«Қасіретті қаңтарда» 9 балаға оқ тиген
«Қасіретті қаңтарда» 9 балаға оқ тиген
324
оқылды
Қаңтар оқиғалары кезінде  оқ тигендіктен, 7 бала жараланып,  2 бала  қаза тапқан. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі  Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин айтты. Оның сөзіне қарағанда,  төтенше жағдай кезінде медициналық  ұйымдарға 2 740 адам жүгінген. Бәрі зардап шегушілер екен. «Олардың ішінде 1 843 адам амбулаторлық көмек алып, 897 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 188 адам реанимация­лық бөлімшеде болды. Бүгінде 891 пациент жазылып шықты», – деді Бауыржан Байсеркин  Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. ДСМ өкілі  медициналық ұйымдарға жеткізілген 177 адамның өмірден озғанын айтты. «Қазір 6 адам, Алматы мен Қызылордада 3 адамнан стационарларда ем алып жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр, оқ тиген. Емделіп жатыр. Еліміздің үш өңірінде кәмелетке толмаған балалар зардап шекті. Алматыда екі балаға оқ тиіп, қаза тапты. 7 бала түрлі оқ жарақаты­мен аурухана түсті. Олардың 4-еуі – Алматыда, екеуі – Алматы облысында және біреуі – Жамбыл облысында. Сонымен қатар Алматы облысында бір жүкті әйел шашылған газдан зардап шекті», – деді Бауыржан Байсеркин.