Қаңтардағы қайғылы оқиғалар мемлекеттің барлық саласына ықпал еткені мәлім. Ең алдымен саяси-партиялық жүйені жаңғырту қажет екені көптен бері айтылып келеді. Бірден-бір себеп – билік пен халық арасында алшақтық пайда болды. Егер қос тарап арасында диалог орнағанда, бәлкім «қаңтар қасіреті» болмас па еді?Не десек те, саяси жүйемен қатар билік партиясы да өзгеруі қажет екені айқындалып келеді. Бұл жөнінде партия Төрағасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Алайда жұрт базынасын билік органдарына жеткізгеннен гөрі әлеуметтік желіге жаза салуды құп көретін уақытта партия қандай функция атқаруы тиіс? Сайлауалды бағдарламаны бақылауды формалды шараға айналдырмаудың жолы қандай? Сонымен, бас партияны қандай өзгерістер күтіп тұр?
Партия. Бүгін.
Бүгінде «Nur Otan» партиясы – Қазақстанның саяси-партиялық жүйесіндегі қуатты әрі ықпалды күш. Қазіргі деңгейге бір күнде жетпеді. 1999 жылдан бері бірнеше өзгеріс, ассимиляция, модернизацияның нәтижесінде бүгінгі тұғырына жетті. Мүше саны, саяси салмағы, филиалдар желісі, Мәжіліс пен мәслихаттардағы өкілдері, Үкімет құрамын жасақтау мүмкіндігі бойынша өзге партиялардан оқ бойы озық тұр. Билік партиясына бүгінде 800 мыңдай адам мүше, 4,5 мың бастауыш партия ұйымы тіркелген, аймақтарда 216 филиал мен 238 қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Мәжілісте 76 депутат, жергілікті мәслихаттарда 2 701 депутат «Nur Otan» атынан өкілдік етеді.
Жоғарыда келтірілген ресурс соңғы сайлауда электорат қолдауына ие болуға мүмкіндік берді. Парламент сайлауында партия 71 пайыз дауыс жиды. Ауыл әкімдері сайлауында 87 пайыз әкім «Nur Otan» өкілі атынан жеңіске жетті. Яғни, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибе, партиялық ресурс, сенім, имидж шешуші сәтте жеңіске жетеледі. Сондай-ақ соңғы жылдары «Nur Otan»-ның саяси ұйым ретінде өзгеруіне, жаңа мүшелермен толығуына партияішілік сайлау – праймериз ықпал еткенін атап өткен жөн. Себебі осы процесс барысында аймақтардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері өзінің сайлауалды бағдарламаларын партия мүшелеріне ұсынып, «додаға» түсті. Жүзден жүйрік шыққандары ғана партия атынан мәслихат, Мәжіліс сайлауына қатысты. Праймеризге 11 249 азамат қатысып, 10 073 адам тіркелді. Республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс бойынша 217 сайлауалды бағдарламасы даярланды. Нәтижесінде, сайлауалды кандидаттар тізімі 80 пайызға жаңарды. Яғни, «Nur Otan» партиясының атынан тек «саяси элита» өкілдері ғана емес, түрлі салада маман ретінде мойындалған қатардағы азаматтар да сайлауға қатысу құқығын жеңіп алды. Осылайша, партияішілік праймериз «Nur Otan»-ның өзгеруіне, жаңа өкілдермен, мүшелермен толығуына, электоратқа тағы бір қадам жақын болуға ықпал еткен шараға айналды.
Өзгерістер уақыты
«Қаңтар трагедиясы» қоғамның сан саласына ықпал етті. Саяси-партиялық жүйе де сырт қалған жоқ. Тіпті, партия басшылығының ауысу процесін жеделдетті. «Nur Otan»-ның кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев партияның жаңа төрағасы болып сайланды. Партияның кезектен тыс ХХІ съезінде Қ.Тоқаев партияны жаңғыртудың жолдарын жариялады. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының атқарушы хатшысы болып тағайындалған Асхат Ораловпен кездесу барысында да бұл мәселе қайта көтерілді. Яғни, «Nur Otan» партиясы да замана ағысын сай жаңғыруы тиіс. Дегенмен республикалық алып саяси ұйымды өзгертудің жолдары қандай?
Біріншіден, партия қатарындағы ынтымақтастықты нығайту, қоғамдағы конструктивті күштерді шоғырландыру. Партия қатарында 800 мыңнан астам мүше бар. Әрине, олардың көзқарасы, құндылығы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ соншама азаматты партияның саяси платформасы, патриотизм, елге қызмет сияқты ортақ түсініктер мен факторлар ортақтастырады. Міне, партияның осындай адами ресурстарын біріктіру маңызды.
Жалпы, «қасіретті қаңтарда» партия мүшелері елге көмек көрсетуде шет қалған жоқ. Партия атынан сайланған Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, белсенділер мен мемлекеттік қызметкерлер ереуілге шыққандармен келіссөз жүргізіп, оларды тыныштандыруға және жағдайды қалыпты бағытқа бұруға, жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысты. Партияның қоғамдық қабылдаулары жұмысын үзіліссіз жалғастырды. «Nur Otan» мүшелері зардап шеккендерге, әскерилер мен тәртіп сақшыларына, коммуналдық қызметтерге көмек көрсетті. 12 облыста 3,5 мың партия мүшесі қоғамдық қауіпсіздік жасақтарына қосылды, партия мен «Jas Otan»-ның мыңға жуық еріктісі аумақты тазарту мен елді мекендерді қалпына келтіруге жұмылдырылды. 1,3 мыңнан астам партия мүшесі зардап шеккен азаматтар үшін қан тапсырды. Тек Алматы қаласының өзінде нұротандықтар жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендерге (15,6 мыңнан астам адам) 157 миллион теңгенің көмегін ұйымдастыра білді. Сонымен қатар мұқтаж азаматтарға (12,8 мың адам) жалпы сомасы 75 млн теңгеге материалдық көмек көрсетілді.
«Қаңтар трагедиясының» басты оқиғалары өткен Алматы қаласы, оның кәсіпкерлері қолдауға мұқтаж еді. Дәл осы кезде қалалық мәслихаттың депутаттары, партия мүшелері Бауыржан Қайыңбаев, Сабыржан Зайнидинов, Әміржан Нәбиев, Шухрад Шардинов зардап шеккендерге атаулы материалдық көмек көрсетті.
Өзге қалалардың кәсіпкерлері де қол қусырып отырмады. Шымкентте фракция мүшелері нысандарды күнделікті күзеткен еріктілер мен әскери қызметкерлерге азық-түлік жеткізді. 2 400 адам қамтылды. Фракция мүшелері, кәсіпкерлер М.Жолдыходжаев пен Б.Әшірбаев қалада тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 500 еріктіден тұратын қоғамдық жасақ құрды. Жамбыл облысында зардап шеккен 6 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық мәслихат депутаты Б.Ыстыбаев 300 құрылысшыға дастарқан жайды. Қиратылған ғимараттарды қалпына келтіруге 80 адамнан тұратын жасотандық еріктілер көмектесуге кірісті. Тараздағы қан орталығында 250-ге жуық партия мүшесі қан тапсырды. Ал Қызылорда облысында «Jas Otan» белсенділері өңір жастарымен бірге қаладағы бақылау-өткізу бекеттерінде әскери қызметшілерге ыстық тамақ жеткізуге атсалысты.
Бір сөзбен айтқанда, ел басына күн туғанда партия мүшелері қарапайым азаматтарға да, ел тыныштығын күзеткен сарбаздарға, жапа шеккендерге де көмек берді. Партияны жандандырудың бірден-бір жолы – осындай игілікке, тұрақтылыққа, қоғам дамуына жаны жақын мүшелердің басын қосып, ынтымағын арттыру. Саяси ұйым ретінде «Nur Otan»-ның ішкі тұтастығын сақтап, одан әрі нығайта түсу.
Екіншіден, партиялық идеология мен кадрлық жұмысқа басымдық беру. Партия – бұл қатардағы ұйым емес, ол саяси ұстанымы мен көзқарасы ұқсас азаматтардың бірлестігі. Сондықтан 800 мыңға жуық партия мүшесімен идеологиялық жұмыстарды белсенді жүргізу, олардың арасынан үздік әрі сапалы мамандарды партия жұмысына тарту аса маңызды.
Ал «Nur Otan» тұғырнамасына сай, центризм – партияның ресми идеологиясы. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар Қазақстан үшін дамудың эволюциялық жолы, бірлік пен келісімді сақтай отырып, центризмді ұстану әлі де өзекті әрі қажет идеология екенін дәлелдеді. Осы жылдар ішінде партияны қолдайтын «ядролық» электорат қалыптасты. Оның өзегін түрлі әлеуметтік топ – дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар, аға буын өкілдері және тағы басқалары құрайды. Бұл азаматтарды партия құндылықтары біріктіреді. Ал партияның құндылықтары – адам, бостандық, заң үстемдігі, әділеттілік, ынтымақ, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр. Аталған құндылықтар «Nur Otan»-ның саяси тұғырнамасында бекітілген. Ендеше қандай жағдай туындаса да, партияластар арасында осы құндылықтарды насихаттау маңызды міндет болып қала береді.
Бұдан бөлек, партия мүшелері арасында үздік кадрларды іріктеу де күн тәртібінен түспейтін мәселе. 2019 жылы «Nur Otan» өз қатарластарының арасында жүйелі қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Партияны қайта жаңғырту бағдарламасы партиялық жауапкершілікті арттыруға, белсенді партия мүшелерін топтастыруға, ақпараттық-идеологиялық жұмысты жаңартуға және халықпен өзара тығыз әрекет етуге бағытталған. Дәл осы бағдарлама аясында «Қуатты лидерлер – Қуатты партия» принципі бойынша праймериз өтті.
Яғни, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы тиіс. Партия қашанда тың, сапалы кадрларға мұқтаж. Оларды өзге жақтан емес, партияның өз ішінен табуға мүмкіндік бар. Мамандарды оқытып, қайта дайындықтан, семинар-тренингтен өткізіп, білімін арттырып, жауапты қызметтерді сеніп тапсыруға болады. Себебі партияның жұмысын партияластардан артық кім біледі? Бұл «Nur Otan»-ды жаңғыртудың келесі бағыты болуы тиіс.
Үшіншіден, сайлауалды уәделердің орындалуын бақылау, қадағалау. Соңғы парламенттік сайлауда электораттың 71 пайызы «Nur Otan»-ға сеніп, дауысын берді. Себебі олар сайлауалды бағдарламаға үміт артты. Енді осы сенімнен шығу – партияның сайлаушылар алдындағы негізгі функцияларының бірі, тіпті бірегейі деуге де болады. Егер партия осы міндетін толық атқарса ғана келесі сайлауда халық қолдауына үміттене алады. Сондықтан партияны жетілдірудің келесі бір жолы – сайлауалды бағдарламаны Үкіметтің толық орындауын қадағалау.
Бұрынғы сайлауларда партия бүкіл елге ортақ бағдарламаны ұсынса, 2021 жылы республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс бойынша 217 сайлауалды бағдарламасын даярлады. Осылайша, партия әр аймақтағы сайлаушыға жақын бола түсті. Өйткені бағдарлама жалпылама болған жоқ, әр азаматтың тұрғылықты жеріне байланысты жазылды. Сол себепті партия әр өңірдегі мәслихат депутаттары арқылы сол уәделерінің орындалуын қадағалауы аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстың қазіргі нәтижесі жаман емес. Үкімет жанындағы сайлауалды бағдарламасына мониторинг жүргізу жөніндегі штабтың 32 отырысы өтіп, 100 мәселе қаралды. Былтыр 2021 жылға уәде етілген іс-шараның 74 пайызы (269) орындалды, облыстық Жол картасы бойынша бұл көрсеткіш 83% (13,9 мың).
Төртіншіден, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясының фракциясын қайта жаңғырту. Партияның Мәжілісте 76 мандаты бар. Жалпы, бүгін фракция өз деңгейінде жұмыс атқарып отыр. Мәселен, 2021 жылы депутаттар – партия фракциясының мүшелері 25 заң жобасына бастамашы болды, оның 18-іне Президент қол қойды, 6 заң жобасы әзірленіп жатыр. Жалпы отырыстарда 151 депутаттық сауал, 301 баяндама, 410 сұрақ қойылды. 11 ақпанда Мәжіліс бюросының отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы тіркелді, оның құрамына үш партиядан 31 депутат кірді. Топтың мақсаты – Президенттің тапсырмаларының орындалуын бақылау, Мәжіліс жұмысын ашық ету.
Дегенмен қоғамдағы белсенділер «Мәжіліс азаматтардың мүддесін өз деңгейінде қорғамайды, жұртты мазалаған мәселелерді Үкімет алдында көтермейді» деген базынасын айтады. Егер Мәжіліс, Сенат депутаттары осы функциясын толық атқарса, «қаңтар трагедиясы» болмас па еді? Қалай дегенде, Мәжілістегі фракция жұмысын жетілдіру қажет екені көрініп тұр. Себебі көп жағдайда депутаттар заң жобаларына қарсы болса да, Үкімет мүшелері дегеніне жетіп, өз ұсыныстарын заңға айналдырып жатады. Ал оқыс оқиға, үлкен апаттарды тексеруге тек үкіметтік комиссия құрылады. Кейбір елдерде мемлекеттік мәселелерді тексеруге парламенттік комиссия жұмылдырылады. Бір сөзбен айтқанда, партияның Мәжілістегі фракция мүшелерінің қызметінде принципшілдік, талапшылдық деңгейін арттыру арқылы партияның жаңғыруына үлес қосуға болар еді.
Бесіншіден, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласу. Президент 2019 жылы Қазақстан аймақтардан құралады деп тек орталық қалалардағы ғана емес, сондай-ақ облыстардағы халықтың проблемаларын да шешу маңызды екенін баса айтқан еді. Айтылған сөз жерде қалмау үшін партия осы бағытта жұмысын жеделдетуі қажет.
Былтыр алғаш рет сайлауалды бағдарламалар мемлекеттік жоспарлау жүйесіне толығымен кіріктірілді. Осылайша, сайлау қорытындысы бойынша сайлау алдындағы уәделер негізінде облыстарды, қалаларды, аудандарды дамытудың 5 жылдық бағдарламалары бекітілді. 2021 жылы партия жанындағы 1,7 мың қоғамдық кеңес 9 мың отырыс өткізіп, 15 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар мәселені қарады. Кеңестерде 12 мыңнан астам адам бар, 25 пайызы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, 32 пайызы ҮЕҰ, блогосфера және тағы басқа өкілдері.
Бірақ әлі де болса аймақтардың дамуын жиналыстың санымен, статистикалық көрсеткішпен өлшеп, шектелуге болмайды. Егер өңірдегі жұрттың жағдайы жақсы болса, ішкі миграция, қалалардың урбанизациясы қазіргідей белсенді жүрмес еді. Осы себепті партия келесі сайлауда тағы да халық қолдауына ие болғысы келсе, алда тұрған негізгі шарттың бірі – аймақтағы халықты жұмыспен қамту, олардың табысын арттыру, өмір сапасының стандартын көтеру.
Алтыншыдан, қоғамдық қабылдаулардың қызметін жандандыру. «қаңтар оқиғасының» қасіретті күндерінде «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдаулары үздіксіз жұмысын жалғастырды. 1 қаңтардан 13 қаңтарға дейін қоғамдық қабылдауға 944 адам жүгінді, 148 қабылдау жүргізілді, онда 315 адам қабылданды. 91 мыңнан астам адам қамтылған 225 кездесу, 74,5 мың адам қамтылған 1,7 мыңнан астам ұжымда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 2021 жылы партияның қоғамдық қабылдауына 174 мыңнан астам адам жүгінген. Қоғамдық қабылдау учаскелерінде 34,4 мың қабылдау жүргізіліп, 75,3 мың адам қабылданды.
Пандемия басталған кезде де партиядан көмек сұрап келген азаматтардың қарасы көп болды. Бір ай бұрын қысылтаяң кезеңде біраз азамат «Nur Otan»-нан қолдау күтті. Яғни, партия өз электоратынан алшақтамау үшін, халықтың күнделікті басындағы басынасын, көкейіндегі мұңын тыңдау үшін қоғамдық қабылдау қызметін жаңа деңгейге шығаруы қажет-ақ. Бәлкім, бұл бағытта заманауи технологияларды қолданып, үйден шықпай, сайт, чаттар арқылы мәселені онлайн жеткізу жұмыстарын жетілдіру керек шығар. Бір сөзбен айтқанда, халықпен, сайлаушылармен кері байланыс орнағанда ғана партия қоғамдағы негізгі проблемаларды бақылап, дер кезінде Үкімет арқылы шешімін таба алады. Бұл «Nur Otan»-ның қайта жаңғыруының нақты жолы болар еді.
Жетіншіден, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жетілдіру. «Nur Otan» 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бекітті. Бүгінде жоспарланған іс-шаралардың 49 пайызы орындалды.
Жол картасы аясында «Қоғамдық бақылау туралы» және «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобалары әзірленді. Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 102-орынға жайғасты. Қазақстан жемқорлықпен күресу бойынша GRECO елдерінің тобына ресми түрде қосылған 50-ші мүше болды. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі 96 пайызға дейін көтерілді.
Алайда сыбайлас жемқорлық әлі де қоғамда белең алған мәселенің бірі. Азаматтар кез келген түйткілдің себебін жемқорлықтан көретін деңгейге жетті. Яғни, партия өзінің барлық саяси, интеллектуалды ресурсын пайдалана отырып, стратегияны жүзеге асырып, қазіргі жемқорлық аясын азайтуы міндет. Бұл электораттың бірден-бір талабы екені даусыз. Егер партия аталған миссияны орындай алса, бұл «Nur Otan»-ның қайта жаңғыруының белгісі болар еді.
Сегізіншіден, «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту. «Қаңтар оқиғасына» қатысушылардың басым бөлігі жастар болғаны мәлім. Бәлкім, студент, жұмыссыз, базарда істейтін жастар шығар. Мүмкін тұрақты жұмысы бар, алайда іштей наразылығы қалыптасқан жас маман болар? Әзірге нақты деректер жоқ. Қалай дегенде, көптеген жас өрен алаңға шықты. Олардың өз талаптары болды.
Енді сол жас азаматтарды тыңдау, мәселесін шешу, қоғамда өз орнын табуға көмектесу, бойына белгілі бір құндылықтарды сіңіру тек мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің ғана емес, партияның да бір міндеті. Осы бағытта «Jas Otan» жастар қанаты белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Өйткені бұл ұйымның жастар арасында тығыз жұмыс атқару саласында тәжірибесі мол. Дегенмен ол бірреттік жиналыс, форум, тренинг, кэмпинг сияқты «дәстүрлі уақытша шараға» айналмауы да шарт.
Қорыта келгенде, «Nur Otan» партиясы бүгінде өз дамуының шешуші кезеңдерінің алдында тұр. Қазір саяси ұйым Жаңа Қазақстанның шарттарына сай бейімделіп, қоғамның үнін естіп, келешектегі кедергілерді болжай отырып, ұзақмерзімді стратегиясын қайта түзуі қажет. Сонда ғана партия электораттан қолдау тауып, қайта жаңғырып, саяси бәсекеге дайын болады.