Ертең Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындары аяқталады. Дүбірлі додаға Қазақстаннан 34 спортшы аттанған еді. Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков спорттың фристайл-могул түрінен ел намысын қорғаған болатын. Жақында туған жері Өскеменге келген Аяулым Әміреновамен аз-кем сұхбат құрған едік.
– Аяулым, бұл – сіздің екінші олимпиадаңыз. 21 орыннан көріндіңіз. Әрине, бұған көңіліңіздің толмайтыны айтпаса да түсінікті. Десек те Бейжіңнен алған әсеріңіз қандай? Жоғары деңгейде өнер көрсетуге не кедергі болды деп ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Бірақ спортта бәрі болады ғой, жеңіс те, жеңіліс те. «Үздік жиырмалыққа кірсем» деген оймен барғаным рас. Өйткені, бірінші күні трассадан төмен құлдилағанда жақсы түстім. 16 орында болдым. Екінші күні де жақсы түсіп, үздік ондыққа кірсем деген ой болды. Бірақ кішкене қобалжыдым да, қателік жібердім. Сөйтіп, өте алмай қалдым.
– 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен қысқы олимпиадада 27 орын алған едіңіз. Ол кезде 16 жаста болдыңыз. Біздің спорт комментаторлары мен сарапшылар «Қазақстандық спортшыларға шетелдің шаңғышылары секілді 20 жасында медаль алу қиындау» деген пікір айтты. Тәжірибелі деген Юлия Галышеваның өзі үшінші олимпиадасында жүлде алды. Сізде тәжірибе аз ба?
– Бәрі дайындыққа байланысты. Мемлекеттен қаражат бөлініп, тиісті жағдай жасалып жатыр. Бірақ басқа елдермен салыстырғанда қардағы, яғни трассадағы жаттығуларымыз жеткіліксіз болып қалды. Виза ала алмай, шетелге шыға алмадық. Сондай қиыншылықтар болды. Елде болғанда батутқа, спорт залдарына бардық. Физикалық дайындығымыз болды. Бірақ ең негізгі қардағы дайындығымыз аз боп қалды.
– Негізі қайда жаттығасыздар? Шетелде ме, өзімізде ме?
– Алматыда дайындалуға тырысамыз. Сол жерде трасса құрып, бар жағдайды жасап жатыр. Ал күз кезінде шетелде жаттығамыз.
– Шығыс Қазақстанда Риддерде, Өскеменнің іргесінде «Алтай альпісі» секілді шаңғы базалары бар. Сіздерге осы жерлерде дайындалуға мүмкіндік бар ма?
– Риддер бізге келмейді. Ол жердің тауы біздің трассаға келмейді. «Алтай альпісінде» дайындалуға болады, бірақ трассалары талаптарға сай емес. Әлем кубогі өтетін трассалармен айырмашылығы жер мен көктей.
– Спорт сарапшылары «бізде халықаралық стандарттарға сай келетін спорт нысандары жоқ, спортшыларға тиісті жағдай жасалмаған» дейді. Бұл пікірмен келісесіз ғой?
– Келісем. Халықаралық деңгейдегі спорт кешендері аз.
– Бар болса, Алматыда ғана бар шығар. Қысқы спорттың Отаны саналатын Шығыста жоқ қой?
– Шығыста болмай тұр. Болса, шет елге шықпай-ақ өзімізде жаттығар едік. Үйде дайындалған жақсы ғой.
– 2017 жылы 7 кезеңнен тұратын Еуропа кубогінде 3 алтын, 1 күміс, 1 қола алдыңыз. Сол жыл сіз үшін табысты болды. 2018 жылы алғаш рет қысқы Олимпиадаға қатыстыңыз. Одан кейін 2019, 2021 жылдары әлем чемпионаттарында, басқа да үлкен жарыстарда бақ сынадыңыз. Алайда жүлдеге жақындай алмай жүрсіз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Дайындық жеткіліксіз бе? Карантиннің әсері ме?
– Ешкімді кінәламаймын. Бәрі өзіме байланысты. Алғашқы олимпиадаға 16 жасымда қатыстым. Бала болдым. Ол кезде көп нәрсені дұрыс түсінбедім. Дайындығым да аз болды.
– Бір сұхбатыңызда «Менің тұғырдан секіруімнің күрделілігі орташа. Бұл – кең таралған бағдарлама» депсіз. Жарыста жоғары ұпай бағдарламаның күрделілігіне байланысты беріледі ғой.
– Әр жарысқа келген сайын судьяларды таңғалдыруға тырысасың. Ал жарысқа келген 30 қыздың бәрі бірдей секірсе, олар бәріне бірдей баға қояды. Ал егер ерекше фигураны орындасаң жоғары балл алуға мүмкіндік бар. Мәселен, Юлия Галышева трамплиннен алға сальто жасап секіреді. Бұл – оның ерекшелігі. Оң жамбасына келетін әдісі десек те болады. Соған жоғары балл қояды. Ол сөйтіп таңғалдырады. Бізде ұқсас фигуралар болғаннан кейін баллымыз да соған сай болады.
– Иә, бұл түсінікті. Күрделі фигураларды орындау ойда бар ма?
– Әрине, бар. Негізі биыл қоймақшы болғам. Бірақ қоятын мүмкіндігім болмады. Жаздан бастап соған кірісемін.
– Галышеваның әдісі ме?
– Жоқ, менде басқа. Маған алға сальто жасаған ұнамайды, артқа сальто жасаған ұнайды.
– Төрт бірдей олимпиадаға қатысқан Юлия Галышева жөнінде не айтасыз? «Жасы келді» деп жатқандар да бар. Юлияның Оңтүстік Кореяда қалай секіргенін көрдік. Жоғары жылдамдықпен түсті. 77,40 балл алған еді ол кезде. Бұл жолы жылдамдығы бәсең секілді көрінді.
– Өздеріңіз білесіздер, Юлия олимпиадаға кішкене кешігіп келді. Дұрыс дайындала алмай қалған секілді.
– Фристайл могулге қазақ қыздарының қызығушылығы қалай?
– Керемет деп айта алмаймын.
– Осы жолы Бейжіңде 500 метрде шорт-тректен мұз айдынға шығып, қолаға қол созым жерден қайтқан Абзал Әжіғалиевқысқы спорт жазғы спорттың көлеңкесінде қалып қояды, насихат аз дегенге саятын пікір айтты. Фристайлға да насихат жетпей жатқандай.
– Жазғы спорт түрлеріне қысқы спорт секілді көп дүние қажет емес. Күреске барғың келсе кез келген залға татами жайып шұғылдануға болады. Біздің спорт үшін шаңғы керек, тау керек, трасса керек дегендей. Өте күрделі. «Көбіне суықта жүресің» деп те кейбір адамдар бұл спортқа барғысы келмейтін секілді.
– Ендігі жоспар?
– Шаңғы маусымын аяқтау керек. Алда үш жарыс бар. Әлем чемпионаты, универсиадалар бар. Тағы басқа да жарыстар болады. Соған дайындалу керек.
– Шет елдерде жүресіз, көріп жүресіз. Фристайл могул елімізде біршама дамыған спорт түріне жатады. Алдағы уақытта бұдан да жақсы дамуы үшін, спортшыларымыз жүлде алуы үшін қандай жағдайлар болуы керек деп ойлайсыз?
– Ең бірінші балаларды көптеп шақыру керек. Жарнама жасау керек. Басқа жақтарда клубтар өте көп. Көп көңіл бөледі. Тренерлер көп. Өздерінің залдары бар. Бізде жарнама аз.
– Өскеменде үйірмелер бар ма фристайл могулден?
– Тегін үйірмелер бар. 4-5 жастан баруға болады.
– Сіз фристайл могулден олимпиадаға алғаш және қатарынан екі рет қатысқан тұңғыш қазақ қызысыз. Осы спорт түрінен ұлттық құрама сапындағы жалғыз қазақ бойжеткенісіз. Жарыстарға, әсіресе олимпиада секілді үлкен додаларға барғанда «Мен қазақтың қызымын. Қазақтың намысын көтеруім керек, елдің атын шығаруым қажет» деген дүние ылғи ойыңызда жүретін шығар.
– Тек қазақтың емес, Қазақстанның атын асқақтатқым келеді. Есімім Юлия Галышевамен қатар аталса, сол секілді жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, олимпиадада жүлде алсам бұл спорт түріне келетін ұл-қыздарымыздың саны көбейер еді деп ойлаймын. Әрине, фристайл-могулден Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы болу мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік екені әркез ойымда жүреді.
– Жалпы, облыстың құрамаларында қазақ қыздары бар ма?
– Менің білуімше, жоқ.
– Ұлдар да жоқ па?
– Ұлдар бар. Біреуі әлі кішілеу, екіншісі ұлттық құрамаға өте алмай жүр.
– Аяулым, әңгімеңізге алғыс білдіреміз. Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз.