Атырауда қаңғыбас балалар азаймай тұр
Атырауда қаңғыбас балалар азаймай тұр
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
416
оқылды
Атырауда кәмелет жасына толмағандар түрлі себептермен үйлерінен шығып кетіп, ата-анасы мен тұрғындарды, полицейлерді әбігерге салуда. Атыраулық полицейлер былтыр белгісіз бағытта жоға­лып кеткен елуге  жуық жас­өспірім­ді тауып, үйіне жеткізген. Өкінішке қарай, қайтыс болғандар  бар. Атырау облы­сы­ның кәмелетке толмаған­дардың істері жөніндегі ма­ман­дандырылған ауданара­лық сотына  келіп түскен арыз, талап арыздардың дені ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу жөнінде болуы мәсе­лені күрделендіріп тұр.  Жасөспірімдердің  көбі ата-анасын хабардар етпей үйлерінен кетіп қалуының себебіне келсек, әдетте  көпшілігі ата-анасымен келіспей қалса, енді бірі ата-анасынан көз жазып қалады. Былтыр Атырау қаласы Полиция басқарма­сының 102 арнасына жасөспірім балаларының үйінен шығып кетіп, қайта оралмағаны бойынша тұрғындардан  46 арыз түскен. Іздеу амалдары сәтті болып, барлық жасөспірімді полиция қызметкерлері аман-есен тауып, ата-аналарына табыстаған.

Жыл басынан бері 9 бала үйінен кетіп қалған

Биыл қаңтар айында өткен «Жасөспірім» жедел-профилак­тикалық алдын алу іс-шарасы бас­талған  алғашқы төрт күн ішінде тәртіп сақшылары түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 30 жасөспірімді анықтап, олардың ата-аналарын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабының 2 бөлімімен  әкім­шілік жауапкершілікке тартты. Одан басқа, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамаған 6 ата-ана анықталып, оларға қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабымен әкімшілік хаттамалар жасақталып, жинақ­талған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. – Үйінен ұдайы кетіп қалатын жасөспірімдер де бар. Мәселен, бір жеткіншек үйінен 3 рет кетіп, қайта оралғысы келмеген. Қаңғыбас­тыққа салынған жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Онымен қоса ол ішкі істер органдарының есебіне алынды. Жалпы, жасөспірімге қай уақытта да ата-аналар жауапты болуы керек деп есептеймін, – дейді ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Азамат Қарамұратов. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін ювеналды полиция өкілдері ата-аналардан балаларына көбірек көңіл бөлуді және де балаларының қызығушылықтары мен бос уақытта немен шұғылдана­тынынан хабардар болуды ескертсе де бала жоғалу оқиғалары азаяр емес. Айталық, биыл жыл басынан бері үйінен 9 бала  қашып кеткен.   Сегіз бала аман табылып, серуендеп кетуге жалғыз шыққан 9 жас­тағы баланың денесін туған-туыс, тұрғындармен бірге іздеген тө­тен­ше жағдай департаменті қызмет­керлері  Перетаска каналынан тапты. Өз еркінше қыдыруға кетіп отбасын да, жергілікті тұрғындар мен полиция қызметкерлерін де әуреге салғандармен бірге адасып қалу, балалықпен ойнап кету оқи­ғалары да жиі кездеседі. Балаларын таба алмай 102  нө­міріне қоңырау шалу соңғы екі жылда көп тіркеліпті.  Былтыр облыста 51 бала үйлерінен шығып кетіп, оларды іздеуге арнаулы құрылым жұмылдырылған. Атырау облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиеваның айтуынша,көбіне өз бетінше қыдыруға шығатындар тобына  2 -10 жас аралығындағы балалар кіреді. Олар әдетте мұндай әрекетті қасақана жасамайды.  Ал қасақана өз бетімен қыдыруға ниет білдіретін топтарға келетін болсақ олар 11-18 жас аралығындағылар. –Жасөспірімдердің жоғалуы мен түрлі қылмыстарға ойланбай ұрынатынын ескеріп, өз тарапымыздан жауапты құрылымдарға кәмелетке толмағандарды отба­сын­дағы тәрбиеге аса мән беруге, балалар ойнайтын алаңдарды кө­бейтуге,  жазда суға түсетін орын­дардың ересектердің бақылауымен ашуға, білім беру ұйымдарында сабақтан тыс тәрбиелік шараларға тарту, ұжымдар арасында бала тәрбиесіне ата-ананың тікелей жауапты екенін жеткізетін кездесуді жиі өткізуге, мәдени, спорттық шараларға қатысуды тегін ұйым­дас­тыруға, тіпті мүмкіндік болса бұрынғы кеңестік тәрбиені жаңа бағытта жаңдандырып  қабылдауды қайта қарауға ұсыныс білдіремін, – дейді Орынгүл Көшқалиева.

Отбасындағы берекесіздіктен балалар зардап шегіп жатыр

Жуырда Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өткен жылы атқарған жұмыстары сараланған брифинг өтті. Аталған соттың төрағасы А.Ташенова мен судья Ғизатолла Отарұлының қатысуы­мен өткен брифингте айтылған деректерге сүйенсек, өңірде кәме­лет жасына толмағандармен жұмыс істеуде көптеген кемшіліктер бар. Сотқа келіп түскен талап арыз­дардың дені ата-аналық құқығынан айыру немесе шектеу жөнінде. Әкелікті анықтау және алимент өндіру мен алимент мөлшерін өзгерту, азайту туралы арыз тіптен көп. Баланың тұрғылықты жерін анықтау мен баламен кездесу уақытын белгілеу жөнінде талап арыздардың көптігі бала құқығы­ның аяқасты болуына себеп болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес есепті мерзімде сот өндірі­сіне түскен 36 істің ішінде кәмелет жасқа толмаған 11 адамға қатысты 9 қылмыстық іс бар. Осы 9 істі тар­қатып айтсақ, ұрлық, тонау, бұ­зақылық пен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру тәрізді деректер тіркеліпті. Қылмыс жасағандар 14 пен 17 жас ара­лығында болған.Бас бостандығы­нан шектелгендердің арасында кәмелетке толмағандар  да бар. Бұл деректердің барлығы да алдымен отбасындағы жағдай­лардың балаға әсер етуінен болып отырғаны сөзсіз. Ата-ана арасын­дағы түсінбеушілік пен ажырасудың салдары балаға тиіп отыр. Былтыр  сот өндірісіне 388 тұл­ғаға қатысты әкімшілік құқық­бұзу­шылық іс түсіп, барлығы қара­лып, аяқталған. Брифингте спикерлер ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы алаңдатып отырғанын айтты. Бесіктен белі шықпай жатып алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу,  түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжай­дан тыс жерде болу дерегі де жоғары көрсеткіште тұр.

Атырау облысы