Алматы облысында Талғар қаласының дәрігерлері наразылыққа шықты. Жарақат бөлімінің 60-қа жуық қызметкері, басшылық бүкіл бір бөлімді Панфилов ауылына көшірмекші дейді. Медицина мамандары қаладан 23 шақырым жерде орналасқан елдімекенге барғылары жоқ. Оның үстіне айлығымыз төмендеп барады деген олар, аурухана бастығы ауыспасаңдар жұмыстан шығыңдар деп қорқытқанын айтады. Ал, бас дәрігер болса, журналистерге мамандарды ауыстыру тек талқыланып жатқан мәселе деп ақталды. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.
Жарақат бөлімінің 60-қа жуық маманы бір ауыздан Панфилов ауылына көшуге қарсы. Талғар ауданындағы жалғыз бөлімді одан сайын алыстатудың себебін түсінбейміз дейді. Күніне аяғы сынып, қолы шыққан 10-нан аса адам қабылдаймыз деген дәрігерлер, шағын ауылдан қарағанда, 200 мыңнан көп тұрғыны бар Талғарға травматология бөлімінің болуы маңызды екенін айтады.
"Мысалы, ол жерде гинеколог, педиатр жоқ. Кішкентай балалармен не болмақ? Біз не істейміз? Ертең адам өлсе, кім жауап береді? Бас дәрігер жауап бере ме? Бізді соттайды ғой", - дейді жарақат бөлімінің меңгерушісі Ерлан Демеуов.
"Біз мұны бір ай бұрын естідік. Сыбыс ретінде айтылған еді. Ал нақты шешімді кеше естідік", - дейді жарақат бөлімінің медбикесі Әйгерім Қалибек.
Жарақат бөлімінің Панфилов ауылына ауысатынын нақты кеше естіп, ертесі наразылыққа шыққан мамандардың сөзін бас дәрігер жоққа шығарды.
"Неге біз травматология бөлімін сол жаққа ауыстырмақ болдық? Ең үлкен жол Құлжа трассасы екенін білесіздер. Сол жерде көп жол апаты болады. Бізде ой боды. Ертең көшіңдер деген бұйрық бізде болған жоқ", - деді Талғар аудандың орталық ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков.
Наразылыққа шыққан дәрігерлер айлықтарының да мардымсыз екенін айтты. Санитар мамандар 70 мың теңге алса, дәрігерлердің жалақысы 120 мың теңге көлемінде. Ауруханаға заманауи құрылғылар алып жатырмыз деген, сенімгерлік басқару компаниясының басшысы мәселені майшаммен қарауға уәде берді. Ішкі тексеріс жүргізіп, ақ халаттылардың арыз-шағымымен жұмыс істейміз деді.