«Үтікті не үшін ұрлағанымды білмеймін» – Алматыда қаңтарда дүкен тонағандар қамаудан босатылып жатыр  

«Үтікті не үшін ұрлағанымды білмеймін» – Алматыда қаңтарда дүкен тонағандар қамаудан босатылып жатыр  
Фото: almaty.tv

Алматыда қаңтар оқиғасында дүкен тонауға қатысқан 16 адам уақытша босатылды. Бүгінде тек Жетісу аудандық полиция басқармасында тәртіпсіздік фактілері бойынша 258 іс тіркеліпті. Прокурорлар шығын көлемі 600 миллион теңгеден асатынын айтты, – деп хабарлайды Almaty.tv.

Уақытша тергеу изоляторынан босатылғандар арасында жастардың арасында әйелдер де бар.

«Тұрғындар митингіге жиналды. Мен де дүрмекке қосылдым. Жол-жөнекей бәрі жапа-тармағай дүкендерді тонап, қолына ілінгенін алып жатты. Алсам, өзіме үтік пен еттартқыш (мясорубка - ред.) алайын деп шештім. Үтікті не үшін ұрлағанымды өзім де білмеймін. Ұрлағанымды мойындаймын», – дейді күдікті Ерлан Кәрібаев.

Ал 21 жастағы ұлына келген ана баласының болашағы үшін уайымдайтынын айтты.

«Қандай шоколад ұрлағанын білмеймін. Әйтеуір көп шоколад алған. Тура 1 ай 4 күн болды ғой. Уайымдадық... Не ұйқы жоқ, не күлкі жоқ. Әйтеуір аман-есен шыққанына шүкір. Әскери салада қал деп айтар едім. Өзінің арманы сол болатын. Өз еркімен қаламын деп кеткен еді. Енді келіп, мынадай жағдайға ұрынды», – дейді күдіктінің анасы Райхан Қасымова.

Кінәсін мойындаған азаматтар шетелге шықпау туралы қолхатпен босатылды. Бір ғана Жетісу ауданында қаңтар оқиғасына қатысты 258 іс тіркелген. Кәсіпкерлерге келген шығын көлемі – 600 миллион теңгеге жуық.

Бүгінде 41 іс ашылып, 13 миллионға жуық заттай айғақ тәркіленген. Тәркіленген заттардың барлығы Жетісу аудандық полиция басқармасының камерасында сақтаулы тұр. Сот үкімі шыққан соң, тоналған заттар иесіне қайтарылады.

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.