Аркадаг қызметінен кетпек

Аркадаг қызметінен кетпек

Наурызда Орталық Азияның тағы бір елінде пре­зидент сайлауы өтеді. Осы жолы кезек Түрікменстанға келді. 11 ақ­пан күні Түрікменстан президенті Ғұрбанғұлы Бер­ді­мұхамедов өзінің жоғары лауазымды қызметін қалдырып, жастарға жол беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, Түрік­мен­станның орталық сайлау комиссиясы 12 нау­рызда ке­зектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады.

Аркадаг неге асықты?

Сырт көзге Түрікменстан бас­шысы үшін асығыс шешім қа­был­дайтындай себеп жоқ сияқты кө­рінетіні рас. Өйткені елді 2006 жыл­дан бері басқарып келе жатқан Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов 2017 жылғы сайлауда 7 жылға сайланған. Конституцияға енгізілген өзге­ріс­терге сәйкес елде президент болу­дан үміткер ретінде сайлауға түсе­тін азаматтардың жоғары жасы 70 болуы тиіс әрі президент қызме­ті­нің мерзімі 7 жылға ұзартылған еді. Яғни, Ғ.Бердімұхамедовтің тағы бір рет сайлануына мүмкіндігі бол­ды. Өйткені ол биыл 65 жасқа то­лады. Саясаткерлер үшін бұл жас қарт­тықтың басы санала қой­май­ды. Одан бөлек, әлі 2 жыл ел тізгі­нін ұстауға құқықтық тұрғыда мүм­кін­дігі бар болатын. Алайда Ар­кадаг күтпеген шешім қабылдады. Әрине, Түрікменстан басшысы өзінің жоғары биліктен бас тартуға бекінгенін бұқараға өзгеше сипатта түсіндіргені рас. Түрікменстан парламенті жоғарғы палатасы –халық мәслихатында сөйлеген сөзінде Ғ.Бердімұхамедов екі жыл бұрын «пайғамбар жасына жет­ке­нін» айтқан еді. Ислам әлемі үшін 63 жас «пайғамбар жасы» саналады. Дегенмен біздің пайымдауымызша, Бердімұхамедов пайғамбарға құр­мет көрсеткен Қожа Ахмет Ясауи­дің жолына түскелі отырған жоқ, қылуетке кіріп алуды да мұрат тұт­пайтын сияқты. Керісінше, пар­­ламенттің жоғары палата­сының төрағасы қызметін өзінде қалды­ратын сыңайлы. «Халық мәслиха­тының төрағасы ретінде өзімнің өмірлік және саяси тә­жірибемді осы салаға бағыттағым келеді» де­ген Бердімұхамедов билік тран­зи­тіне өзі бас-көз бо­луды қалайтынын байқатты. Алай­да Аркадаг Түрік­менстан бас­шысы ретінде өз қо­лына шо­ғырланған өзге де лауа­зымдар жайлы тіс жарған жоқ. Негізі, Түрікменстанда билік­тің ауысатыны жайлы әңгімелер 2020 жылы айтыла бастаған-ды. Сол жылы елде конституциялық реформа өтіп, екі палаталы парла­мент пайда болған еді. Милли генеш деп аталатын парламенттің жоғарғы палатасы – халық мәс­лихаты, төменгісі мәжіліс болып атал­ған. Жаңа Конституция бо­йынша экс-президентке өмір бойы халық мәслихатына мүше болу кепілдігі қарастырылған болатын. Яғни, Бердімұхамедов президент­тіктен кетсе де, билік тармақт­ары­ның бірінде қалады деген сөз. Алай­да Аркадагтың не себепті аяқ астынан шешім қабылдағанын еш­кім білмейді. Әзірге тек болжамдар айтылып жатыр.

Әлиевтердің жолын таңдаған сыңайлы

Жалпы, посткеңестік елдердегі билік транзитінде бірізділік жоқ. Кейбір мемлекеттерде билік демо­кратиялық жолмен ауысса, енді бірінде тағайындауға ұқсап кеткені бар. Тіпті, мемлекет басқаруда әулет­тің рөлі артып келе жатқан ел­дер де бар. Кейде мұндай қадам­дар өзін ақтайтындай көрінетіні рас. Мәселен, өткен ғасырдың 90-жыл­дардың басында бір ғана Әзер­байжанның өзінде ел пре­зиденті болған немесе президент міндетін атқарған бірнеше тұлға шықты. Дәлірек айтқанда, 1991 жылдың 6 ақпанынан 1993 жылдың 24 маусымына дейін 4 президент немесе президенттің міндетін ат­қа­рушы болды. Тек билікке Гейдар Әлиев билікке келген соң ғана Ба­кудегі саяси күштерді ауыздық­тау, тұрақты ішкі және сыртқы саясат жүргізу мүмкін болған еді. Кейін Гейдардың орнына оның баласы Ильхам Әлиев президент болды. Ал Тәжікстанда Эмомали Рах­мон өз орнына үлкен ұлы Рустам Рахмонды даярлап жүргені айты­лады. Шамасы Аркадаг осы екі ел­дің үлгісіне жүгінгенді жөн көр­ген сияқты. Өйткені биліктен кет­кен соң немесе өмірден өткеннен кейін ел басқаруға келген өзге тұл­ға өзінен бұрынғылардың іс-әрекетіне ревизия жасауы мүмкін. Бердімұхамедовтің өзі де солай жасаған. Әрине, қатты кеткен жоқ, алайда Сапармұрат Ниязовтың құрметі кеміп, кейбір ескерткіштері тұғырынан алынғаны рас. «Рухна­ма» дейтін кітабы да оқытылмайтын болған. Біздің пайымдауымызша, Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов осын­дай жағдайдан қауіптенетін сы­ңайлы. Содан да болар, «жастарға жолымды беремін» деу арқылы ба­ласы Сердарды билікке алып ке­луі ықтимал. Оның алғышарт­тары қазірдің өзінде байқалып тұр. Сердар президенттіктен үміткер ретінде атын ұсынып та қойды.

Әкенің ресми орынбасары еді

Сердар Бердімұхамедов – Аркадагтың жалғыз ұлы. Жасы 40-та. Түрікменстан заңы бойын­ша, жасы 40-қа толмаған азамат пре­зидент бола алмайды. Ал Сер­дар былтыр күзде қамал алар жасқа жеткен. Сол себепті көптеген са­рапшы Сердарды Аркадагтың бір­ден-бір мұрагері санайды. Ол 2011 жылы дипломат қыметінде СІМ-нің департаментін басқарды, одан соң сыртқы істер вице-министрі, парламент депутаты, Ахал уәлая­тының әкімі қызметтерін атқарды. 2020 жылы өнеркәсіп министрлігін басқарды. 2021 жылы премьер-министрдің орынбасары, жоғары бақылау палатасының төрағасы болды. Түрікменстанда үкіметті Аркадгтың өзі басқаратындықтан, Сердар іс жүзінде әкесіне орын­ба­сар болған еді. Оның үстіне, Қауіп­сіздік кеңесіне мүше болғаны тағы бар. Түрікменстанның мұнай-газ ке­шенін бақылау да Сердардың мін­деті. Қысқасы, Аркадагтың жал­­ғыз ұлы әкесінің шынайы орын­ба­сары болайын деп тұр. Оған Ғұр­банғұлы Бердімұхамедов отс­тав­каға кететіні туралы мәлімдеме жасаған Халық мәслихатының жиынында Сердардың 2022-2052 жылдарға арналған мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстыру да дәлел болады. Тек Сердарды көптеген ма­ман өте қатал азамат деп баға­лайды. Оның қа­талдығы түрік­мен­дер үшін қолайлы бола қоймайтын сияқты.

«Бестіктегі» өзгерістің соңы

Түрікменстан президентінің аяқасты шешім қабылдауы Ор­талық Азия елдеріндегі президент сайлаулары циклінің тағы бір кезеңінің аяқталғанын байқатады. Орталық Азиядағы «бестікте» 2019 жылы Қазақстанда, 2020 жылы Тәжікстанда, 2021 жылы Өзбекстан мен Қырғыз елінде президент сай­лауы өткен болатын. Енді осы циклді Түрікменстан түйіндегелі тұр. Алайда Ашхабадтың сайлау өткізуге шешім қабылдауы көрші мемлекеттердегі оқиғаларға бай­ланысты сияқты. Өйткені аймақ жал­пы алғанда тұрақты емес. Ау­ғанстан билігіне былтыр «Талибан» қозғалысы келді. Радикал ұста­нымындағы қозғалыстардан кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Қаңтарда Қазақстанда да төтенше оқиғалар болды. Тәжікстан мен Қырғыз елі арасындағы жер дауы соңғы екі жылда дүркін-дүркін қайталанып тұр. Оған өңір халқы табысының төмендеуі, болашақта су, қуат мәселесінің шиеленісу қау­пі де қосымша ықпал етуі ық­тимал. Тіпті, мұндай сын-қатер­лерді айт­пағанның өзінде Аркадаг Қазақ­станда жүргізілген саяси реформа­лардың түрікменстандық үлгісін жасауға тырысқан болуы мүмкін. Тек әзербайжандық үлгі­мен синтез жасағанға ұқсайды. Қазақстанда 2017 жылы конс­титуциялық ре­фор­ма жасалса, түрікмендер оны 2020 жылы жү­зеге асырды. Қа­зақстанда жоғарғы билік алғашқы президенттің көзі тірісінде жүзеге асса, Түрік­мен­станда да солай болайын деп тұр. Тек билік ел басшысының саяси серіктеріне емес, әкеден балаға өтуі ықтимал. Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы: – Түрікменстан президентінің аяқасты сайлау жариялауы, әрине кездейсоқтық емес. Менің ойым­ша, ол елдің ішкі және сыртқы жағдайына тікелей байланысты. Елдің ішкі жағдайы соңғы жыл­да­ры нашарлап кетті, ресми вирус жоқ десе де, карантин шектеулері бар. Халықтың табысы түсті, тіпті қарапайым азық-түліктің өзі тап­шы. Ал сыртқы саясатта көршілес елдегі толқулар болып жатыр. Мы­салы, Ауғанстан билігіне тәлібтер келді. Сондықтан Аркадаг ақы­рын­дап ресми билік тізгінін өзгеге беруді жөн көрген сияқты. Әрине, ол толық саясаттан кетпейді. 12 наурызда сайлауға оның ұлы Сердар түседі, сайлау деген атауы ғана, бұл – тағайындау. Сондықтан билік тізгіні Бердімұхамедов әулетінен кетпейді.