Педагогикалық шеберлік орталығының танымал «Шабыт» жобасына алғаш рет еліміздің барлық ұстаздары қосылды.
Өткен жылы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай ашылған «Шамшырақ» онлайн алаңында «Шабыт» атты ауқымды білім беру жобасы басталды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы NIS мұғалімдеріне әрқайсысын ел мақтанышы деп атауға болатын танымал ел азаматтарымен кездесуге мүмкіндік беретін бірегей алаң құрды.
Ақпан айында «Шабыттың» бастауымен рухани құндылықтар мен халықтық педагогика, сондай-ақ атақты ағартушы ғалымдардың айтулы еңбектері мен әлемдік білім берудегі заманауи үрдістер туралы ашық дәрістер басталды. «Шабыт» бағдарламасы аясында «Шамшырақ» онлайн платформасына еліміздің барлық мұғалімдері қосыла алады.
Ауқымды жоба аясындағы алғашқы басқосудың осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1922 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты іргелі еңбегіне арналуының символикалық мәні бар. Мыңнан астам тыңдаушы ұстаздың дидактикалық ұстанымдары мен мақсат-мұратын сараптады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова бүгінде Мағжан Жұмабаевтың жалпы адамгершілік бағдарлар жүйесі біріккен кезде халық ауқымды мемлекеттік міндеттерді қойып, шешуге қабілетті деген негізгі постулаты бұрынғыдан да өзекті болып отырғанын атап өтті.
Жиынға модераторлық еткен Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері, ақын, аудармашы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Абай Қалшабек Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық ізденісіндегі отбасы тәрбиесі, баланың білімге деген құлшынысы және оқушымен эмоционалды ынтымақтастық сынды басымдықтар ұстаздарды қатты қызықтыратынын атап өтті.
«Шабыт» аясында Педагогикалық шеберлік орталығы Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұралары, сондай-ақ әлемдік білім берудегі өзекті тенденциялар туралы ашық дәрістерді жоспарлап отыр.