Бейжің Олимпиадасы: қоржынымыз бос қайтты
Бейжің Олимпиадасы: қоржынымыз бос қайтты
436
оқылды
Қытай астанасы Бейжіңдегі ХХIV қысқы Олимпиада ойындары аяқталды. Әлемдік доданың жабылу салтанаты 2008 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына арнап салынған әйгілі «Құс ұясы» стадионында өтті. Салтанатты іс-шарада соңғы 16 күн бойы әлем назарын өзіне аударып, жеңіске деген жігерімен көзге түскен спортшыларға үлкен құрмет көрсетілді. Бейжің тарихта қысқы және жазғы ойындарды қабылдаған тұңғыш әрі жалғыз қала атанды. Сондай-ақ спорттық бәсекенің соңғы күні дәстүр бойынша шаңғымен жарысудан марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Кинорежиссер Чжан Имоу жетекшілік еткен жабылу салтанатында Қытай тарихы мен мәдениетінің қыр-сыры көрсетіліп, ойынның басты қаһармандары – спортшы­лардың шеруі өтті. Әрмен қарай Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах сөз алып, жарысты ұйымдастырушыларға, қатысушыларға алғысын білдірді. «Сіздер бір-бірлеріңізге қолдау көрсетіп, мемлекеттер арасында кикілжің болса да, бір-бірлеріңізді құшақтап, бір-бірлеріңізді сыйла­дыңыздар. Осы арқылы олимпиадалық қо­ғамдастықта бәрі де тең екенін дәлел­дедіңіздер», – деді Бах. ХОК президенті Бейжің Олимпиадасында төмен түсірілген Олимпиада туын 2026 жылғы қысқы ойындарды қабылдайтын Италияның Милан және Кортина-д"Ампеццо қала­ларының мэрлеріне табыстады.

Норвегия –1, Қазақстан 58-орында

109 медаль жиынтығы сарапқа салынған дүбірлі додада 91 елдің 29-ы жүлдегер атанды. Қазақстан медаль алмаған 62 елдің қатарында. Норвегия Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль алып, алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты. Айта кетейік, бұрын қысқы Олимпиадада бір ел мұнша алтын иеленбеген. Норвегтер бір миллиардтан аса халқы бар және осы жарысты өткізуге миллиардтаған қаржы жұмсаған Қытайды, спорт державасы саналатын АҚШ пен Ресейді артқа тастады. 12 алтын, 10 күміс, 5 қоламен Германия екінші орын алды. Немістер Оңтүстік Корея жерінде өткен ақ Олимпиадада да 2-орыннан көрінген еді. Үздік үштікті 9 алтын, 4 күміс, 2 қоламен жарыс қожайындары Қытай құрамасы түйіндеді. 8 алтынмен АҚШ, Швеция, Нидерланд құрамасы 4,5,6-орындарға жайғасты. Ресей құрамасы 6 алтын, 12 күміс, 14 қоламен 9-орынға тұрақтады. Көршілеріміз Пхенчханда 2 алтын, 6 күміс, 9 қоламен 13-орын алған болатын. Бұл жолы олар өткен Олимпиададағы көрсеткішін сәл де болса жақсарта алды. Ал Қазақстан 58-орынды қанағат тұтты. Соңғы үш қысқы Олимпиадада жүлде алып келген құрамамыз 2006 жылғы Турин ойындарынан кейін алғаш рет медальсіз қалды. Бұған дейін 2010 жылы Елена Хрусталева күміс, 2014 жылы Денис Тен қола және 2018 жылы Юлия Галышева қола медаль алған. Пхенчханда Галышеваның 1 қоласымен 28-орынға тұрақтағанбыз. Бейжіңде ол жетістігімізді жақсартпақ түгілі қайталай да  алмадық. Қытайда бақ сынаған команда құрамында 34 спортшымыз спорттың 8 спорт түрінен жарыс жолына шықты. Ешқайсысы жүлдеге жетпеді. Дегенмен жүлделі орынға бір табан жақындаған спортшыларымыз болды. Команда сапындағы ең жоғары нәтижені шорт-трекші Абзал Әжіғалиев тіркеді. Ол шорт-тректен 500 метрге жарысуда төртінші орын алды. Осы жетістігі үшін спортшыға 30 000 доллар сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ Абзал мен аралас эстафетаға қатысқан Яна Хан, Ольга Тихонова және Денис Никиша бесінші орын үшін 10 000 доллардан алады. Сонымен бірге командалық спорт түрлері бойынша табысты өнер көрсеткені үшін команданың үш жаттықтырушысы бірдей мөлшерде сыйақы алады. Қаражат Қазақстан Республикасы мемлекеттік резервінен төлен­еді. Негізі о баста қола да қолымызға тимейтінін спорт сарапшылары алдын ала болжаған. Өйткені жазғы Токио Олимпиадасында қоланы қанағат тұтқан елдің қысқы спорт түрінен жүлдеге таласарына көпшілік сене қоймады. – Бізде қысқы спортпен айналысу қарапайым қазақстандық үшін тым қымбат. Спорт мастер дүкендерінде қысқы спорт құралдарының құны аспандап тұр. Оған кез келген қазақтың қолы жете бермейді, алайын десе, қалтасы көтермейді. Одан бөлек елімізде лайықты спорт кешендері жетіспейді. Бір бала қысқы спортқа қатысқысы келсе спорт кешенін таппайды. Тапқан күннің өзінде сол спорт кешеніне кіру үшін қаржы жағына келіп тіреледі. Басқасын былай қойғанда, ұлттық құрама мүшелерінің өзі елордадағы Алау мұз айдынына кіре алмайтынын бірнеше рет айтқан. Олар тым қымбат. Осының барлығы бізде қысқы спортты дамытпай отыр, – дейді спорт шолушысы Анық Көкенайұлы. Жалпы, кейінгі екі Олимпиададағы нәти­жеміз өте төмен. Бейжіңде спортшыларымыз спорттық доданың салтанатты ашылу рәсімінде киіп шыққан спорттық киімдерімен ғана мақтана алады. Мұнан өзге Қытайдағы жарысқа құраманы апаруға 228 млн теңге, жалпы дайындыққа 400 млн теңге кеткенін атап өткен жөн.

Кімдерден жүлде күттік?

Қытай астанасында Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Екатерина Айдова, Надежда Морозова, Денис Кузин секілді тә­жірибелі спортшылар бұрынғы көрсеткіш­терінен де төмен нәтиже көрсетті. Жанкүйерлер, әсіресе могулшылар, шорт-трекшілер мен конькимен жүгірушілерден үміт күтті. Әсіресе, қазақстандықтар 29 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тумасы, фристайлшы Галышеваға сенім артты.  Өйткені Юлия осыдан 4 жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз медальді салған. Бейжіңдегі жарыстың бастапқы сатыларында тәуір өнер көрсеткен Галышева «ТОП-12» фристайлшының қатарынан көрініп, өз көрермендерін бір желпіндіріп тастаған еді. Бірақ одан әріге Юлияның шамасы жетпеді. Екінші финалда небәрі 49,74 ұпай жиған ол үздік алтылықтың санатына қосыла алмады. Нәтижесінде, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігінен айырылып, Бейжің Олимпиадасын 11-орынмен қорытын­дылады. Фристайлдың могул түрінен ерлер арасында Рейхерд 8, Колмаков 21-орынмен шектелді. Дмитрий 76,77 ұпай, Павел 74,09 ұпай алды. Олимпиадада жүлде алу үшін спортшы 80 ұпайдан асуы тиіс. Бірақ қазақстандық могулшылар Бейжіңде 80 ұпайға маңайлай алмады. Колмаков 2021 жылы наурызда Алматыда өткен әлем чемпионатында могулдан 82,23 ұпай жинап, қола медаль иеленген. Ал биыл Рукадағы (Финляндия) әлем кубогы кезеңінде 82,10 ұпаймен күміс медаль алған. Оның осы екі жүлдесі алдағы маңызды жарыста қазақ­стан­дықтарға үлкен үміт сыйлаған. Бірақ ха­лық­аралық жарыстарда жүлдеге таласып жүрген Колмаков та, алғашқы Олимпиадасына 2006 жылдан бастап қатысқан 33 жастағы Рейхерд те бесінші Олимпиадасында ойдағы­дай нәтиже көрсете алмады.

Қош, сонымен төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі тарих қой­науына кетті. Өкінішке қарай, Бейжіңде Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтты. Енді Италияда өтетін ХХV Олимпиада ойындарында нәтижемізді жақсартып, сәтті өнер көрсетуге осы бастан көңіл бөлсек екен.