«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі қарсаңында республиканың барлық аймақтарында бастауыш партия ұйымдарының жиналыс-жиындары өте бастады. Мұндай басқосулардың бірқатары Қарағанды облысы аумағында ұйымдастырылды.
Приозерск қаласында Қарағанды облысы Білім басқармасының «№2 жалпы білім беретін мектебі» КММ ұжымында қалалық мәслихаттың депутаты, «Еңбекпен қамту орталығы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Р.Есенаманованың және «Санэпидемстанция-2» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ә.Бакеевтің қатысуымен кездесу өтті.
Жиын барысында халқымызды дүрбелеңге салған қаңтардың басындағы қайғылы оқиғалар туралы айтылды. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңіргені жайында, ол Отанымыздың және әлем тарихында тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны туралы сөз қозғалды.
«Енді қазіргідей күрделі кезеңде біз Президентіміздің айналасына топтасуымыз қажет. Бұл – жағдайды тұрақтандыру, экономиканы қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру және барлық салада жаңа реформаларды іске асыру үшін маңызды қадам. Партияның барлық бастамалары елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналғанын ұмытпайық», – дейді Расима Есенаманова.
Сондай-ақ Теміртауда «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Ажиков, қалалық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі И.Сиверский «Мәдениет және демалыс саябағы» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, партияның XXI съезінің шешімдері мен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елді жан-жақты жаңғыртуға және «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған алға қойған міндеттерін талқылады.
Кездесу барысында партияның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, оның ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті, партияның бірінші төрағасы Н.Назарбаевтың тарихи еңбектері; партия Жарғысына енгізілген өзгерістер мен партия мүшелерін шоғырландыру және олардың жауапкершілігін арттыру, оның ішінде партияның сайлауалды бағдарламасының индикаторларын орындау жөніндегі жаңа міндеттері айтылды.
Мұндай кездесулердің Абай қаласының «Жігер – Су» кәсіпорнында, «Қазақтелеком» АҚ филиалында, қалалық емханада, Мәдениет үйінде, Топар қаласының ауруханасында, сондай-ақ Самар, Жартас, Юбилейный және Құрма ауылдарында да өткізілді. Жиналыста партияның мақсат-міндеттері жан-жақты талқыланып, саяси ұйымның құрамына жастарды көптеп тарту мәселесі де кеңінен қозғалды. Сондай-ақ күн тәртібінен елді мекендердің тұрмыстық проблемалары да шет қалмады.