Қорымыз барда қор болмайық
Қорымыз барда қор болмайық
319
оқылды
Еліміздегі әлеуметтік си­паты басым қос жинақ Ұлттық қор мен БЖЗҚ – әл-ауқа­ты­мыздың индикаторы іспетті. Олардың көбейе түскені,  ертеңгі күнге деген сенімді нығайта түседі. Сондықтан да басынан дау арылмай келе жатқан осы екі қор қоғамда тү­рлі пікірталасқа себеп бо­лып жатады. Мұндағы басты мәселе – олардың тиімсіз басқарылып, негізсіз жұмса­луында. Тіпті, пандемия кезін­де бюджет қаражаты жетпей­тін болған соң Ұлттық қорға кө­бірек ауыз салып жіберге­німіз рас. Осы жағдайдан шы­ғу үшін Ұлттық банк қос қорды жаңаша басқаруды ұсынып отыр. Ендеше ол қандай жа­ңашылдық?

Кешенді шара бес бөліктен тұрады

Сонымен, Ұлттық банк қол астындағы екі қорды басқару тиім­ділігін қалай арттыратыны туралы жария етті. Ашық ақпарат көзде­рін­де ұсынылып отырған шаралар кешені стратегиялық та, такти­ка­лық та сипатқа ие. Естеріңізде бол­са, былтыр реформалар жөнін­дегі Жоғарғы кеңес жиынында Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, қазіргі Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру туралы айтқан болатын. Сол кезде ол жаңа стратегиялық аллокацияға (бағалы қағаздарға сұранысты қа­нағаттандыру) көшуді аяқтап, ин­вестициялық процестерге ESG-факторларын (басқару сипатта­ры­ның экологиялық, әлеуметтік және әкімшілік жиынтығы) енгізуді қол­ға алатынын, акциялар порт­фелін хеджирлеп (тәуекелдерден сақтандыру), активтерді басқару процестерін тереңірек цифрлан­ды­ратынын айтқан болатын. Енді бү­гінде бұл қадамдардың бес бөлік­тен тұратыны белгілі болды. Осы консервативті аллокациядан тең балансты аллокацияға көшуден соң Ұлттық қордың ұзақмерзімді әлеуетті кірістілігі арта түспек. Зей­нетақы қоры туралы да осыны ай­туға болады. Оның валюталық бө­лігін одан әрі әртараптандыру са­лымшыларға арналған ликвидтілік пен кірістіліктің талап етілген дең­гейін қамтамасыз ету үшін қа­жетті шарт болады. Ал акциялар портфелін хеджирлеу акциялар нарығы төмендеген жағдайда шы­ғындарды ішінара өтеуге мүмкіндік береді. Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2022-2030 жылдар аралы­ғында Ұлттық қорға 20 млрд доллар түсуі мүмкін. Нәтижесінде, Ұлттық қор қаржысы 100 млрд долларға жетіп қалуы мүмкін. Оның 50 па­йы­зы инвестициялық кірістер есе­бінен жиналуы тиіс. Әйтсе де, елі­міздің қаржыны реттеуге құзі­рет­ті басты ұйымының бұл ұсы­ны­сы экономист мамандардың көңі­лі­нен қатты шығып отырған жоқ сияқ­ты. Олардың бірі – Ұлттық банк­ті сынға алса, енді бірі жалпы жинақтау жүйесін мемлекеттің араласуынан оқшаулауды ұсынады.

1 жылда – 1 пайыз

Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшы­лардан 13,1 трлн теңге жиналыпты. 2021 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш 12,9 трлн теңге болғанын ескерсек, бір жыл ішінде қор ақшасы 1 па­йызға, яғни  156,6 млрд теңгеге ұл­ғайғанын көруге болады. Соның ішінде міндетті зейнетақы жарна­лары (МЗЖ) – 12,7 трлн теңге, мін­детті кәсіптік зейнетақы жарна­лары (МКЗЖ) – 361,0 млрд теңге және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – 1,7 млрд теңге. «Бүгінде БЖЗҚ-дағы жеке зей­нетақы шоттарының саны – 11,7 млн бірлік. Олардың ішінде МЗЖ – 10 871 285, МКЗЖ – 547 136 және ЕЗЖ – 61 604 шот. Салымшылардың жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының едәуір өсуі таза инвестициялық табыстың арқа­сында қамтамасыз етілді. Ол бір жыл­да 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл был­тырғы көрсеткіштен 138,2 млрд-қа немесе 11 пайызға артық. Қор активтері бойынша кірістілік 2021 жылдың басынан бері 11,13 пайыз, ал инфляция 8,4 пайыз бол­ды. Осы мерзімде БЖЗҚ салым­шы­­сына 2,9 трлн теңге төледі, оның басым бөлігі, яғни 2,6 трлн-ы тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсатына арналған бір­жол­ғы зейнетақы төлемі (БЗТ). Жасына байланысты төлем – 101,4 млрд, сақтандыру ұйымдарына аударым шамамен – 60,5 млрд, мұрагерлік бойынша төлем – 57,5 млрд, Қазақ­станнан тыс жерде тұрақты тұруға  кеткендерге байланысты төлем – 41,3 млрд, жерлеуге арналған төлем – 5,4 млрд және мүгедектік бойын­ша төлем 2,2 млрд-ты құраған. Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына то­луына байланысты)  – 28 471 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем со­масы 707 326 теңге болды», – де­лінген БЗЖҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Қазақстандықтар 2021 жылы шетелге біржолата тұруға бара жа­тып, зейнетақы қорынан 41,3 млрд теңге ақшасын алып кеткен. Олар­дың саны 17,3 мың адам болса, 2020 жылы да осы шамада – 18,1 мың адам 36,8 млрд теңгесін алып кет­кен. Былтырғы соманың 5,9 млрд теңгесін ұлттық валютада (2 мың са­лымшы), 33 млрд теңгесін рубль­мен (14,5 мың салымшы), 1,5 млрд теңгесін доллармен (343 салымшы), 720 млн теңгесін еуромен  163 салымшы) және 110 млн теңгесін фунт стерлингпен (22 салымшы) шешіп алған.

БЗЖҚ-ны Ұлттық банктен алып алу керек

Негізі, әуелгіде мемлекеттің аза­маттарды зейнетақымен қамта­масыз етуі сияқты осынау әлеумет­тік, ұлттық маңыздағы функциясын жеке қолға беруге халық үзілді-ке­сілді қарсы болды. Өте көп адамдар наразылық білдірді. Бірақ сол кезде мынадай бір басты дәйек келті­рілген болатын. Мемлекет: «Аза­мат­тардың қорға жиналған ақшасы өз еліміздің экономикасына инвес­тицияланатын болады. Нақты сек­торды дамытуға, инфрақұрылымға, жолдарға, зауыттар мен фабрика­ларға, вокзалдарға инвестиция ре­тінде жұмсаймыз. Әрі еліміз да­миды, әрі азаматтардың зейнетақы ақшасы өседі», – деді. Ал қазір мұ­ның бірі де жоқ. Керісінше, қор­дағы ақшаның жартысы – мем­ле­кеттің ішкі қарызы. Сондықтан да оны мемлекет алып кетеді. Үлкен көле­мін банктер алды. Бұдан соңғы үл­кен бөлігін квазимемлекеттік сек­тор, монополистер алды. Оған қоса, әкімдіктер де осы тенденцияға үйір бола бастады. Одан қалды БЖЗҚ менеджменті ондағы ақша­ны әлемнің кез келген еліне, тіпті сонау Латын Америкасы, Африкаға дейін түсініксіз жобаларға инвес­ти­циялап жатыр. Бір сөзбен айт­қанда, бұл ақшаның қызығына мар­дымсыз табыс қана көріп отыр­ған салым­шылардан басқалардың барлығы кенеліп отыр. Еліміз де бұл қаржы­дан ешқандай дамуға ие болып отыр­ған жоқ. Белгілі қоғам белсен­дісі Айдар Әлібаевтың пікі­рі – осы. «Ұлттық банктің ұсынып отыр­ған бастамадан жаңа ештеңе көріп отырған жоқпын. Олар мұны бұған дейін де жасап келді. Бұл жолы тек ақылды сөздер қосып, әдемі сөй­лемдермен алдарқатып, миды ашы­тып отыр. Шындығында, сол баяғыша, дамушы нарықтарға, об­лигациялық компанияларға, тү­сініксіз акцияларға инвестиция сал­ғаннан басқа түк те істеп отыр­ған жоқ. Олардың бұл әрекеттерінен елге де, салымшыларға да ешқандай пайда келмейді. Сондықтан Ұлттық банктен Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының активтерін бас­қару функциясын алу керек. Өйт­кені олар бұл ақшаны салым­шы­лардың мүддесі үшін де, елдің мүд­десі үшін де инвестициялап отыр­ған жоқ. Олардың көрсетіп отыр­ған тиім­ділігі өте төмен, ел эко­но­ми­касы ауқымынан алғанда мүлдем жоқ деуге болады», – дейді ол.

Қор қызметіне мемлекет қол сұқпауы қажет

Айдар Байдәулетұлының бұл пікірін белгілі экономист-қаржы­гер Расул Рысмамбетов те қолдай­ды. Ол егер бөліп алар болса, онда Ұлттық қорды да қосып алып алу қажет деп санайды. Өйткені Ұлт­тық банктің өзінің тікелей атқара­тын функциялары бар. Қос қордың жұмысы оған қосымша кедергі кел­тіріп отыр. Сондықтан да бұл қар­жы нысандарын өз алдына ұлт­тық инвестициялық компаниялар ретінде дербес ұйым етіп қайта құру қажет. Бұл – көптен айтылып жүр­ген мәселе. Онда да болса қыз­мет­тері нақты шеңберде реттелуі тиіс. Бір жағы Ұлттық банк те жеңілдеп, онсызда құлдырап бара жатқан эко­номикаға дұрыстап көңіл бө­луге әкімшілік-функционалдық ресурстары босар еді. Бұл – бас қаржы ұйымын реформалаудың бір жолы. Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шыққан болатын. Ендігі кезек қос қорды босату. «Зейнетақы қорларының ең басты функциясы, ол – өздеріне сеніп тапсырылған қаржыны сақ­тау және көбейту. Ал біздің жағдай­да оның «мемлекеттік бюджетті қолдау» деп аталатын тағы бір функ­циясы бар. Сондықтан да егер қазір бақылап қарар болсақ, зей­нетақы қорының ақшасының жар­тысы тұрақты түрде мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалып жатыр. Бұл біздегі салық саясатының соншалықты тиімді емес екенімен байланысты. Сол се­­бептен де бюджетке жиі-жиі ақ­ша жетпей жатады. Келесі мәселе – мем­лекеттік шығындардың тым не­гізсіз екенінде. Біз жыл сайын 1-2 млрд доллар қаражатты керек емес жобаларға жұмсап жатамыз. Олардың өзін-өзі ақтамайтыны, тиімсіздігі әу бастан-ақ белгілі. Бірақ сонда да болса, солай жаса­лады. Менің ойымша, мұның бар­лы­ғы саяси шешімдердің нәтижесі болуы мүмкін, бірақ солай екені рас», – дейді ол. Расул Ибрагимұлы, Ұлттық банк ұсынып отырған кешенді ша­ралары жаман емес екенін айтады. Өйткені байырғы модель үшін жаңадан бірдеңе ойлап табу мүмкін емес. Шама келгенше пайызы аз болса да, сенімді жобаларға ақша салу керек. Есесіне, ақша ұзақ сақ­талатын болады. Көп ретте, зейнет­ақы қорлары тәуекелдерді әртарап­тандыру үшін ел аумағынан тыс инвестициялап жатады. Бірақ бізде ондай жағдай аз. Өйткені қаражат­тың жартысы мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) сатып алуға ке­тіп отыр. Кейбір зейнетақы қор­ла­рының тіпті криптовалютаға ақ­ша салып отырғанын ескерсек, оның қасында Қазақстанның мем­лекеттік бағалы қағаздарына ақша салуы – одан да тәуекелі жоғары инвестиция. Әйтсе де, қордың 5 пайызын тәуекелі жоғары, бірақ тез табыс әкелетін жобаларға да салып тұрған дұрыс.