Партия съезінен не күтеміз?
Партия съезінен не күтеміз?
Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 нау­рыз күні «Nur Otan» пар­тия­сының кезектен тыс XXII съезін өткізу ту­ралы тапсырма бергендігі жөнінде пар­тия­ның атқарушы хатшысы Асхат Оралов хабарлаған еді. Оған барлық өңірден делегаттар қатыспақ. Елімізде биыл жыл ба­сынан бері болып жатқан өз­герістер тұр­ғы­сынан алғанда бұл жиын­ның бұрынғы жиын­дарға қарағанда өзгерек болатыны сөз­сіз. Ендеше, пар­тияның съзінен не күтеміз? Марат

Әділетті қоғам, эффективтік мемлекет құру

Алдағы съезден үлкен өзгерістер күтіліп отыр. Өйткені партияны Президент басқарады, ал оның мақсаты – әділетті қоғам, эффективтік мемлекет құру. Оны Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» стратегиясында айтты, яки партияның осы ма­ғынаға кіретін саясаты болады. Партия ашық түрде, демократиялы түрде жұмыс істеп, заманауи сын-қатерлерге мобильді түрде ден қоя білуі тиіс. Соның ішінде Конституция үстемділігіне қатты мән беруі керек. Өйткені бізде Ата Заңымызда адам құқы үстемдігіне қатысты жазылған нәрселер әлі орнын тапқан жоқ. Партия халыққа жақын болуы керек. Парақорлықпен күресті күшейтуі тиіс. Бұл қоғам үшін өте маңызды нәрсе. Қазір тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде де күрделі құбылыстар мен өзгерістер болып жатыр ғой. Сондықтан да Президенттің ішкі-сыртқы саясаттағы ұстанымы берік болса, ол партияның жұмысында көрініс тапса, «нұр үстіне нұр» болар еді. Алдағы съезден ең бірінші кезекте саяси трансформация күтіледі.

Марат БӘШІМОВ, құқықтанушы

Берік  

Партияны жаңғырту бірінші кезекте

Жалпы, қоғам жаңғыруы үшін бірінші пар­тия­лық жұмысты жаңғырту керек қой. Президентіміз, партия Төрағасы «Жаңа Қазақстанды» құру туралы бастама көтерді. Сондықтан да алдағы «Nur Otan» партиясының съезінде қоғамды жаңғырту, партияның жұмысын жаңғырту мәселесі бірінші кезекте тұрмақ. Мұндағы негізгі мақсат – халқымыздың жағдайын жақсарту. Өткен XXI съезде Президентіміз «жалпы партия мемлекеттік органдардың жұмыстарын қайталауды қою керек» деген сын айтты. Сондықтан да партия ең бірінші саяси жаңғырту мәселесін жолға қойып, билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтуға бағыт табуы тиіс деп ойлаймыз. Әрине, ол үшін ең алдымен, шешімнің орындалуында нақтылық, батылдық, икемділік деген қағидаларды негізге алуы тиіс. Осындай принциптер болған жағдайда, шынында да жұмыстың орындалуы және оның сапасы да жоғарыламақ.

Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты