Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасымен бой көтерген жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді. Бірқабатты үйлерге былтыр жыл соңында ғана кірген көпбалалы аналар баспаналарының терезелері мен бұрыштарының көгеріп, дымқылдануына, төбеден тамшы ағуына, пәтер қабырғаларының жарылып кетуіне шағымданып отыр.
Зайсан қаласындағы екі ықшамауданда салынған жерүйлерде тұратын көпбалалы аналардың жанайқайын қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыпаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жеткізген болатын. «Шағымданған көпбалалы аналардың үйіне арнайы кірдім, үй іші көк сасыған, төбеден тамшылаған су, жарылып сызат түскен қабырғалар. Кіреберіс есіктердің маңына көктің бойлағаны соншалық, ас бөлмедегі ыдыс аяқ пен азық-түлік қоятын шкафтардың ішіне дейін көгеріп кеткен. Бәрінен де омыраудағы шақалақ сәбилері мен балаларына алаңдаған аналар ертең өкпелері қабына ма деп шошып отыр. Күнде терезе ашып, көгерген жерлерді қырып, су болған төбе мен линолеум астын сүртіп, әлек екен» деп жазған еді ол.
Оның бұл сөзін тұрғындар да растап отыр. Былтыр 16 желтоқсанда, яғни Тәуелсіздік күнінде жаңа үй алып, қоныстойын тойлағандардың бірі – «Күміс алқа» иегері, алты баланың анасы Арай Смағұлова. 2019 жылы үй кезегіне жазылған көпбалалы ана Шевченко ықшамауданы Бұқар жырау көшесінде тұрады. «Күн суық кезде үйге кіргендіктен бе, үйдің қабырғалары көгеріп, төбеден тамшы тамды. Қазір кішкене басылғандай болды. Мәселе әлеуметтік желіде көтерілгеннен кейін мердігерлер келіп, төбеге минералды мақта салып берді. Оған дейін қанша айтсақ та ешкім ештеңе істемеген еді. Біздің үйде ас бөлмесі мен залдың бұрышы көгерген болатын. Соның кесірінен үсті-басымыздан көктің иісі шығып, есіміз шықты. Негізі, үйіміз жылы. Көршім де «үйімнің іші көгерді» деп отыр. Мердігерлер «Көктемде тағы да жөндеп береміз» деп уәде беріп кетті», – дейді ол.
Ал Нұргүл есімді көпбалалы ана үйінің жатын бөлмесінің қабырғасына сызат түскенін, мердігерлер жақында жөндеп бергенін айтады.
Зайсан ауданы әкімінің құрылыс мәселелері бойынша орынбасары Серік Тілемісовке хабарласып, мән-жайды білдік. «Мұндай мәселе 2020 жылы салынған үйлерде де болды. Кейбір үйлерде бір жылдай терезенің маңы көгеріп, бүршіктер жиналды. Үйдің қабырғалары кепкеннен кейін кетіп қалды. 2021 жылы салынған үйлерде де осыған ұқсас жағдай. Әрине, барлық үйде емес. Былтыр бой көтерген 60-қа жуық үйдің алтауында осындай олқылық болған шығар. Мұның себебі, үйлердің толық кеппегенінен деп ойлаймын. Егер үйдің қабырғасын бір жыл көтеріп, асықпай кептіріп, келесі жылы сылақ жұмыстарын жүргізсе, бәлкім бұлай болмас па еді?!» деген әкім орынбасары «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2020 жылы 36 пәтерлі 18 үй, 2021 жылы 62 пәтерлі 31 үй көпбалалы аналарға салынғанын жеткізді.
Екі пәтерлі үйдің көлемі – 200 шаршы метр, 100 шаршы метрдің бағасы – 14 миллион теңге. Бірқабатты үйдің құрылысына 2020 жылы – 4, 2021 жылы 5 мердігер қатысыпты.
Қазір сапасыз салынған осы үйлерге қатысты «Үйді қабылдап алған комиссия мүшелері қайда қараған? Олқылықтар неге дер кезінде жөнделмеген?» деген пікірлер де айтылуда. «Мердігер тұрғын үйді өз қаражаты есебінен салады. Мемлекет дайын үйлерді сатып алады. Техникалық қадағалау, авторлық қадағалау, нысанды салған мердігер осы үшеуі қол қойып, үйлерді қабылдап алады. Көп адам осыны дұрыс түсінбей жүр. Қазір бұрынғыдай әкімдік қызметкерлері қабылдамайды. Үйді салған мердігерлердің кепілдік мерзімі бар. Олқылықтар болса, жөндеп береді» деп түсіндірді Зайсан ауданы әкімінің құрылыс мәселелері бойынша орынбасары Серік Тілемісов.
Бұл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлерде болған алғашқы шетін жағдай емес. Былтыр Күршім ауданында осы бағдарламамен салынған үйлердің бірінің астынан су шығып, жылу пеші жарылған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін облыста «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы шеңберінде жеке инвесторлар 16 млрд теңгеге 735 бірқабатты үй (1 238 пәтер) салған.