«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жұмысы көңіл көншітпей тұр. Былтырдан бері атқарған қызметі сын садағына ілінген мекеме биыл да жүрісінен жаңылып отыр. Әсіресе, «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы жүйесін таппай, тура жолдан тайды. Осы және өзге де мәселелерді қараған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевтың есебін жоққа шығарды. Жалпы, мекеменің өткен жылғы бес айдағы жұмысы да қатаң сынға алынған. Ол кезде іске аспай жатқан инвестициялық жобалар күн тәртібіне көтерілген. Олар – «Қаралма» спорттық-туристік базасының құрылысы, Меркі ауданында ауызсу өндіру және Тараз қаласында автомобильге газ құю стансаларының желісін құру жоба лары. Сол тұста «Тараз» ӘКК» АҚ өкілдері «Жобалардан шығу және инвестицияларды қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз» деп ақталған. Алайда «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басшысы Нұрғали Көрпетаев кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жобаларға бөлінген қаржының мақсатты әлде мақсатсыз жұмсалғанын дөп басып айтып бере алмады. Атап айтсақ, кор порацияның «Мерке-Финанс-кредит» филиалы арқылы Сарысу мен Талас аудандарының тұрғындарына кәсіп ашу үшін 120 миллион теңге берілгенімен, басқарма филиалдан бірде-бір ақпарат ала алмаған. Сондай-ақ әлеуметтік дүкендерде азық-түлік түрлері де таусылып, күнбағыс майы 73 теңгеге қымбаттап кеткен. Сыннан сабақ шығарады деп үміттенген корпорацияның наурыз айында да басы дауға қалды. Оған себеп – бағаны бақылауда ұстайды делінген мекеме тұрақтандыру қорына берілген 632 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіріп бере алмады. Нақтырақ айтсақ, «Көкжиек» ЖШС қаңтар-ақпан аралығына белгіленген 25 миллион теңге өнімінің тек 5,6 миллион теңгелік өнімін ғана өткерсе, «БМК» ЖШС-не берілген 26 миллион теңгенің тек 7,6 миллион теңгесі игерілген. Ал картоп өндірушілерге берілген 127 миллион теңге несиенің есебі болса, мүлде жасалмағаны белгілі болды. Мұндай жүйесіз жұмыс биліктегілердің ғана емес шаруалардың да шамына тиді. Еңбек адамдарының атынан сөз алған Жуалы ауданындағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев корпорациядан еш көмек жоқ екенін ашып айтты. – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» мекемесінің негізгі жұмыстарының бірі – бағаны тұрақтандыру. Алайда олардың өздерінің қоймалары жоқ. Содан олар сапасыз арзан дүниені сатып алады да, сауда орындарына дер кезінде жеткізіп бермейді. Бір ғана Жуалы ауданын мысалға алсақ, көктемнің кезінде картоптың отаны саналатын елді мекенде картоп бағасы 340 теңгеге шарықтап кетті. Оған себеп – өнімнің бәрін алыпсатарлар егістік басынан сатып алып кеткен. Нәтижесінде жергілікті билік картопты Пәкістан, Иран сияқты мемлекеттерден әкелуіне тура келді. Менің өзімнің үш қоймам халықты мамыр айына дейін картоппен қамти алады. Алайда жалғыз менің шаруашылығым бүкіл облысты картоппен қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Сондықтан корпорацияның өз қоймасы болып, келісімшарт негізінде шаруалардың өнімін егістік басынан сатып алатын болса, бағаға қатысты қиындық туындамас еді, – дейді шаруа К.Бегалиев. Сонымен қатар шаруалар «Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» ашылғанын естігенін, бірақ жұмысын білмейтінін айтты. Себебі үгіт-насихат жұмыстары мүлде жоқ. Ондағы мамандар ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізбепті. «Ал «Әлеуметтік дүкендерді» ашуға да аудан әкімдері құлықты емес. Өйткені корпорация тарапынан оларға ешқандай көмек жоқ. Өздерінің қоймалары болмағандықтан өзгені қалай жарылқасын?», –дейді шаруалар. Былтыр бірқатар өңірде қуаңшылық болып, шөп жетіспеушілігі туралы айтылып жатты. Алайда Жамбыл облысында шөп жетеді. Бірақ шаруалардың соны шауып алатын техникасы мен жанармайы жоқ. «Корпорация осы жағынан көмектессе, бұл түйткілдің де түйіні тарқар еді» деген пікір білдірді шаруалар. Осылайша, еңбек адамдары кәсіпкерлерді қолдау мекемесінің «атына заты сай болса» деген тілектерін жеткізген. Алайда жыл бастала сала корпорацияның жұмысы тағы сыналып жатыр. – «Тараз» ӘКК» АҚ-ның негізгі мақсаты – инвестиция тарту. 10 аудандағы өкілдеріңіз бұл үдеден шықпақ түгілі негізсіз жалақы алып келген. Ал пилоттық жоба аясында бұған дейін облыс бойынша 11 ауылдық округке 45 мың бас мал әкелінді дейсіздер. Бірақ іс жүзінде олардың нақты саны белгісіз. Пилоттық жоба аясында жұмыссыздардың саны азайды ма? Бір жарым жылдан бері тиісті талдау жұмыстары жүргізілмеген, – деген облыс әкімі мекеме немен айналысып отырғанын білмейтінін қатаң сынға алды. Сондай-ақ аймақ басшысы кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының шекті деңгейден асып кеткенін баса айтты. –Бағаны бақылауда ұстау. Корпорацияның жұмысын ұтымды үйлестіру. Инвестиция тарту. Қолға алынған жобалардың нәтижелері бойынша нақты талдаулар жүргізілмеген, – деген Бердібек Сапарбаев мекеме басшысына талапты тапсырмаларын жүктеді. Иә, байқап тұрсақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сыннан сабақ шығармақ түгілі, күн өткен сайын бағытынан айнуда. Бұл, әрине, мекеме басшылығына да, оның қызметін тұтынып отырған кәсіпкерлерге де жақсылық әкелмейтіні анық. Сондықтан осы бағытта нақты бір шешім қабылдау керек сияқты...
Жамбыл облысы