Ауыл әйелдерінің 20 пайызы қандай да бір қолдау болған жағдайда жеке кәсібін қолға алуға дайын, деп мәлімдеді "Әлеуметтік динамика" орталығының жетекшісі Елена Ожго. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.
"Тоғыз жыл ішінде жеке кәсіпкерлер туралы тренингтерден 50 мыңнан астам әйел адам өтті. Олардың 100-ден астамы грант қолдауымен өз кәсібін қолға алды. Жыл сайын 10 грант бөліп отырсақ, соңғы жылдары олардың саны екі есе артты. Биыл мерейтойға орай 20 грант бөлеміз деп отырмыз. Алайда тренингтен өткен әйелдердің тек 10 пайызының ғана жеке бизнес жоспарын құрып, конкурсқа қатысатынын байқадық. Неге бұлай екенін түсіну үшін зерттеу жұмысын жүргізіп көрдік", – деді Елена Ожго.
Әрі қарай қор жетекшісі зерттеу жұмысының қандай сауалдарға негізделгеніне тоқталды.
"Бизнес бастау туралы білім мен конкурс шарты туралы ақпарат ccb.kz сайтында жарияланған. Бірінші кезекте біз барлық әйелмен осы портал арқылы байланысып отырмыз. Әлеуметтік зерттеуге келетін болсақ, онда "Ауылда біздің аудитория бар ма? Осы білім оларға қаншалықты қажет? Мотивациялары мен проблемалары қандай? Көмекті қандай формада күтеді?" сынды сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Сауалнамаға 1 028 әйел қатысты. Олардың 328-ін негізгі фокусымызға алдық", – деді Елена Ожго.
Мұнымен қатар, ол зерттеу нысаны ретінде Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарын алғанына тоқталды. Айтуынша, жеке кәсіпкерлікке қызығатын әйел адамдар көбінесе Түркістан облысында шоғырланған. Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі респонденттердің 11%-ының алдағы үш жылда жеке кәсібін ашуға дайын екенін көрсетті.
"Ауыл әйелдерінің 20 пайызы жеке кәсібін бастау үшін белгілі бір қолдау күтеді. Бірақ нақты қашан ашатынын білмейді. Сарапшылардың пайымдауынша, осылайшай әйелдердің 30,6 пайызы жеке кәсібін бастауға дайын. Мұнымен қатар, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қызықпайтыны анықталды", – деді қор жетекшісі.
Бұдан өзге респонденттер алғашқы капиталдың жоқтығы және салған ақшаны жоғалтып аламын деген қорқыныштың өзіне кедергі болып отырғанын айтқан. Үшіншісі – психологиялық себеп.
"Негізінен 25-30 жастағы әйелдердің белсенді екенін көріп отырмыз. Әйелдер негізінен семинар, тренинг, бизнес негіздері, технологиялық мүмкіндіктер сынды қолдау күтеді", – деп түйіндеді Елена Ожго.