Ауыр қылмыс жасағандар қатаң жазаланады
Ауыр қылмыс жасағандар қатаң жазаланады
242
оқылды
Құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесінде «Қаңтар трагедиясына» қатысты жаңа мән-жайлар белгілі бол­ды. Оқиғаға қатысты тың мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бас проку­ра­тураның 1 қызмет бастығының орын­басары Елдос Қилымжанов пен ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Сан­жар Әділов жариялады.

Теміржолды жауып, пойыздарды тоқтатқан

Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың мә­лімдеуінше, Атырау облысында қылмыскерлер өзге өңірден күштік құрылым қызметкер­ле­рінің келуінен қорқып, теміржолды жапқан. Сондай-ақ үш жолаушы мен бес жүк пойы­зының қозғалысын тоқтатқан. Тіпті, полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздарына шабуыл жасап, 18 жастағы қарусыз жедел қызмет сар­базын орталық көпірден лақтырып жіберген. Бас проркуратура өкілі адамдар зардап шеккен және залал келтірген қылмыстарға белсенді қатысқандарға ең қатаң бұлтартпау шарасы қолданылатынын айтты. Ведомствоаралық тергеу тобы арнайы прокурорлардың басшылығымен аталған санаттағы 91 істі тергеп жатыр. Оның ішінде 46 іс терроризм актісі, ал 45 іс жаппай тәртіп­сіздіктер бойынша қозғалған Аталған істер аясында 469 адам сот санкциясымен қамауға алынған. «Жеке басын, жасалған қылмыстағы рөлін, тергеуге жәрдемдесуді ескере отырып, 128 күдікті қамауда ұстау – ешқайда кетпеу ту­ралы қолхатқа, кепілге және жеке кепіл­ге­рлікке ауыстырылды. Бұлтартпау шараларын қайта қарау бойынша жұмыс тұрақты жүр­гізіледі. Бұл ретте адамдар зардап шеккен және залал келтірілген қылмыстарға белсенді қатысушылар үшін ең қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады», – деді Е.Қилымжанов.

Мәйітті ұрлағаны анықталды

Сонымен қатар брифинг барысында мән-жайына көз жеткізбей қылмыстық іс туралы көпшілік алдында пікір білдіру фактілері туралы да сөз болды. Бас прокуратура өкілінің айтуынша, белгілі спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына азамат М.- ға қатысты бұлтартпау шарасын негізсіз қолданылғаны туралы жазба жариялаған. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлгі М.есімді азаматтың Қызылорда қаласының жергілікті полиция қызметі ғимаратына қа­рулы шабуыл жасап, полиция қызметкерін жарақаттағанын анықтаған. Кейіннен оның полиция ғимаратындағы атыс кезінде қаза тапқан серігінің мәйітін мәйітханадан ұрлағаны да мәлім болды. Жалпы, Бас прокуратура қамауда отырған адамдарды ұстау орындарына тексеру жүр­гізіп, әр күдіктіні жеке қабылдайды. Кү­діктілер тарапынан ұстау шарттарына шағым болған кезде дереу тиісті шаралар қабыл­данады. Бас прокуратураның 1 қызмет бас­тығының орынбасары Елдос Қилымжанов қамалғандар үй-жайлардың температуралық режимі, сәлемдемелерді алудың қиындығы, туыстарымен кездесуді ұйымдастыру мәселе­лері бойынша шағымданатынын айтты. «Қамауға алынған адамдар ұсталатын үй-жайларды күн сайын прокурорлармен бірге құқық қорғау ұйымдары да тексереді. Тергеу изоляторларындағы қаңтар оқиғаларына қатысушыларға адам құқықтары жөніндегі уәкіл 9 рет, оның өкілдері 41 рет барған. Бұдан басқа, аталған адамдармен Парламент де­путаттарының топтары 9 рет, Ұлттық сенім қоғамдық кеңесінің өкілдері 4 рет, қоғамдық ұйым мүшелері бір-бірден кездесті. Күдікті­лерді ұстау шарттары барлық жалпы қабыл­данған халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», – деді Е.Қилымжанов. Брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ведомство тарапынан қаңтар оқиғаларын тергеу мен елдегі құ­қықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың аяқ алысы жайында баяндады. Қазір ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде оқиғаға қатысты 2 729 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 255 адам күзетпен ұсталған. Сонымен бірге жа­саған әрекетінің сипатына қарай сот ше­шімімен 140 адамға бұлтартпау шаралары тағайындалған екен. «Бұрын аталғандай, қылмыстық істердің негізгі бөлігі келесі қылмыстар бойынша тер­гелуде: ұрлықтар – 1 844, қарудың заңсыз айналымы – 343, мүлікті қасақана бүлдіру немесе жою  – 144. Қылмыстық істер бойынша 1,5 мыңнан аса жеке және заңды тұлға жә­бірленуші деп танылған, 12 мыңнан астам адамнан жауап алынған, 2 мыңнан астам әртүрлі сот сараптамасы тағайындалған», – деді спикер. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғаларына қатыс­қандардың әрекетіне құқықтық баға беріп, олар­дың ақ-қарасын айыруға ішкі істер орган­дарының 500-ден аса қызметкері тар­тыл­ғанын айтты. Ішкі істер министрлігі орталық аппа­ра­тынан аймақтарға тәжірибелі қызметкерлер де жіберіліпті.

Ұрланған қаруды сатқан

ІІМ-нің өкілі бүлік кезінде қолданылған қа­руларға қатысты да мәлімет берді. Алынған қарудың жалпы саны – 1 006 және оқ-дәрі – 20 307. «Жедел іс-шаралар кезінде Алматы қаласы Шаңырақ-2 шағынау­данында екі адам ұсталды, олардан 5 мың пис­толет және автомат патрондары бар цинк жә­шіктері, бронежилет, қалқан, тізеқор­ға­ғыштар түріндегі арнайы құралдар, 2 танкіге қарсы снаряд, тегіс ұңғылы қару, 7 пневма­тикалық винтовка, оның ішінде біреуі оптика­лық көз­де­гішімен және пневматикалық пис­то­лет алын­ды», – дейді С.Әділов. Тергеу департа­менті бастығының айтуынша, күдік­тілердің Алматы қаласындағы «Оружейник» аңшы дүкенін тонап, әуежайға шабуыл жасап, қиратуға қа­тыс­қаны анықталған. Тәртіп сақшылары ұр­ланған қаруды сату фактілерінің де жолын кесті. «18 ақпанда Жамбыл облысының Байзақ ауданында жедел іс-шаралар барысында криминалдық полиция қызметкерлерімен ұрланған Калашников автоматын сату ба­ры­сында Тараз қаласының 45 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктіден жеке тінту бары­сында қа­руды сатудан түскен 300 мың теңге, автома­ши­на салонынан екі Калаш­ников авто­маты оқ-дәрісімен алынды. Жо­ғарыда көрсе­тіл­ген барлық адамдар проку­ратурамен келі­сі­ліп жә­не сот санкциясымен күзетпен ұстауға алын­ды», – деді Тергеу де­партаментінің бастығы. Жалпы, түсіндіру жұмыстары кезінде азаматтар 100 данадан аса қаруды ерікті түрде тапсырған. Ведомство өкілі қаруды ерікті түрде тапсырған адамның әрекеттерінде қылмыстық құрам болмаса оның жауап­кер­шілікке тартылмайтынын да еске салды. Тәртіп сақшылары жаппай тәртіпсіздіктер кезінде азаматтардың және бизнес субъек­ті­лерінің ұрланған мүліктерін іздестіру бойын­ша да ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін полиция қызметкерлері жалпы құны 120 миллион теңгеден асатын мүлікті тапқан. Брифингті қорытындылаған ІІМ Тергеу департаментінің бастығы ведомствоның тер­геу­дің алдын ала нәтижелері туралы әркез хабар­лап, азаматтардың әрбір арызына, полиция жұмысын жетілдіру бойынша ұсы­ныстарға ден қойылатынын айтты.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ