«Атамекен» палатасы жойыла ма?
«Атамекен» палатасы жойыла ма?
489
оқылды
Әр компаниядан 8 миллион теңгеге дейін жарна жинап келген. Бірақ кәсіпкерді қажытқан мәселелерді тегіс шешуге қауқарсыз болды: 8 жылда түскен 41 мың шағымның жартысын да оң шеше алмаған. Штатында небәрі 230 қызметкері бар ұйымның шығыстары 8,3 миллиард теңгеге дейін шарықтаған. Осының бәрі – «Атамекен» палатасы туралы. Президент сынынан кейін билік оны реформалауға қызу кірісті. ҰКП басшылығы толық дерлік қызметінен кетті. Ал елордада өткен съезде сын қарша борады, біраз жыл беті бүркемеленіп келген жайттар ашық айтылды. «Ұлттық палата бизнес пен би­ліктің сындарлы диалогін жолға қойды, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастырды. Басымдығы әр­қа­шан бизнес құқығын қорғау бол­ды. Жоғарғы Сотпен, Бас про­ку­ратурамен және Антикормен жұмыс жолға қойылды. Барлық өңір­де кәсіпкерлердің құқығын қор­ғау кеңестері жұмыс істейді» – бұл «Атамекенге» Тимур Құлы­баевтың берген бағасы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын 8 жыл басқарған ол 2022 жылғы 17 қаңтарда «ҰКП төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігінен өз еркімен бас тарт­ты». Ізінше 8 ақпанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы ұлттық палатаның реформаланатынын жариялады. Президент маңызды бір мәлімдеме жасады. Бұған дейін «Атамекен» негізінен ірі бизнесті, қаржылық, өнеркәсіптік топтарды, олигарх­тарды қолдауға басымдық беріп келгені жасырын емес. Өйткені бас­шылығының өзі сол санатқа жататын, әрі ірі бизнес – палата­ның негізгі демеушісі. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы «Атамекенді» қайта форматтап, оның бар-күш жігерін енді «шағын бизнесті қорғап, дамытуға шоғырландыру қажет», – деді: – Отандық бүкіл бизнестің 90%-дан астамын бүгінде шағын компаниялар құрайды. Ұлттық палатаны реформалау кезінде оның функционалын дәл осы шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға шоғырланды­рыл­ғаны жөн. Бұл ретте шағын биз­несті міндетті мүшелік жарнадан босату керек, – деді ол. Демек, палата биігінен түсіп, ұсақ және шағын бизнеске жақындауы шарт. Ал аз шоғыр алып бизнес бұдан былай «Атамекен» секілді екі ортадағы делдалсыз-ақ, Үкіметпен тікелей жұмыс істеп, өз мәселе­лерін шеше алады. Осы мақсатта Президент тапсырмасымен Үкімет жанынан Отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Сонымен бірге ірі кәсіпкерлік субъектілері де ҰКП-ға жарна төлеуін жалғастыра бер­мек.

Жарнаға қанша қаржы кетті?

Айта кету керек, жарна мәселесі кә­сіпкерлердің қитығына тиіп келген еді. Мысалы, 2014 жылы бизнесмен Самат Са­ғиданов барлық кәсіпкерді ұлттық палатаға жарна төлеуге міндеттеуді тоқ­татуды талап етіп, Астана мамандан­дырылған экономикалық сотына талап-арыз түсірді. Оның дәйектеуінше, бұл Ата Заңға қайшы, Конституцияның 26-бабы 4-бөлімінде: «Әркімнің кәсіпкерлік қыз­мет еркіндігіне құқығы бар» делінген. Тиі­сінше, іскер азамат еш ұйымға қосыл­май-ақ, заңмен тыйым салынбаған кәсіп­пен еркін айналысуға қақылы. Жауапты тарап ретінде осы тетікті енгізген Үкімет тартылды, ҰКП – үшінші тарап болды. Әрине, бұдан еш нәтиже шықпады. Судья Б.Сатбаев шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Кәсіпкер қазір заңгер болып жұмыс істейді. Ұлттық палатаға мүшелік жарна сол кезде – орта бизнес субъектілері үшін 160 АЕК (296 320 теңге), ірі бизнес үшін – 4 400 АЕК (8 148 800 теңге) көлемінде бекітілді. Дегенмен бұған қарсы отандық бизнес­тің наразылығы күшейе берді. 2019 жыл­дың шілдесінде алматылық кәсіпкер па­латаның байланыс орталығына қоңырау шалып, жарна жайында не ойлайтынын ашына айтып салған. Ізінше бизнесмен мен «Атамекен» қызметкері арасындағы телефон әңгімесінің жазбасы әлеуметтік желіде тарады. Онда мүшелік жарна «кәсіпкерлік салыққа» айналып кеткені мәлімделген. Осыған түсініктеме берген ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев: «Міндетті мүшелік жарна – салық емес» деп шорт кесті. Бірақ жарна бәрібір бизнеске салығын салатыны құпия емес. Жарнаға қарсы «бас көтерулер» пан­демия басталғалы артты. «Маған «Атаме­кен» ҰКП-дан хат келді. Алғашында қуа­нып қалдым, ұлттық палата қиын шақта бизнесмендерге қолдау хатын жіберген болар немесе карантин жағдайында биз­несті қалай жүргізу туралы рекоменда­циялар жолдаған шығар дедім. Өкінішке қарай, олай емес. Кезекті рет 278 355 тең­геге есепшот жіберіпті. Бұл міндетті мүше­лік жарна», – деп күрсіне жазды Facebook парақшасында 2020 жылы Санжар Боқаев.

Ақша қайда, «Атамекен»?

«Атамекен» ұлттық палатасының рес­ми мәліметіне жүгінсек, оның 2021 жылғы табысы 8 млрд 381,3 млн теңгені құраған. Оның 5 млрд 537,9 млн теңгесі – міндетті мүшелік жарна. Тағы 1 миллиардқа жуық қаржыны (991,9 млн теңге) «Бизнестің Жол картасы-2025» мембағдарламасынан алған. 1 млрд 772,9 млн теңге – «Еңбек» нә­ти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кә­сіпкерлікті дамытудың мембағдар­л­а­масынан келген. 78,6 миллион теңге – білім бағдарламаларына бағалау жүргізу бойынша мемтапсырманы орындаудан тапты. 2022 жылғы 2 ақпанда ҰКП «2021 жылғы қазақстандық ЖОО-лар рейтингін» ұсынған-тын. «Атамекеннің» шығыстары 8 млрд 350,9 млн теңге болды. Соның ішінде 2 млрд 954,7 млн теңгесі – ұлттық пала­таның орталық аппаратын ұстап тұруға және оның ағымдағы шығыстарына бағыт­талыпты. Мысалы, бұл сома Тобыл қаласының бюджетінен (733,3 млн теңге) 4 есе көп! Атамекен Тағы 2 млрд 552,8 млн теңгесі – өңірлік палаталарын, аудандық филиалдарын ұстап тұруға кетті. Оның мегаполистер мен облыстарда 17 өңірлік палатасы, аудан орталығы мен моноқалаларда 195 филиалы бар, оларда 745 адам істейді. Мұндай жан-жақты тарамдалған филиалдық желі аймақтардағы кәсіпкерлер мәселесін сол жерде-ақ шешуге мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда қала-аудандағы кәсіпкерлер мұңын шағып, Президентке жүгінуін жал­ғастырып отыр. Қалған 2,8 млрд теңге бизнесті қар­жылық емес қолдауға, «Еңбек» мембағ­дар­ламасына, мемлекеттік тапсырманы орындауға бағытталды. Ұлттық палатаның Орталық аппара­тының штатындағы 230 қызметкерге жалақы төлеуге 1 млрд 475,4 млн теңге шығындалды Тиісінше, әр қызметкерге орта есеппен 6,4 млн теңгеден (айына 535 мыңнан) төленген болып шығады. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікті, елорданың ең қымбат ауданындағы аспанмен тірескен сән-салтанатты заңғар ғимаратта кеңсе­лердің және басқасының арендасына бір жылда 363,7 млн теңге шығыс жоспар­лан­ған. Тарата айтсақ, палата өзі үшін жалпы алаңы 5 368,7 шаршы метр кеңселік алаң­ды, ал бизнес-омбудсмен үшін 1 авто­көлікті жалға алады. Бизнес-омбудсменнің интернет-ресурсын сүйемелдеу, сайт кон­тентін аудару 2,7 млн теңгеге түсіпті. «Атамекеннің» телекоммуникациялық, пошталық шығыстары, интернеті кәсіп­керлер мен мемлекетке 72,9 млн теңгеге түскен. Кеңсе тауарларына, офистік тех­никаның шығыс материалдарына, имидж­дік өнімдерге және басқасына 35,9 млн теңге ақша бөлді. 77,4 млн теңгеге «PR, ақпараттық жұ­мыс қызметтерін» жалдаған. Съезд, төралқа отырысын өткізу 15 млн теңге тұрған. Әлдебір кеңес-кон­сульта­циялық қызметке 530,1 млн теңге бөліпті: оның 502,1 млн теңгесі палатада аккре­диттелген қауымдастықтар мен одақ­тарға берілген (олардың жалпы саны – 199). Бизнесмендерге де пайдасы шамалы, «Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы» әзірлеуге 28 млн теңге шығындалған. 12,7 миллион теңге палатаның YouTube арна­сын дамытуға салынған. ҰКП басқармасының резерв шығысы 100 миллион теңгені құрады. Енді ұлттық палатаның жаңа басшы­лығы ысырапшылдықты тыйып, үнем­шілдік пен ұтымды әрекетке көбірек ден қояды деген үміт бар.

Палата пәрменді бола ма?

18 ақпанда өткен «Атамекеннің» IX кезектен тыс съезінде ұлттық палатаның ша­ғын бизнесті мүшелік жарнадан боса­татыны туралы жағымды жаңалық жария етілді. Яғни, ҰКП жыл сайын олардан алып отырған 1,2 миллиард теңге шағын кәсіпкерлердің қалтасында қалады. Бұған дейін шағын бизнестің 21 мыңнан астам субъектісі «Атамекенге» жарна төлеуге мін­детті болып келді. Бұл – палатаға жар­на төлеушілердің жалпы санының 74%-ы. Ал олардан түскен жарна жалпы түсімнің 17%-ын құрады. Яғни, жарнаның басым бөлігін ірі бизнес төлейді. Нәти­же­сінде, жарна төлеушілер саны 4 есеге – 29 мың­нан 7 мыңға дейін азайды. Бұл ҰКП бюджетінің азаюына соқ­тырады, сондықтан палата өз шығыстарын қысқартпақ. Дегенмен «Атамекен» төрал­қасының жаңа төрағасы (бұрын бұл лауа­зымды Тимур Құлыбаев атқарған) Ра­йым­бек Баталов әңгіме тек «міндетті мүшелік жарнаны» жою туралы ғана болғанын ескертті: егер шағын не микро бизнес өкілі ерікті жарна аударғысы келсе, жол ашық. Тек бізде ерікті дегені міндетті бо­лып шығатыны бар. Ертең шағын кәсіп­орын­дар мен жеке кәсіпкерлерге мүддең­ді ілгері­леткің келсе, ақша төле демесе болғаны. Съезде Президент бастамасына сәй­кес, «Атамекенді» реформалау жайы қа­рас­тырылды. Түрлі ұсыныстар пысықталу үстінде. Кәсіпкер Г.Шестаков төралқаны әрбір 2 жыл сайын ауыстырып отыруды ұсын­ды. Әйтпесе, бұрынғылары табан ау­дармай, ұзақ жыл жайлады. Айтпақшы, «Атамекенді» 2013 жылдан бері басқарған Абылай Мырзахметов ­қы­з­метінен кетіп, ҰКП басқарма төраға­сының міндетін атқарушы лауазымын Нариман Әбілшайықов иеленді. Ол бұған дейін палатаның бірінші орынбасары болған. Енді «басқарма төрағасы тек 4 жыл ғана болсын» деген шектеу ұсынылып жатыр. Кәсіпкер С.Катнов палата құзырын арттыруды ұсынды: «ҰКП қазіргідей кеңестік-консультативтік емес, реттеуші және норма шығарушы функцияны ат­қаруы тиіс». Заңнамада кәсіпкерлік бір­лестіктің сарапшылық қорытындысынсыз НҚА-лар қабылдана алмайтыны жазыл­ған. Ол – палатаның «оң қорытынды­сын­сыз» бірде-бір заң, Үкімет қаулысы, әкім­дердің шешімі және басқасы қабылдан­басын дейді. Сарапшылардың байла­мын­ша, ондай жағдайда «Атамекен» алпауытқа айналып, Үкіметке қосарлама «кәсіп­кер­лер Үкіметі» құрылуы мүмкін. «Қазақстанның сауда желілері одағы» басшысының орынбасары Елбегі Әбдиев «палата жұмысына бизнесте жұмыс тә­жірибесі бар адамдарды тарту керегіне, себебі ҰКП қызметкерлерінің басым көп­шілігі меморгандардың бұрынғы қызмет­керлері екеніне» назар аудартты. Ол «Атамекенге» экс-шенеуніктерді жұмысқа алуға болмайтынын айтады. Ж.Әжібаева палата департаменттерінің санын қысқартып, олардың тиімділігін арттыруды ұсынды. Өйткені олардың бә­рін бизнес қаржыландыруға мәжбүр. «Қазақстандық регистр» президенті Светлана Заитова «реформаланғаннан кейін болашақта ҰКП-ға шаруашылық қызметтің кез келген түрімен айналысуға тыйым салу керек» деген пікірде. Палата бар күшін бизнесті қорғауға бағыттағаны жөн: «Оның орнына бүгінде ҰКП кадр даяр­лаудан бастап, сертификаттауға де­йінгі әртүрлі нарықта монополиялық-бә­секелі субъектілер ашып алған». Тіпті, не­сие тарататын микроқаржы ұйымдары бар. Әділін айтқанда, 2013 жылы құрылғалы бері ұлттық палата түк бітірмеді деу әбес­тік. 8 жыл ішінде ҰКП-ға түскен 41 мың шағым-өтініштің 40%-ы шешімін тапты. Палата бизнес мүддесін қорғау кезінде кә­сіпкерлердің, компаниялардың 230,2 млрд теңгесін сақтап қалыпты. Оның сарапшылары 34,3 мың сараптамалық қорытынды берген. Парламент бизнеске қатысты заңнамалық түзетудің 8 пакетін қабылдады. «Атамекен» палатасы қызметін рефор­малайтын жұмыс тобы ұсыныстарды пы­сықтауын жалғастыруда. Қоғам мен кә­сіпкерлердің сыны өте көп деседі. Тіпті, ҰКП-ны жоюды ұсынған. Әрине, палата сақталады, бірақ бұрынғыдай шалқып өмір сүре алмайды. Бизнес мүддесін нақты қорғау, үнемшілдік, тиімділік, табандылық, өзгерістерге икемділік, бизнеспен диалог­ке бейімділік – Жаңа Қазақстандағы жаңа «Атамекеннің» басты құндылықтарына айналса керек.