Елімізде құрылыс саласы қарқын алғаны жайлы жиі естиміз. Бірақ оның сапасы мен бағасы бөлек әңгіме болатын. Енді тағы бір мәселенің шеті шықты. Қаржысы көп саланы бірнеше компания ғана иемденіп, монополия орнатқан сыңайлы. Ал оның кесірі елде сапасы сын көтермейтін, бағасы тиімсіз тұрғын үй мен ғимараттарды көбейтуі мүмкін.
Осы айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі құрылыс компанияларын сынаған болатын. Коммерциялық нарықты да, мемлекеттік тапсырысты да уысында ұстап отырған, бір сөзбен айтқанда, монополист дәрежесіне жеткен санаулы компания бар екені жасырын емес. «Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиядан босатып, бәсекелі даму бойынша шаралар әзірлеуді тапсырамын», – деген еді Президент. Осылай деген Мемлекет басшысы монополист компаниялардың аты онсыз да елге белгілі екенін айтты. Осы тұста біз құрылыс саласын жаулап бара жатқан монополист компанияларға тоқталуды жөн көрдік.
Асып-тасқанның айғағы
Көп ұзаған жоқ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі таяуда «құрылыс нарығында жекелеген компаниялар монополия орнатқан» деп топшылады. Енді құрылысқа қатысты заңнамаларды өзгертуге тырыспақ. Саладағы ықпалдыларды айтқанда, алдыңғы қатарда BI Group пен «Базис-А» тәрізді алпауыттар тұратыны белгілі. Бұл компаниялар тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік тапсырыспен салынатын ірі нысандарды, тіпті жол салуда да басымдыққа ие. Елдегі екі үлкен қала – Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі аттап бассаңыз, көзге көрінген ғимарат құрылыстары осылардың еншісінде. Мысалы, өткенді айтпай-ақ қояйық, алдағы уақытта «Астана арнайы экономикалық аймағы» аумағында тұрғын үй және әкімшілік кешендер салу бойынша 135 жоба іске асырылмақ. Соның 65 тұрғын үй нысаны бір ғана BI Group холдингіне тапсырылған. 9-ы – «Базис-А», 7-уі – Nur Astana Kurylys, 6-уы G-Park-ке тиесілі. Салыстырмалы түрде қарасақ, BI Group-тың ықпалы қатты сезіледі. Бұл – бір төбе, осы аталған компаниялар жер учаскелерін конкурстан тыс алуды қоспағанда, мүліктік, жер салығын, кедендік баждарды төлеуден босатылған.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп қойған. Мұны алпауыттар құр жібермепті. Түркістан қаласында 566 миллиард теңгеге конкурс өткізбей, 149 нысанды салатындар алдын ала анықталып қойған. Оның 140 миллиард теңгесін біз айтқан екі компания – BI Group пен «Базис-А» еншілеп алыпты. Қалған қаржы белгісіз шартпен 250-ден астам құрылыс компаниясына бөлінген. Енді қараңыз, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тағы бір былықты әшкере қылғандай екен. Елге танымал, яғни бренд ретінде белгілі компаниялар өзінің атын бұлдап, жарнама жасауды үйренген. Мұнымен қоймай, өзіне бағынышты балама компанияларды ашады. Сол арқылы құрылыстағы үлесін арттырған. Жаңағы айтқан 250-ден астам құрылыс салушының ішінде осындай балама компаниялар болса, таңғалмаймыз.
2021 жылғы дерек бойынша, елорданың өзінде ресми тіркелген 55 құрылыс компаниясы бар екен. Бірақ көбінің аты бар да, заты жоқ секілді. Белсенді құрылыс жүргізіп жатқандарды аз байқайсыз. Ал BI Group пен «Базис-А»-ға келгенде жағдай басқа, қос компания алмаған асу жоқтай, әр құрылыстың маңдайына өз таңбасын басып жүр. Бұларды монополист болудың алғышартын жасамады деуге келмейді. Оны табысынан-ақ аңғарасыз. Айдын Рахымбаев басқаратын BI Group 2021 жылы 584 миллиард теңге тапқан. Барлық шығынды ысырып, таза пайдасын есептегенде, біржылдық кірісі 47 миллиард теңгеге дейін өскен. Құрылғанына 27 жылға жуық уақыт болған компания осы кезге дейін 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым, 2 мың шақырымнан астам автожол, 700 шақырым теміржол салғанын айтып мақтанады.
«Базис-А» да одан қалысар емес. Былтыр компанияның түсімі 340,4 миллиард теңгеге жеткен. Салық төлемдері 16,67 миллиард теңгені құрапты. Маңызды нысандардың құрылысын жыл сайын үдетіп отыр. Салмасын демейміз, салсын. Бірақ осы алпауыттың бірі соңғы кезде асып-тасып жүріп, «өзім білемге» салып жүргендей көрінеді. Құрылысына миллиардтаған қаржы бөлінген нысандарға бейжай қарайтынды шығарды.
«Өзім білемге» салу ма?
2020 жылы пандемия басталған тұста емханаларда орын тапшы болды. Сол жылдың сәуір айында Алматыда 18 күнде 280 орындық емхана салынып, «бөркімізді аспанға атқандай» болдық. Жалпы ауданы 5 850 шаршы метрлік аты дүркіреген құрылысты жүргізген BI Group болатын. Құрылыс үшін Алматы бюджетінен бақандай 5 млрд теңге жұмсалды. Алайда 2020 жылы күздің қара суығы келмей тұрып-ақ аурухана қабырғасы сыр берді. Қала басшылығы қараша айындағы алғашқы аязға жарамаған кешендегі барлық науқасты әурелеп, жеке құрам мен қымбат жабдықтарды өзге жерге тасып, әлек болғаны есте. Кейін Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы «нысан күрделі жөндеуді қажет етеді» деп ақталды. Салынғанына жарты жыл болмай жатып жөндеуді қажет ететін ол не нысан? Ал компания жауапкершілікті Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасына ысыра салды. «Госпиталь құрылысы Қазақстанның құрылыс нормаларына, Денсаулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес келеді. Оның ішінде өңірдің климаттық жағдайын толықтай ескердік. Медициналық мекемедегі температура барлық нормативтік көрсеткіштерге сай. Емдеу мекемесі 2020 жылдың көктемінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының балансына берілді. Сондықтан жауапкершілік те басқарма еншісінде», – деген еді компания.
Көп өтпей белсенді экономистер мен заңгерлер бірігіп, құрылысқа бөлінген 5 миллиард теңгенің 3,9 миллиарды ұрланғанын анықтады. Мемлекеттік аудит те шикілік барын растады. Бірақ құрылысқа қатысты еш іс қозғалған жоқ. Алматы әкімдігі де, BI Group та содан кейін бұл мәселені қозғамады. Ал BI Group-қа қатысты анықталған шикілік мұнымен бітпейді. Былтыр Түркістанда 39 миллион АҚШ долларына салынған футбол аренасы төңірегінде дау шықты. Бұл жолы да құрылысты BI Group жүргізген. Алаңның сапасы мен арена құрылысы сын көтермегені елге мәлім. Компания бұл жолы да ақша бөлген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын кінәлап, сытылды. Мәжіліс депутаттары құрылыста қаржы ұрланған болуы мүмкін екенін айтса да, мәселе жылы жабылды. Осыдан кейін компанияға қатысты қалай күмән келтірмеуге болады? Биыл «қаңтар оқиғасынан» кейін де компания үнсіз қалмағанын көрдік. Биліктегілер мен халыққа жақсы көрініп, өз ықпалын одан әрі арттыруды көздеді ме, әлде біз ойлағаннан басқа бір себебі бар ма, кім білсін? Әйтеуір, BI Group-тың иесі Айдын Рахымбаев жырға айналған LRT жобасының құрылысын компания қаражаты есебінен жүргізіп беруге, онда да тұрғызылған тұғырларды бұзып беруге ниетті екенін хабарлады. Демек, компания мемлекет үшін маңызды нысандардың құрылысын жүргізу арқылы ықпалын одан әрі арттырғысы келетін сияқты.
Баспана бағасына кесірі тиді ме?
Салада бәсекелес қалдырмай, бәрін ысырған компаниялар кейін баспана бағасын да өз қалағанындай белгілеуі мүмкін. Мәселен, таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «үйдің қымбаттауына құрылыс саласындағы монополия кінәлі» дегенге келтірді. Бастапқы тұрғын үй бағасының өсу серпіні 12 есе ұлғайған. Агенттіктің бұл көзқарасын құптамасқа да болмайды. Соңғы 10 жылда баспана құны үздіксіз өскені жасырын емес. Рас, басты фактор ретінде шетелден келетін құрылыс материалдарының қымбаттауы айтылады. Әйткенмен, бағаны өсіруге ықпалды компаниялар да мүдделі болуы мүмкін. Себебі экономикалық заңдылық бойынша, монополистер бағаны ойната алады. Экономист Бауыржан Ысқақов алпауыттар бағаға жанама жолмен ықпал ете алатынын айтады.
– Қандай да бір бәсекелестік нарықта өнім шығарып, қызмет көрсететін олигополиялық 2-3 кәсіпорын ғана болатын болса, ол бағаның ретсіз өсуіне алып келетін фактор саналады. Қазақстанның тұрғын үй құрылысы нарығында қаражаттың басым бөлігі тек ірі компаниялар арқылы өткендіктен, монополияның орнауы үйдің бағасына әсер етпей қоймайды. Дегенмен жалпы баспана бағасының өсуіне монополистерге ғана байланысты емес, тағы бір басты фактор – құрылыс материалдарының елде өндірілмеуі. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден келген құрылыс материалдары валюта бағамына байланысты арзанға түспей тұрғанын онсыз да білеміз. Бұл тұста ең әуелі мемлекет назар аудару қажет бір нәрсе бар. Бірінші орынға құрылыс материалдарының отандық өндірісін жолға қоюы тиіс. Екіншіден, ықпалдың бәрін қазіргідей 2-3 компанияның қолына беріп қоймай, бәсекеге қабілетті компаниялардың көбеюіне жағдай жасау керек. Сонда олар сапалы құрылыс пен тиімді баға ұсынуға тырысар еді, – дейді маман.
ТҮЙІН:
Президент тапсырмасынан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополиске айналып бара жатқан құрылыс компанияларының мәселесіне шындап кіріскенге ұқсайды. Әйткенмен, іс аяқсыз қалмаса дейміз. Сала түгел өз қолында тұрғанын аңғарған компаниялар уақыт өткен сайын сапа мен бағаның тиімділігіне жауап бермеуге көшері анық. Оның алғышартын көріп те жүрміз.