Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отандық ғылымды дамытуға байланысты қабылданған бірқатар нормативтік-құқықтық актілер жайында хабарлаған болатын. Артынша ғылым саласындағы бірқатар зерттеуші әлеуметтік желіде бұл мәселені қызу талқылады. Нақтырақ айтсақ, әңгіме докторлық диссертация қорғау үшін міндетті түрде 7 мақала жариялау мәселесі төңірегінде өрбіді. Бұған дейін қазақстандық докторанттар диссертация қорғауға рұқсат алу үшін кемінде 7 мақала жариялауы керек болатын. Оның біреуін Scopus деректер қорына кіретін ғылыми журналдарда жариялауы қажет еді. Тағы 3 мақала Ғылым комитеті ұсынған отандық ғылыми басылымдарда жарық көруі тиіс болса, 2 мақала Қазақстандағы ғылыми конференция, соңғы 1 мақала халықаралық конференция жинақтарында жариялануы керек еді. Ал министрлік енгізіп отырған жаңа талаптарға сәйкес, бұдан былай 7 мақала жариялау міндетті емес. Сәйкесінше, докторанттар Scopus және WoS базасына кіретін Q1 журналдарға 1 мақала жариялауға күш салуы керек.
Осы орайда, докторлық қорғап шыққан және енді қорғауға дайындалып жүрген жас ғалымдардың аталған мәселеге байланысты ой-пікірін ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,ЕҰУ журналистика PhD докторы:
Жалпы, қазіргі талап бойынша жазылуы керек 7 мақала көп емес деп ойлаймын. 4 жылда мен 19 мақала жарияладым. Мұндағы қиыны: Scopus мәліметтер базасына енетін журналға мақала жариялау. Бұрынғы талап бойынша нөлдік емес фактор десе, 2019 жылдың маусымынан бастап 0,25 квартиль (Q1) дегенді тағы қосты. Алдыңғы талапты орындаудың өзі гуманитарийлер үшін мұң болғанда, екінші талап тіпті жығылғанға жұдырық тәрізді. Scopus-қа мақаласы шығып, енді қорғаймын деген докторанттарға тұсау болып тұр.
Жеңісбек ТӨЛЕН,
саясаттану PhD докторы:
– PhD докторанттарға импакт-факторы жоғары журналдарда ғылыми мақала жариялауды міндеттеу тәжірибесі – дамушы елдерде ғана бар. Мәселен, Ресей, Шығыс Еуропа мемлекеттері, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Африканың артта қалған елдері. Қазақстан да солардың қатарында жүр. АҚШ, Германия, Франция, Канада секілді дамыған мемлекеттерде мұндай нәрсе жоқ. Олардың ғалымдары біздегі мақала шығарамын деп жанталасып жүрген ғалымдарға күле қарайды. Тіпті, бауырлас Түркияның өзінің ғылым жүйесінде мұндай мақала жариялау синдромы жоқ.
Олжас ШАЙЗАНДАҰЛЫ, «Нархоз» университетінің PhD докторанты:
– Министрліктің «PhD докторанттардың қорғауға шығу үшін Q1 журналдарда ғылыми мақала жариялауы туралы» ойы көптеген докторант үшін «сюрприз» болып отыр. Себебі Q1 журналдарында мақала жариялау әлемдегі мықты ғалымдардың деңгейі екені ғылым саласында жүргендер үшін жаңалық емес. Қазақстандық докторанттардың бәрін бірдей ол деңгеймен салыстыру қисынға келмейтін сыңайлы. Көптеген елде докторанттарға Scopus және WoS базасына кіретін Q1 журнал тұрмақ Q4 журналдарға мақала жариялау шарт емес. Әрине, жағдайға макро деңгейде қарасақ, министрліктің бұл талабы өзін ақтауы ықтимал екенін де жоққа шығармаймыз. Q1 журналдарда қазақстандық ғалымдардың мақалалары шыққаны жақсы. Осындай жоғары талап қою арқылы уақыт өте қазақстандағы ғылымды жоғары деңгейге жеткізуге болатын да шығар.
Меніңше, министрліктің бұл талабының екінші жағы бар. Дәл қазір бұл талапты енгізу докторанттарға қиындық туғызады. Себебі Q1 талабына сай келетін мақала жазу үшін орта есеппен 3 жыл уақыт керек және ондай зерттеу жүргізу көп қаржыны талап етеді. Мұндай кедергілер докторантураға, ғылымға қызығушылардың санын азайтуы мүмкін.
Сырым ПАРПИЕВ, халықаралық қатынастар ғылымының PhD докторы, Оңтүстік Кореядағы Чоннам ұлттық университетінің түлегі:
– Мен оқыған университетте докторанттарға қойылатын талаптар барынша қарапайым. Докторант алғашқы екі жылында кредитін жабады, содан соң мақала жазуға уақыт жеткілікті. Талап бойынша бір мақала жазсаңыз жетіп жатыр. Оның өзі Scopus-тың базасына кіруі міндеттелмеген. Әрине, сіз Scopus-қа мақала жазам десеңіз, ешкім қой демейді. Инициатива танытып, жазатын ойыңызды жетекшіңізге білдірсеңіз, барлық қолдауды көрсетеді. Бірақ жазу керек деген шарт жоқ. Кореядағы жергілікті ғылыми басылымға жазсаңыз болғаны. Әрине, ол журналдардың деңгейі Scopus базасындағы журналдардың деңгейімен пара-пар екенін де айтуымыз керек. Осы орайда, министрдің отандық 177 ғылыми журналды қайта тексерістен өткізу туралы ойы құптарлық деп ойлаймын. Көш жүре түзелетінін де бір ойлап қойған жөн шығар.
Нұрсұлтан ИБРАГИМОВ, машина жасау және автоматтандыру PhD докторанты, Нанкин ғылым мен технология университеті:
– Алдымен Қытайдағы жоғары оқу орындарында PhD докторанттарға қойылатын талаптарға тоқталып өтсем. Диссертациялық қорғауға дейін Scopus және Web of Science базасына кiретiн журналдарға мақала жариялау міндеттеледi. Мақала саны, жарияланған журналдың импакт-фактор көрсеткішіне тікелей байланысты. Егер мақала импакт-фактор көрсеткіші жоғары Q1 деңгейіндегi журналда жарияланған жағдайда, басқа мақала талап етілмейді. Егер де Q2 деңгейіндегi журнал болса, екі мақала, ал Q3 және Q4 деңгейіндегi журналға жарияланса, 3 мақаладан кем болмауы тиіс. Егер докторант үлгерiп жатса немесе ғылыми жетекшісі тағы да басқа зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жасаса, одан көп зерттеу жүргізуге, сәйкесiнше мақала жазуға болады. Қаржыландыру мәселесіне келсек, мен оқитын оқу орны PhD докторанттарға ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде қажетті деп саналған құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Ал министрліктің шешіміне қатысты мені мазалайтыны, техникалық мамандықта оқитын докторанттар эксперимент жасамай жатып қалай Q1 деңгейіндегi журналға мақала жариялайды? Қазақстанда докторант дайындайтын ЖОО-ның кейбірінде болмаса, көпшілігінде қажетті лаборатория жоқ қой. Әлемдік стандарт дейді. Лаборатория болмаса, қандай зерттеу жүргізуге болады? Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету жолға қойылмай жатып оң нәтиже шығады деу әбестік сияқты.
Жолдас ӘДІЛХАНОВ