Жаңа Қазақстан. Жұмыссыздық
Жаңа Қазақстан.  Жұмыссыздық
1,173
оқылды
Елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың саны аз емес. Ресми деректерде елдегі жастар санатындағы 2,5 миллион азаматтың 96 пайызы жұмыспен қамтылғаны, ал шамамен 4 пайызы, яғни 100 мыңға жуығының ғана жұмыссыз екені айтылады. Десе де,  бұл статистикаға күмәнмен қарайтындар көп. Өйткені жұмыссыз жастардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оның үстіне, бұл мәселе жыл сайын күрделеніп, асқынып келеді. Осы орайда  Үкімет мәселені шешу үшін қандай  қадамдарға баруы керек?   Айгүл Айгүл САДУАҚАСОВА, әлеуметтанушы: – Жұмыссыздықтың бе­лең алуы ең әуелі жұ­мыс орындарының же­тіс­пеуіне байла­нысты екені айтпаса да анық. Сондықтан мұны алдымен эко­номика­лық мәселе ретінде қарастырған жөн. Ин­дус­триялық жобалардың даму деңгейі төмен. Әри­не, жастарды толық, жаппай жұмыспен қамту қиын. Экономиканың дамуын нақты, шынымен іске асырар болсақ қана көптеп жұмыс орны ашылар еді. Ал әлеуметтік жағынан қарасақ, екі түрлі мәселе бар. Біріншісі – жемқорлық пен таныс-тамыр. Transparency international ұйымының зерттеу­лерінде, елімізде жемқорлық қатты жайыл­ғанын көреміз. Бір студент университетті аяқтап, дипломын қолға алады. Жұмысқа орна­ласайын десе, кедергі көп. Жұмыс өтілі жоқ, амалсыз таныс іздейді не ақша беруге қамданады. Менталды сана-сезімімізге осы нәрселер орнығып алған. Сосын жастардың өзі де жұмыс іздеуге ынталы болмайды, сенімінен айырылады, демотивациялық ағыммен кете береді. Бұл жағдай өте қауіпті құбылысқа жата­ды. Коррупцияны жоймай, экономиканы ілгері бастыру мүмкін емес. Екінші мәсе­ле – білім жүйе­сі­нің на­рыққа сәй­кес болмауы. Түгелдей жоққа щы­ғар­маймын, білім бе­руде жағ­дай жасалып жа­тыр, техникалық маман­дықтарға көңіл бөлгелі жүрміз. Бірақ сол мамандар қызмет ететін өндіріс бар ма? Тағы экономика алдымыздан шығады. Мысалы, ауыл шаруа­шылығында барлығы жеке кәсіптік шаруашылық­тар. Олар агроном мен ветеринар­ларды қажет етпейді. Білім саласы сұра­ныс­қа сай сапалы маман дайындауы қажет. Бізде сау­да-саттық қатты дамы­ған. Пандемия кезінде ол да тұралап еді, көбі интер­нет арқылы сатудың жолдарын меңгерді. Сол сияқ­ты нарыққа жоғары санатты сарапшылар мен IT мамандар керек. Қорыта айтқанда, жұмыссыз­дық мәселесі қазіргі экономика­лық жүйе өзгермейінше шешіл­мейтін тәрізді. Ернұр Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Мәжіліс қабыр­ғасында жастардың жұ­мыс­­сыздық жайын ылғи айтып жүрміз. «Ауруын жа­сыр­ған өледі» де­мек­­ші, бізде­гі ста­тис­тиканың өзі­не күмән көп. Өзін жұ­мыспен қамтығандар дегенді шығардық. Олар­ды жұмыссыздар қатарына қоспайды. Қосатын болсақ, шынайы цифрға жақындар едік. Жалпы, жастар жұмыссыздығы екі түрлі жолмен шешілуі тиіс. Бірі – қысқамерзімді, екіншісі – ұзақмерзімді. Әуелі қысқа мерзімде іске асатын шараларға тоқталсақ. Солтүс­тіктегі өңірлерге оңтүстік пен батыс өңірдегі жастардың көшкені жөн. Осыған үгіттей алуымыз керек. Теріскейде жұмыс орын­дары, жұмыс берушілер жетер­лік. Бірақ жалақы аз. Егер жастарды солтүс­тікке көшкен жағдайда баспанамен қамтып, жағ­дайын жасайтын болсақ, барар еді. Ішкі еңбек миграциясын шындап қолға алатын кез келді. «Қай жерге қандай маман керек, оны қанша уақытта оқыта аламыз, қалай орналас­тырамыз?» дегендей мәселені ойлаған абзал. Теріскейдегі аймақтардың әкімдіктері осы тәрізді дүние­лерді қолға алуына болады. Егер оңтүстік пен батыстың жастары мем­лекеттен грант алып, кәсіп бастаймын десе, шарт қойсын. «Грант бере­міз, қажет десеңіз жеңіл­­детіл­ген несие аласыз, бірақ кә­сі­біңізді сол­түстік ай­мақ­та істеңіз» деген амал­­ға көшсек жақсы. Ал ұзақмерзімді жол өте маңызды істерді қажет етеді. Ең алды­мен, кемі алдағы бес­жыл­дықта қандай мамандар сұра­ныста болатынын болжап отырған жөн. Мүмкін мемле­кет­тік грант­пен жоғары оқу орынд­арында оқыған­дардың 90 пайы­зын жұмысқа тұрғызу үшін универ­ситет жаны­нан орталық­тар ашып, міндет жүктеу керек шығар. Елімізде оқу бітіргендердің 40 пайызы жұмыс таппай қиналады екен. Сол үшін «Бірінші жұмыс орны» атты жобалар іске асып жатыр. Мем­ле­кет субсидия бөліп, қаржының жарты­сын мем­ле­кет, қалған жартысын жұмыс беруші төлейді. Бірақ бұл жоба ұзаққа бар­майды. Басқалай жол­дарын ойлас­тыру керек. Жұмыссыз­дық мәселесі жиналып-жиналып, үлкен массаға айналып барады.