Қаңтар оқиғасынан соң қоғамда құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты сын көбейді. Кейбіреулер полицияның пәрменін арттыру керек десе, енді біреулер саладағы салғырттық сапаға әсер еткенін айтып, тағы сөгеді. Сонымен, Жаңа Қазақстанның полициясының имиджі, құрылымы қандай болуы қажет?
Ирак ЕЛЕКЕЕВ,
қоғам қайраткері, заңгер-құқықтанушы:
– Ішкі істер министрлігінің қасындағы Қоғамдық кеңесті біраз жыл басқардым. Сол кезде біздің тарапымыздан бірқатар ұсыныс болған. Соның ішінде жергілікті полиция қызметін енгізуді өзіміз көтердік. Бірақ біз жергілікті полиция жергілікті халыққа жақын болу керек екенін көкседік. Бастысы, олардың басқа қызметкерлерден айырмашылығы болу қажет екенін айттық. Одан кейін жеке құрам қызметкерлерінен заңсыз ақша жинауды доғару керек екенін талай көтердік. «Не үшін қызметкерлердің қалтасына қол салып жатырмыз? Ақшаны министр үшін жинап жатырмыз ба?», – дедім. Ақша жинау үшін полиция қызметкерлерінің өзі бір-бірін өлтірген жағдайға дейін барған оқиғалар болды. Мерекелік сыйақы беріп, соңынан жинап алатын сұмдық оқиғаларды естідік. Азын-аулақ жалақы мен сыйақысын иемдене алмаған қызметкер халықтың жағдайына алаңдамайды. Өз басымен уайым болып жүргенде, жүгенсіздікке жол беріп жатқанымыз – осыдан.
Ал полиция қылмыстық істен гөрі қоғамдық тәртіпті қадағалауды үйрену керек. Ауыр және аса ауыр қылмыстарға арналған бөлек мемлекеттік Тергеу комитеті құрылсын, болмаса шетелдегідей Бас прокуратураның жанынан ашылғаны дұрыс. Сосын Ішкі істер министрлігінен түрме мен колониялардың жұмысын алу керек. Кезінде тергеу изоляторларын қақсап жүріп, Әділет министрлігіне алдырдық. Бір беріліп, бір қайтарылды. Жақсы басталған жұмысты реформаторлар быт-шытын шығарды. Бұлай болмайды. Полиция өздері ұстап, өздері түзетумен айналысуы құлаққа кірмейді. Ал тергеу изоляторы біреу ғана болуы тиіс. Бізде Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің бөлек изоляторы бар. Осының барлығы жолға қойылғанда ғана «құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік» қағидаты жүзеге асар еді. Ал бізде қылмыс болғаннан кейін жұмыс істейді. Тағы бір мәселе, Ішкі істер министрлігінің басшыларынан бастап, бөлімше басшыларының есігінің алдында мықты күзет тұрады. Оның не қажеті бар? «Халыққа жақынбыз» дейді де, халықтан қорғанып жүреді. Көшенің барлығын камералап қойдық. Бірақ кешегі оқиғада камералардан келе жатқан адамның күдікті екенін күні бұрын біле алмасақ, камераны үсті-үстіне алып не керегі бар?
Василий ШУПЕКИН,
отставкадағы полиция полковнигі:
– Полициясыз мемлекетте тыныштық болмайды. Алдымен осыны түсінейік. Біздегі Ішкі істер министрлігі бірқатар міндетті атқаратын үлкен аппарат. Салдарынан полицияның міндеті көбейді. Сол үшін олар өздерінің негізгі міндетін түсінуден қалды. Реформа жүргізуді министрліктің өзін екі құрылымға бөлуден бастау керек деп санаймын. Біріншісі – қылмыстық іс жүргізумен айналысатын, екіншісі – әкімшілік сипаттағы тұрмыстық жағдайға жауапты болу. Мысалы, Францияда жандармерия, Польшадағы жергілікті полиция тек қана қоғамның ішкі жағдайымен айналысады. Бұл тергеушілер мен жедел уәкілдердің өз жұмысын атқаруына жеңіл болады. Ал учаскелік инспекторлар ішкі бөлімдерге жауапты болуы керек. Біздегі жергілікті полиция қызметі министрлікке бағынады. Учаскелік полиция суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын адамға айналды. Шын мәнінде, олар тұрмыстық мәселелерге ғана жауапты болуы керек. Мәселен, көршілердің сыйластықта болуын, тыныштықты бұзуына жол бермеуге жұмыс істеуге тиіс. Жаңағы Польшадағы жергілікті полиция өкілдері тұрғындармен жуылған кір қаланың көркін, көршінің көзқарасына қайшылық туындатып жатпағанына да көңіл аудару керегін түсіндіреді. Ал біз учаскелік инспекторға адам өлімі болса да, тұмсықтан ұрғанның ісін де, заңдылықты сақтамаған адамды да мойнына іліп қойдық. Бұл – дұрыс емес.
Мәди МЫРЗАҒАРАЕВ, адвокат:
Үйге күрделі жөндеу қажет болатыны секілді, қазір құқық қорғау саласына да түбегейлі өзгеріс керек. Өйткені аты мен затына дейін өзгертпесек, ішінен іріңдеп, сыртынан құлайын деп тұрғанын көріп жатырмыз. Шетелдердегідей полицияға ребрендинг жасамаса болмайды. Бұл өзгеріс полицияның жұмысына халықтық бақылау болуы тиіс. Өйткені министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің жұмысы кеңесумен қалып қойды. Қазіргі кеңестің жұмысы бір столда бас қосып, шай ішумен шектеліп тұр. Олардың құрылымдағы қордаланған мәселені шешуге құзыреті жоқ. Сондықтан Жергілікті полиция қызметінің, Полиция департаменті басшысын, тіпті министрдің өзін халықтық бақылау мүшелерінің келісімінсіз тағайындалмайтындай жасау керек. Мектептерде қазір қамқоршылық кеңес деген бар. Мектеп директорын сол кеңестің рұқсатынсыз тағайындай алмайды. Сол секілді бұл салаға да қоғам өкілдерінен бақылау жасау маңызды. Және оның құрамына әдеттегідей министр мен депутаттар емес, қоғам белсенділері тартылу керек. Халықпен санаспай істелген жұмыс ешқашан алға баспайды.
Біздегі прокуратура мен ішкі істер органы жабық ұйым. Бұлар бөлек мемлекет секілді. Ешкімді есігінен кіргізбейді, кірсең құжатыңды өткізіп, телефонды тапсырып кіресің. Халықпен ашықтық жоқ. Қазір «ұрған, соққан, халықты азаптаған» деген ақпарат толып кетті. Бірақ таяқ жеп, өліп кеткен әскерилер мен полицейлер де көп қой. Алайда олар туралы ақпарат жоқтың қасы. Себебі прокурорлар да, полиция да өздеріндегі ақпаратты жауып алды, ешкіммен бөліспейді. Ақпарат жоқ болған соң қаңқу сөз бен болжам көбейді. Вакуум жалған ақпаратқа толады. Қоғамда «полицейлердің барлығын жұмыстан шығарып, орнына қайтадан алу керек» дейді. Бірақ халықпен тығыз жұмыс істеп, ашықтық болмаса, жаңадан келген адамдар да ары кетсе 5-6 айдан кейін осы қалыпқа түседі.