Баспаналы болудың жолдары
Баспаналы болудың жолдары
409
оқылды
Еліміздегі басты мәселенің бірі баспана екені даусыз. Бүгінгі күні 512 мың адам үй алу үшін кезекте тұр. Олардың 200 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады. Ал тізбеге ілікпей, «өз үйім – өлең төсегіме жетсем» деген арманмен, біреу­дің жатағын паналап жүргендерді есеп­тесек, бұл сан екі-үш еселенетіні анық.  

Бағдарлама баяны

Негізінде, Қазақстанда үй алу үшін бірнеше бағдарлама бар. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы 5 негізгі бағытты қамтиды. Бірінші – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу, екінші – кредиттік тұрғын үй құрылысы, үшінші – жеке тұрғын үй құрылысы, төртінші – жеке құрылыс салушылардың тұр­ғын үй құрылысын ынталандыру және бесін­ші – квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, тұрғын үй салу. Бағдарламаның ал­ғашқы жылында ел аумағында 23,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл іске 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. Осы­лайша, 213 мыңнан астам азамат баспаналы болды. «Әскери өнім» – тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие береді. «Бақытты отбасы» – көпбалалы отбасыларға арналған, оның қатысушылары тұрғын үй сатып алу үшін ең төменгі мөл­шерлемемен несиеге қол жеткізеді. Әлеуметтік «7-20-25» бағдарламасы арқылы жеке пәтер рәсімдеушілер саны да артып келе жатыр. Айта кету керек, биылғы жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық Азиядағы тұңғыш әйелдерге арналған гендерлік ипотеканы енгізгелі отыр. Несиеге берілетін 38 млрд теңгені Азия даму банкі ұсынады. Мөлшерлеме көлемі 12 пайыз болады деп жоспарланған. Сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «5-20-25» бағ­дарламасы 2016 жылдың желтоқсан айынан бері халыққа қыз­мет көрсетеді екен. Осыған дейін банк тара­пынан 150 млрд теңгеге 19 800 қарыз берілген. «Баспана хит» арқылы да үйге қол жеткізуге мүмкіндік бар. «Баспана хитпен» меншігіңізде пәтер бола тұра жаңа үйге де, бұрын салынған тұрғын үйге де ипотека алуға бо­лады. «Баспана хиттің» жалғыз ғана шектеуі – өтел­меген басқа ипотекалық кредитіңіз бол­мауы тиіс. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа «Әскери баспана» бағдарламасы биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында басталады. Үкіметтен тұрғын үй төлемін алатын әскерилер ғана ипотека рәсімдей алады. Наурыз айынан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазақстандық ата-аналарға «Арнау» деп аталатын жаңартылған балалар депозитін ұсынады. Бұл бағдарламамен 2 пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз рәсімдеуге болады. Алайда ата-аналар сатып алынатын үй құнының 50 пайызын 10 жыл бойы жинауы шарт. Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясы ұсынған «Орда» бағдарламасы жаңа және ескі үйлерден пәтер алуға мүмкіндік береді. Табыс көзін толықтай растаған жағдайда 12 пайыз, ал жартылай растағанда 14 пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз рәсімдеуге болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Өз үйім» бағдарламасымен қарыз рәсімдеу үшін салымшының шотында кем дегенде 500 мың теңге болуы тиіс. Қарызды өтеу мерзімі таңдап алынған қарыз түріне байланысты 6 айдан 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс барысында үлескерлік әдіспен үй сатып алуға болады. Әрине, қай банкті немесе бағдарламаны таңдау өз еркіңізде болса керек!  

Қайырымдылықпен баспана алғандар бар

Бір жылдары «Атақты боксшы, саясаткер, мультимиллионер Мэнни Пакьяо баспанасыз отандастарына арнап 1000 үй салып берді» деген хабар елді елең еткізді. Ол: «Филиппиннің Сарангани өңіріндегі отандастарыма арнап 1000 үй салып, тегін таратып бердім, осы үшін өзімді бақытты сезінудемін. Құрылыстың қаражатын толықтай өз қалтамнан шығардым», – деп жазды жеке парақшасына. «Мұнымен шектелмей, алдағы уақытта тағы да баспана салып отандастарыма үлестіре беремін. Өйткені кітабымыз Інжілде адамдарға қайырымдылық жасауға шақырады», – дейді Пакьяо. Ал үндістандық бизнесмен Савджи Дхолакия қызметкерлеріне Дивали мерекесіне орай гауһар тасты қымбат сыйлық үлестіріп, үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге 1 260 көлік пен 400 пәтер сыйға беріпті. Ал мұндай қайырымдылықпен өрілген дүниелер бізде де бар екенін айта кету керек. Мың адамның ішінде бір не екі адамды бақытты қылатын лоторея ойнатушылармен қатар халықтан тиындап қаражат жинап, жаны қатты қиналған, барар жері қалмаған көпбалалы отбасыларға баспана табыстап жүрген «Харекет» сынды қайырымдылық қорлары да бар. Бұл әрекет біраз адамға көмегін тигізер, бірақ көлге тамған тамшыдай екені сөзсіз. Дегенмен қайы­рымдылық қазақтың қанында бар қасиет екендігін ұмытпауымыз керек.  

Алаяқтан абай болыңыз!

Басқаның пәтерін жалдап жүрген, жылдар бойы кезекте тұрып жалыққан жандар, түрлі жолмен кезегін жақындатқысы келген немесе мемлекеттік бағдарлама шарттарымен толық таныспай, бәзбіреудің жеміне айналып жатқандар саны азаяр емес. Мысалы, 2019 жылы Орал қаласында үй алып беремін деп 27 тұрғынды тақырға отырғызып кеткен алаяқтар ұсталды. Олар «7-20-25» бағдарламасы арқылы кезексіз үй алып беремін деп азаматтардың ақшасын иемденіп кеткен. Алданғандар 75 мыңнан бастап 1 млн теңгеге дейін ақшасын ұстатып жіберген. Полицияға облыстың 27 тұрғынынан арыз түскен. Әйтсе де, тергеу болжамы бойынша жәбірленушілер саны одан көп болуы мүмкін. Ал бір айда Ақтөбе қаласында екі алаяқ ұсталды. Күдіктілердің бірі қала тұрғынының сеніміне кіріп, оған мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға көмектесетінін айтқан. Сөйтіп, одан 5 миллион 900 мың теңге алған. Екіншісі жер алып беремін деп халықтан ақша алған.  

ТҮЙІН

Қаражат жинап мемлекеттік бағдарламамен баспана алған экономист-блогер Дәулет Мұқаев «Кезекке тұрып, он-он бес жыл басқа­ның табалдырығын жалдап жүргенше, екі-үш жыл қаржы жинап, өз үйіне қол жеткізген дұрыс. Оның өзінде мемлекеттік бағдар­ла­ма­лар­ға жүгіну керек, әйтпесе алаяқтарға жем болуыңыз ықтимал!» дейді. Иә, әр адам бас­пана­лы болғаны дұрыс-қой! Сондықтан сатып алар үй іздегенде мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, банктен нақты талаптарды алуға өзіміз талаптануымыз керек-ақ.

   width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ