЫ ЗАУЫТ ЖАБЫЛА МА?
Ішкі нарықта отандық былғарыны аз мөлшерде аяқкиім өнімдерін (негізінен әскери және арнайы аяқкиім үшін) және былғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өндірушілер сатып алады. Қалғаны экспортталатынын ескерсек, елімізден терінің шикізат қалпында арзан бағамен шетел асуына тағы бір себеп – өнімді өңдейтін қазақстандық кәсіпорындар санының аздығы. Бүгінде Қазақстанда былғары илеумен 1 орта кәсіпорын (Алматы былғары зауыты Almaty Tannery ЖШС) және 27 шағын бизнес кәсіпорны айналысады.
Былғары илеу және өңдеу кәсіпорны еліміздің 11 өңірінде орналасқан. Осы саладағы кәсіпорындардың көпшілігі Шымкент қаласында шоғырланған (7 кәсіпорын). Сондай-ақ өндірушілер Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да бар.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық иленген былғары мен ірі қара малдың терісінен жасалған былғары крастын сатудан түскен экспорттық түсім 2,4 млн долларды құраған. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 73,3 пайызға жоғары. Сондай-ақ ірі қара терісінен жасалған былғары өндірісінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 54 млн шаршы дециметрді құраған. 2020 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға артып отыр.
Өткен аптада тері өңдеу мәселесін Мәжілістің жалпы отырысында көтерген депутат Юрий Жулин «Өңделмеген теріге арналған экспорттық баж салығының күшін жойған дұрыс» деген еді. Бұл ұсыныс кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Олар экспортты баж салығы алынып тасталса, шикізат шетелге еркін сатылып, еліміздегі тері зауыттары табыссыз қалады деген ойда. Әрі бұл мемлекетке де пайда түсірмейді. Нәтижесінде, шетелдерге арзанға сатылған шикізат елімізге қымбат тауар ретінде қайта келеді. Олардың былғарыдан жасаған өнімдерін айналып келгенде аспандағы бағаға халық сатып алады. Кімнің қалтасы қағылады? «Тараз былғары зауыты» ЖШС директоры Олег Иванович фермерлер баж салығынан босатылса, еліміздегі санаулы зауыттар жабылып тынатынын айтады.
«Сұраныс төмен, нарықта арзан әрі сапасыз аяқкиім көп. Сондықтан біз барлық мүмкіндігімізді қолдана алмай отырмыз. Қазір былғары зауыты қағаз жүзінде бар, шындығында тоқтап тұр. Тек аяқкиім өндірісі жұмыс істейді. Бізге экспортқа бағдарланған емес, импортты алмастыру бағдарламалары қажет. Бізде қысқы аяқкиімді 17 мың теңгеге, ал жазғы аяқкиімді 12 мың теңгеге сатып алуға болады. Өзбекстан тері өндірісіне қатты көңіл бөледі. Кәсіпкерлерді 5 жыл салықтан босатқан. Ал бізде қолдау жоқ. Несиенің өзін жоғары пайызбен алғанбыз. Зауытты әрі қарай дамыту үшін қаржы қажет, бірақ қазір несиені төлеумен жүрміз. Мемлекеттен субсидиялар қарастырылса дейміз», – дейді «Тараз былғары зауыты» ЖШС директоры Олег Мускафиди.
ТЕК САПАЛЫСЫ ТАПШЫ
Өңделмеген тері қоқысқа тасталып жатса да, тері өңдейтін фабрикаларда тері тапшы. Себебі неде десек, тері қабылдаушылар мал шаруашылығымен айналысатындар үй жағдайында мал сойғанда қажетті сапалы теріні ала алмайтынын айтады. Содан терінің 80 пайызы жарамай қалады екен. Терілерге дұрыс күтім жасалмайды, мал сойылғаннан кейін тесіліп, кесіліп кеткендері жиі кездесіп жатады. Сондықтан нарықта сапалы тері тапшы. Қазақ көбіне малды терісі үшін бақпайды. Етін алады. Ал терісі қосалқы мақсаттарға арналған. Сонымен қатар өңделмеген теріні экспортқа немесе өңдеуге жеткізу үшін малдың сәйкестендіру нөмірі болуы керек. Басқаша айтқанда, сиыр мен жылқыны бірыңғай ветеринарлық базада тіркеу қажет. Бірақ ауылдарда сойылған малдың көпшілігінде мұндай нөмірлер жоқ немесе деректер дұрыс енгізілмеген, сондықтан теріні жинауға болмайды, сөйтіп машақаты көп болғандықтан, ауыл адамдары басын қатырғысы келмей, қоқысқа тастағанды жөн көреді.
Тағы бір себеп, әлі күнге тері сыпыратын қондырғының қолданылмай тұрғаны өндіріске қолбайлау. Қойдың терісін шаруалар көбіне пышақпен іреп алатындықтан терісі жарай бермейді. Өңделмеген терінің сапасы тез төмендейтінін ескерсек, оны ұзақ уақыт сақтай да алмайды. Қалаға барып өткізсе, ақысы жолақысынан артылмайды. Жақында тері қабылдайтын орталық ашамыз деген «Тараз былғары зауыты» директоры Олег Мускафиди тері өңдеу ісінде білікті маман мен білім беретін оқу орнын табу оңай емес деп, саладағы тағы бір түйткілді атап еді. Кеше тері илеп, былғарыдан тон тігіп, саптама етік киген қазақ бүгін былғарыны бағаламайтын халге жетіп отыр. Жалпы, тері мәселесі бүгін көтерілген проблема емес. Бір кездері былғары кәсіпорындарын қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салу күткендей болмады. Салдары саланың тоқырауына әкеліп соқтырды. Енді қордаланған мәселені шешуде, тері өндірісін аяққа тұрғызу – «Жаңа Қазақстанның» міндеті.