Жақында «Nur Otan» партиясы Байқоңыр филиалының «Жастар» бастауыш ұйымының мүшелері Қармақшы аудандық мәслихатының билік партиясының атынан сайланған депутаттары С.Жұмадьяровпен және Ш.Дәуленбаевамен кездесу өткізді. Жиынды ашқан бастауыш ұйымының төрағасы Ақайша Есенгелдиева депутаттарға өздерінің былтыр жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндап берді.
«Жастар» ұйымы бекітілген жылдық жоспар бойынша жұмыс істейді. Сол арқылы жастардың саясатқа араласуына, қоғамдық өмірге қатысуға тартып жатырмыз. Жастар мәселесі бойынша ай сайын қабылдау өткіземіз. Сондай-ақ ардагерлерге, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға хабарласып, ұдайы қолғабыс жасап тұрамыз»,– деді А.Есенгелдиева.
Жиын барысында «Nur Otan» партиясының XXI кезектен тыс съезінде қойылған мәселелер пысықталып, партияны модернизациялау жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ Жаңа Қазақстанды құру жолында бүгінгі қоғамға, партияға, әсіресе жастар қауымына қандай міндеттер жүктеліп отырғаны егжей-тегжейлі әңгімеленді.
«Осы орайда «Nur Otan» партиясы еліміздегі басқа партиялар мен өзге да саяси күштерден қандай айырмашылығы мен басымдығы бар деген сұраққа келер болсақ, 20 жылдан астам уақыттағы көптеген жетістіктеріміз бен басымдықтарымызды атап өтуге болады. Біріншіден, партия жетекшісінің Лидерлік тұлғасы. Екіншіден, партиямыздың материалдық, қаржылық, медиа ресурстық жағынан толық қамтылуы мен нақты мүшелері санының көптігін мысалға келтіруге болады. Біздің партия – нақты істердің партиясы, ол нақты көрсеткіштерге негізделген Сайлауалды бағдарлама мен басқа да ұзақмерзімді жоспарларды жасай отырып, оның орындалуына күш салады. Партиялық бақылау қызметі мен басқа да қоғамдық кеңестер арқылы атқарушы органдардың жұмыс есебін тыңдап, оларға талаптар қойып, орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ саяси ұйым халық пен билік арасындағы байланысты орнықтыратын алтын көпір рөлін атқарады», – деді Шолпан Дәуленбаева.
Айта кетейік, мұндай жиын «Тасбөгет» бастауыш ұйымында да ұйымдастырылды. Жиынға Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Ж.Нұрымбетов, Тасбөгет кенті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Молдашев, бастауыш ұйымының төрағасы Г.Сардарбеков және партия мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Партия мүшелері бастауыш ұйымның атқарған жұмыстары, Президент Қ.Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының XXI кезектен тыс съезінде қойған міндеттері жайында жан-жақты сөз қозғады.
Ал «Қосшыңырау» бастауыш ұйымында өткен жиналысқа Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Е. Әбдісаттаров қатысты. Ол бастауыш ұйымының жиналысына дейін ерекше мұқтаждығы бар оқушыларға арналған № 280 жалпы білім беру мектебінде болып, жақында ғана ашылған Коуоркинг және Дефектология бөлмелерінің жұмыстарымен танысқан болатын.
Жиын үстінде Қосшыңырау ауылы үшін өмірлік маңызы зор газдандыру және сумен жабдықтау мәселелері кеңінен талқыланды. Е. Әбдісаттаров «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты әріптестерін бірігуге шақырып, Қазақстан Президентінің Жолдауын тілге тиек етті.
Осы күндері «Қызылжарма» бастауыш ұйымы да мәжіліс өткізді. Мұнда ұйым төрағасының есебі тыңдалып, «Nur Otan» партиясының XXI кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер талқыланды.
Айта кетейік, 2021 жылы өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауында депутаттар құрамы 60 пайызға жаңарып, 20 пайыз жастармен және 30 пайыз әйел азаматтармен толықты. Қазір партияның барлық деңгейдегі өкілді органдарда басым дауыс иеленген депутаттық фракциялары бар.
Бүгінде еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын еңсеріп, Жаңа Қазақстан құруға талпынып отыр. «Nur Otan» партиясы мемлекетіміздің жаңа даму жолында Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бастамаларына қолдау білдіріп, оның негізгі тірегіне айналып отыр.