Таланттар күнде тумайды
Таланттар күнде тумайды
© коллаж: Елдар Қаба
494
оқылды
«Тарихты гегомен емес, талант жасайды». Бұл – жазушы Марат Қабанбайдың сөзі. «Өресі биік, білім-білігі жоғары жандар болмаса, қоғамда ішіп-жегеніне мәз, жайбасарларға айналуымыз» да мүмкін. Мәселен, елден ерек, ешкімге ұқсамайтын, индиго балалардың тағдыры неге бөлек болады? Мәселе – олардың ерекше қабілетін, дарынын байқап, дұрыс жаттықтыруда. Психологтердің айтуынша, ондай балалар өз қасиетін бірден көрсете қоймайды. Ал талантты, қабілетті ашуда ата-ананың да атқаратын рөлі зор. Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, марқұм Денис Тен, күні кеше ғана Бейжің Олим­пиа­дасында допинг дауына іліккен талантты татар қызы Камила Ва­лиеваның қабілетін таныған кім? Олар қалай дараланып шықты?

Шахмат патшайымы

Жансая дүниеге келер кезінде атасы түс көреді. Білікті химик, про­фессор Әбдімәлік Манап­ұлы­ның түсінде ақсақалды бір қария келіп: «Немерең қыз болады. Оның есімін Жансая деп қой­ға­ның жөн. Сосын тегін өзіңнің аты­ңа жаздыр. Осы қыз түбінде сені төрткүл дүниеге мәшһүр ете­ді» деген екен. Тура ертегідегідей оқиға дерсіз. Шын мәнінде, Әб­ді­мәлік атасының түсі өңінде шындыққа айналды. Бүгінде Жансая Әбдімәлікті танымайтын адам кемде-кем. Оны алты жа­сы­нан бастап шахматтың ережелерін түсіндіріп, шахмат үйірмесіне жетектеп апарған. Аз уақытта шах­маттың қыр-сырына қанық­қан қыз алғаш рет Украинаның Алушта қаласында өткен жарыста бақ сынайды. Сөйтіп, алты жа­сында-ақ Алматы чемпионы атан­са, 7 жасында Қазақстан чем­пио­натын жеңді. Осы жылы Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Азия бі­ріншілігінде 7-орынды иеленсе, 2007 жылы спорт шеберлігіне кандидат болады. 8 жасында Әлем чемпионы атанды. Спорт шебері Николай Перегудовтың өзі Жан­саяның тәсілдерін қадағалап жү­ріп, оның ойынына жоғары баға береді. Сөйтіп, кейін өзі жаттық­ты­рушысына айналады. Кішкентай Жансая ер балалар арасындағы бәсекеде де талай рет бақ сынап көрді. Оның жеңісі 2009 жылы өткен біріншілікте кө­рінді. Ер балалар арасында жалғыз қыз болып, 19-орынды межеледі. Анасы Алма Төребекқызы: «Қы­зым қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде Алматы шаһарында дүниеге келген. Сон­дықтан да болар, ол озық ойлайды. Жансая күніне 5 сағат шахмат ой­найды. Ағасы Санжар – шах­маттан Қазақстанның екі мәрте чемпионы. Әкесі Данияр қызын «шахмат патшайымы» деп атайды. Онысы тегін де емес. Жансаяның сүйікті фигурасы – уәзір. Оқу үлгерімі жақсы, әсіресе матема­ти­кадан мығым. Әрине, жарыстарға бару үшін сабақтан жиі қалуға тура келеді» деген екен. Жансая шахматтан басқа мәнерлеп сыр­ғанауды, коньки тепкенді, суда жүзгенді ұнатады. Бірнеше тілді меңгерген. Әлемнің бірнеше дүр­кін чемпионы атанған Жансаяның қарым-қабілетін ашуда әкесі мен анасының, атасының еңбегі зор. Тағы бір шахмат патшайымы­на айналған талантты қыздың есімі – Бибісара Асаубаева. Ол 2004 жылы Тараз қаласында дү­ниеге келген. Шахматты төрт жа­сында үйренген. «Алғаш шах­мат үйірмесіне барғанымда менен басқаның бәрі үлкен еді. Жеті жастағы ұлдармен ойнап жүрдім. Алғашқы үш ай бойы тек жеңіліп жүрдім. Үйге жылап келетінмін. Анам сол кезде «мүмкін қажет емес шығар, осымен тоқтарсың» дейтін. Сосын арада 3 ай өткенде алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дей­ді Бибісара. Алты жарым жа­сында төртінші разрядқа ие бол­ды. Астана қаласының чемпио­натында сегіз жастағы қыздармен ойнап, бірінші орын алады. Жеті жасында әлем чемпионы атанады. Осылайша, кішкентай шахматшы қыздың жұлдызды шағы бастала­ды. Бибісараны мұндай биікке жеткізу үшін анасы да аз қиналған жоқ. Анасы Лиана Таңжарықова Бибісараның немере ағасы Бағлан Асаубаевтың көп кедергі келтір­генін бұрынғы сұхбаттарында бірнеше рет айтқан еді. «Мен күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Біз әлем чемпионатынан алтын медаль алып келгеннен бастап Бибісараның ағасы жан-жақтан тосқауыл қойды. Бұл туралы сол кезде көбі білді, бірақ жағдайды өзгерту мүмкін емес еді. Себебі ол Қазақстанның жоғары қызметтегі шенеунігі болатын. Нақты бір уа­қыттан кейін бізді түрлі іс-шараға қатыстырмайтын болды, маңызды оқиғалардан біздің атымызды сызып тастайтын» деп жазған еді Facebook-тегі парақшасында. Түрлі кедергіден кейін Бибісараға анасымен бірге Мәскеуге көшуге тура келді. Сонда тұрып, сол елдің намысын қорғады. 2016 жылы Ре­сейдің атынан өз қатарластары арасында әлем чемпио­натына қатысып, топ жарды. Ара­да екі жыл өткенде дау шығып, ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин 13 жастағы спорт­шы­ға «Турнир кезінде қулық та­нытып, электронды құралды пай­­далану арқылы жеңіске жетті» деген айып таққан. «Маған жала жапты» деген Бибісараға абы­ро­йын қорғау үшін сотқа беруге тура келді. Талантты қыз сотта жеңіске жетіп, өз биігін сақтап қалды. 2019 жылы Бибісара елге оралды. Қазір Маңғыстау облысының атынан чемпионаттарға қатысып, ел намысын қорғап жүр.

Дениссіз өткен Олимпиада

Биылғы Бейжіңде өткен қыс­қы Олимпиада Дениссіз өтті. Мә­нерлеп сырғанаудан қазақ елі­нің атын әлемге танытып жүр­ген талантты спортшы Денис Тен 2018 жылдың шілде айында қас­күнемдердің қолынан қаза тапты. – Менің есімім – Денис. Мә­нерлеп сырғанаумен айналысып жүргеніме үш жыл болды. – Жасың қаншада? – Сегізде. – Алғаш рет сені кім да­йын­дады? – Анам. – Арманың қандай? Чемпион болғың келе ме, әлде жай ғана хобби ме? – Чемпион болғысы келмейтін жан жоқ шығар. – Әкең мен анаң сенің таң­дауыңа қалай қарады? Мүмкін олар бокс не каратэге барғаныңды қалайтын шығар. – Жо-жоқ. Мен ол жаққа да бардым. Биге, музыкаға барамын. Анашым каратэны тастау керек деді. Аптасына бес рет жаттығуға бару қиын тиеді. – Бару-бармауыңды анаң шеше ме? Барлығына келісе бересің бе? – Әрине! Бұл 8 жастағы Денистің баспа­сөзге берген алғашқы сұхбатынан үзінді. 2003 жылы 10 жасар қазақ­стандық мәнерлеп сырғанаушы танымал жаттықтырушы Елена Буянованың көзіне түсіп, Мәс­кеуге келіп жаттығуға шақырыл­ды. Араға 7 жыл салып Денис Тен­нің өмірі түбегейлі өзгерді десе де болады. Ол халықаралық дең­гейдегі мәнерлеп сырға­нау­шы­лардың жаттықтырушысы Фрэнк Кэрроллмен бірге жұмыс істейді. Спортшы Калифорнияға көшіп барып, Лос-Анджелес қаласын­да жаттығады. Тен күн-түн демей жат­тыққанына қарамастан, ­оқу­ын да қатар алып жүреді. 2014 жы­лы Қазақстандағы спорт және туризм академиясын үздік бітіріп, қызыл диплом алды. «Анам мені түрлі үйірме мен секцияға берді. Ал әкем отбасы­мызды асырап бақты. Мен бар болғаны махаббат пен қамқор­лыққа бөлендім. Менің бойымда корей мен еврей ұлтының қаны бар. Жалпы мен кіммін? Мен не істедім? Білмеймін. Бірақ осының барлығы менің бақытты болуыма септігін тигізді. Мен өмірді жақсы көремін. Ата-анамды жақсы көре­мін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді сүйемін. Және осымен бөліскім келеді. Дәлірек айтсам, мен емес, менің кейіпкерім. 25 жасымда әлемде басқа қырынан тани бастадым», – деп жазған еді Денис Тен өзі туралы. Ол тіпті спорттың өте қатал екенін, өзінің жанкүйерлерін «мәңгілік емес» екеніне де дайындап келген. «Бірақ бүгінгінің аңыз адамдары ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ұмы­ты­лады», – дейді. Денисті шы­нық­тырған анасының еңбегі. Ал жеңіске жетелеген – спортқа де­ген махаббаты. Амал не, тағдыр талантты ұлдың үмітін үзді. Қас­көйлердің қолынан қаза таппа­ғанда, Денис әлі талай биіктерді бағындыратын еді. Бейжің Олимпиадасы десе, Камила Валиеваның допинг дауы ұзақ есте сақталары анық. Та­лант­ты қыздың тағдырын допинг ше­шіп кетті. 15 жаста олимпиада үздігі атану екінің бірінің қо­лынан келмейді. Камила – же­ңім­паз! Оны әлем жұрты мо­йындап қой­ған. Қазан қаласында дүниеге кел­ген қыздың кумирі әжесі. Ана­сы А­лсу бүкіл өмірін қызының ман­сабына арнады. Әр чемпио­натына бірге барып, кішкента­йынан жетелеп келеді. Этери Тур­беридзе мектебіне дейін талай жаттықтырушы­лар­дың қолынан өтті. Оның алғаш­қы дебюті Фран­цияда бастал­ды. Жасөспірімдер арасында өт­кен байқауда чемпион атанған талантты қыздың жеңісті жолы осылай басталған еді. Әри­не, 15 жастағы қыздың өмірі әлі ал­да. Құлау-сүріну, жығылу – заң­ды­лық. Бастысы, өмір сынамасын! Жансая, Бибісара, Камила – бәрінің жетістігінің артында ана­лары тұр. Ерінбей-жалықпай, қиналса да, мойымай, балаларын жеңіске жетелеп жүр. Өмір-кү­рес­те жеңілмеген адам ға­на жетістікке жете алады. Оқу, білу, жаттығу – мұның бәрі бала­ларды алға сүй­рейтін жақсы қа­сиет­тер. Бұл төр­теуін де жеңіске жетелеген төрт дүние бар: біріншісі – мінез. Екіншісі, ата-аналарының табан­дылығы. Үшіншісі, жақсы жат­тық­тырушыға жолықса, төртін­шісі, қаржыны таба білгені. Тен­нің бағын ашқан Фрэнк Кэррол болса, Валиеваны жеңіске жеткіз­ген Этери Тутберидзе екенін мо­йындауымыз керек. Қазір дарын­ды балалар да, оның ата-аналары да көбіне «тірек» іздейді. Таныс­тарын жаға­лайды. Құдай берген талантын таныта алмай әуреге тү­седі, кейде тіпті қор болады. Нарық – таза талантты танытатын тетік. Бәсе­келестік – соның басты шарты. Ал әділеттік – негізгі қағидасы. Шын талант сондай ортада топ жарып шығуы тиіс. Бұл үшін қоғамдағы құндылықтар күн тәр­ті­біне шығуы керек. Сонда қалың қазақтың арасынан әлі талай жаңа тұлға шығары сөзсіз!

Айым БЕКТҰР