Президент ат төбеліндей бай-бағландар иеленіп отырған байлықта елдің де еншісі бар екенін айтты – Аманжол Әлтаев
Президент ат төбеліндей бай-бағландар иеленіп отырған байлықта елдің де еншісі бар екенін айтты – Аманжол Әлтаев
Фото: vku.edu.kz
397
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына арнайы сұхбат берді. Президент сұхбатына орай айтыскер ақын, Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтаев пікір білдірді.

– Президент сұхбатында елдің көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауап берді. Атап айтқанда, митингіге шыққандардың ішінде лаңкестер мен кінәсіз адамдарды ажырата білу керегіне тоқталды. Жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен, жазықсыз адамдардың құқы қорғалуы керек екенін ашып айтты. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің де қателігін, «шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайтынын ескертті. Осы тұрғыдан келгенде Президент азаматтардың құқын қорғау ең басты мәселе екеніне басымдық беріп отыр. Сонымен қатар сұхбатта Қазақстан Ресейге және өзге де елдерге қарыз емес екенін ара-жігін ажыратып айтып берді деп ойлаймын. Отыз жылдың ішінде ел мен жер байлығын шағын ғана топтың иеленгенін, алдағы уақытта осы мәселенің реттелуіне күш салатынына тоқталды. Мемлекеттің байлығы ат төбеліндей бай-бағланның қолында екенін, бұл тұрғыда қазынада елдің де еншісі бар екенін айтты. Сонымен бірге, Президент елді дамыту үшін білім мен еңбекқорлық идеясын негізге алу керек екенін ескертті. Саясатта да, экономикада да монополияны жою керек екенін басып айтты. Меніңше, журналист Президентке ел көкейіндегі сұрақтарды қойды. Журналистің сауалдарына Мемлекет басшысы нақты жауап берді деп ойлаймын. Президент айтқандай, «әр жамандықтың артында бір жақсылық бар». Сол жақсылықтарды елімізбен бірге көрейік.