Оқушыларын бүлікшілерден аман алып қалған ұстаз
Оқушыларын бүлікшілерден аман алып қалған ұстаз
390
оқылды

Алматыдағы «қаңтар оқиғасы» тұтас қазақ еліне ауыр тиді. Бейбіт шерумен басталған халықтың наразылығын қандықол қарақшылар өз пайдасына пайдаланып кетті. Салдарынан көшенің бой-бойында қолдарына суық қару ұстаған сұсты бәзбіреулер көбейді. Олар алдына кездескенін ұрып-соғып, оқ атып, маңызы зор нысандар мен көше бойында орналасқан сауда-дүкендерді астан-кестен шығарып, тонады. Қаншама жастарымыз қыршыннан қиылды. Қаншама ана ботадай боздап баласынан айырылып, тіпті мүрдесін де таба алмай зар илеп қалды. Сол бір қантөгіс күннен болған оқиғаны баяндамақпыз...

Дәл 5 қаңтар күні көше бойын талқандап келе жатқан бір топ бүлікшілер Алматыдағы Шевченко мен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне кірмек болған. Олар дарынды жасөспірімдер оқитын оқу ордасын тас-талқан ету мақсатымен темір қоршауларды майыстырып, әйнектерін сындыра бастаған. Қару асынған бүлікшілердің әрекетін көрген мектеп директор Сейілхан Қарақов олардың алдынан шыққан.

– «Жігіттер, бұл жерде біріңе іні, біріңе бауыр болатын қазақтың жасөспірім балалары оқиды. Өз қазағының отын талқандап, қиратудан ешқандай абырой таппайсыңдар. Қайтыңдар! Тараңдар! Қойыңдар бұл бұзақылықты» деп кесе-көлденеңдеп, қарсы алдына тұрып алдым. Іштерінде саналы біреуі бар екен. Айтқаныма құлақ асып, ақылға келді. Сөйтті де, «жүріңдер, кеттік» деп бәрін ертіп, көше бойлап төмен қарай жүгіре кетті, – деді Сейілхан Қарақов.

ұстаз Айтуынша, бүлікшілердің қаһарынан қорықпаған. Оның сол кезде бар ойы білім шаңырағын, оқушыларын қорғап қалу еді. Артынан білім алушыларды үйіне қайтарып, өзі мектепті күзетіп қалған. Бұл бір ғана адамның ерлігі. Сол бір күндері қанша қайсар жандарымыз елін қызғыштай қорғады. Қазір бүлікшілер қиратып кеткен қоршаулар түгелдей жөнделген. Алда оқу маусымы басталады. Ұстаздар осыған дайындалуда. Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов осы білім ордасының түлегі. Осындай жаужүрек ұстаз тұрғанда мақтан етер әлі де талай дарынды жастар түлеп шығатына сенеміз.