Екі жыл бұрын Президент мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға автокөлік сатып алуға үш жылға тыйым салған болатын. Бірақ соған қарамастан, шенеуніктер жыл сайын темір тұлпарларын ауыстырып мінуден тартынар емес. Биыл қымбат люкс машиналардан бөлек тікұшаққа тапсырыс бергендер де бар.
Қаржы министрлігі Президент тапсырмасынан кейін 2023 жылға дейін ел бюджетін оңтайландыру және қаржыны тиімді жұмсау мақсатында шенеуніктерге жеңіл, арнайы және жедел-іздестіру көліктерін, кеңсе жиһазын сатып алуға мораторий жариялады. Соның арқасында республикалық бюджеттен үнемделген қаржы індетпен күреске, тұрмысы төмен азаматтар мен шағын бизнесті қолдауға жұмсалды.
Әлі қатерлі індеттің беті қайта қойған жоқ, керісінше үшінші, төртінші толқыны тарап, вирустың жаңа нұсқасы шығып, тіпті үдеп бара жатқанға ұқсайды. Қалай дегенмен де, сақтықты ұмытуға әлі ерте. Соған қарамастан шайқап төгіп, үрлеп ішіп үйренген шенді-шекпен баяғы «мал шашпақ» әдетіне басқан. Оларды тіпті «қаңтар қасіреті» де ештеңеге үйретпеген сияқты. Олай деуімізге, мемлекеттік сатып алулар сайтында бір мезгілде бірнеше мемлекеттік органның жаңа автокөліктерді жалға алатыны туралы хабарландырулары түрткі болды.
Шенеуніктер шетелдік көлікке құмар
Былайғы жұрттың айлығы шайлығына жетпей, бала-шағасын қалай бағамын деп уайым жеп жүрсе, әкімқаралар қымбат көлік мінемін деп әуре. Бір айтарлығы, бұл жерде шенеуніктер ешқандай тәртіп бұзып отырған жоқ, оны айналып өткен. Заң бойынша көлік сатып алуға болмағанымен, оны жалға алуға тыйым салынбаған. Шенеуніктер осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған.
Оның өзінде де Қазақстанда құрастырылған көлік болса бір сірә, шенеуніктің бәріне құны 9-10 миллион теңге тұратын шетелдік авто керек. Мәселен, қаңтар айының соңында Павлодар облысы әкімінің аппараты 89 миллион теңгеге тендер жариялады. Ол ақшаға бір жылға 11 машинаны жалға алады. Автолардың бәрі «премиум» класты, қауіпсіздік жастықшасымен және климатты бақылау жүйесімен жабдықталған. Мұндай машинаға мінген бір шенеуніктің бір жылғы жүрісі облыстық бюджет үшін 8 миллион теңгеден айналған. Ал Шығыс Қазақстан облысы жердегі машинаны былай қойып, 27,5 миллион теңгеге бір емес, екі тікұшаққа тапсырыс берген. Оның бірі 20 жолаушы мен экипаждың 3 мүшесіне арналған болса, екіншісі – 5 адамдық. Әуекөліктері жергілікті полицияның жұмысы үшін керек болыпты.
Түркістан облысы әкімінің Іс басқармасы 50 қызметтік көлік үшін бір жылға 21,4 млн теңгеге гараж жалдайтын болған. Алматы әкімдігі де сән мен салтанаттан кет әрі емес. Әкімдікке қарасты Жер қатынастары басқармасы 12 миллион теңгеге машинамен бірге жүргізушіні қоса жалдапты. Бұл көліктердің наурыз айынан бастап пайдалануға берілетінін ескерсек, сонда бір автоның қызметтік құны үшін жергілікті бюджеттен ай сайын 1,2 миллион теңге жұмсалады. Олардың Қала құрылысы бақылау басқармасындағы әріптестері де шетелдік көліктерді ұнататынын көрдік. Басқармаға шенеуніктердің жайлы жүріп-тұруы үшін қазынадан 13 миллион теңге бөлінген.
Әкімдіктерден ұлттық компаниялар да қалысар емес. «ҚазАвтоЖол» бір жылға 21,6 млн теңгеге жүргізушісімен бірге 4 жеңіл автомобиль жалдайтын болды. Әр автоға бюджеттен 5,4 миллион теңге төленеді. Мемлекеттік менеджерлер «темір тұлпарларын» сәуір айынан бастап «ерттеп мінеді». Осындайда егер жалға алу құны қымбат болса, ол көліктерді біржолата сатып алып, автопаркін толықтырса, компания үшін де, республикалық бюджет үшін де анағұрлым пайдалы болар еді ғой деген ой келеді.
«Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады» демекші, қазіргідей пандемия жағдайында, сондай-ақ ел өңірлерінің 82 пайызы дотациялық бола тұра, әкімдер мен түрлі мемлекеттік органдардың қазынаның қаржысын орынсыз шашуы түсініксіз. Сонымен қатар барлық өңірлер республикалық бюджеттен трансферт алады. Тіпті, барлық салықтың 26,3 пайызын беретін Алматы қаласының өзі республикалық бюджетке аузын ашып отыр.
Құны миллиондар тұратын еурогүл...
Мемлекеттік сатып алу сайтында таңдай қақтыратын басқа да тапсырыстар аз емес. Көпшілік халық пәтер жалдап, тапқан табысын ас-суы мен дәрі-дәрмегіне жеткізе алмай пұшайман күй кешіп жүрсе, Шымкент әкімдігі қазынаның қаржысын шашудың соны тәсілін тапқан. Шенеуніктер семіп қалған талдарды кесуге, әктеуге және ағаштардың қарын сілкуге 2,1 млрд теңге жұмсауды жоспарлапты. Әлбетте, шаһардың ішін көк желекке толтырып, оны күтіп-баптауға бөлінген ақшаны текке кеткендік деп санауға болмас. Алайда күнгейдегі Шымқалада қар жатушы ма еді, қақаған қыстың нағыз ортасының өзінде бұл жақта қар көп болса, бір-екі күнде еріп кетеді. Сонда алты ай қыс болатын Арқа өңірінде қалай болады, егер алда-жалда Қарағандының әкімі «қар қағуға» ақша сұраса қайтпекпіз?!
Бұл ақшаның қаншалықты көп екенін келесі мысалдан-ақ көруге болады: Шығыс Қазақстан облысында бір ауылға су құбырын тарту үшін бюджеттен 371 миллион теңге бөлінді. Ал Атырау облысында бір мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 259 миллион теңге қарастырылды. Алматыда 160 орындық балабақша салуға бюжеттен 840 миллион теңге берілетін болды. Тура сонша ақшаға, 840 миллион теңгеге биыл Қызылжардағы бір колледжге жап-жаңа жатақхана салынбақшы. Сонда Шымкент шенеуніктерінің ағаштың басындағы қарды қағып, тал кесуге 2 миллиардтан астам сома жұмсауы қай қисынға сыяды?!
«Өңірлер бойынша қалалық аумақтарды абаттандыруға, көшені жинап, күтіп, баптап ұстауға бөлінген ақшаның айырмашылығына қарап таңғаласың. Кейбіреулері бұл мақсатқа миллиондар жұмсайды, ал енді біреулері миллиардтар шашады. Бұл қаржының қайда кеткенін егжей-тегжейлі тексеру керек. Мемлекеттің барлық қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс»,– дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Ақша жұмсаудың амалын атыраулықтар да кем меңгермеген. Биыл Атырау қаласының Құрманғазы атындағы мәдениет үйіне гүл сатып алу үшін 15 миллион теңге бөлінген. Қаржының дені еурогүл шоғырына жұмсалмақшы. Оның әр дестесінде 7 тал гүл, декоративті шөп-шалам, басқа да көк өскін болады, мұның бәрі акваораумен қапталады. Мәдениет үйі әрқайсысы 7 мың теңге тұратын осындай 1 160 гүл шоғына тапсырыс берген. Нәтижесінде, ол атыраулықтардың қалтасын 8 миллион 120 мың теңгеге жұқарта түскен. Сондай-ақ әрқайсысы 13 мың теңге болатын 375 гүл шоғын сатып алуға тағы 4,8 миллион теңге бөлген. Одан да үлкен әрі одан да қымбат 30 гүл шоғын алуға жергілікті бюджеттен 570 мың теңге қарастырылған. Бұл аз десеңіз, тірі гүлдерден жасалған 7 себет «Ықылас гүлі» үшін 700 мың теңге бөлген. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы хабарламаның техникалық сипаттамасында «әр себетте ұзындығы 80-100 см-ден кем келмейтін 100 райхан гүлінің болуы» керегі жазылған. Одан бөлек, жалпы сомасы 545 мың теңгеге раушан мен қызғалдақтарға тағы тапсырыс бар. Мұның бәріне қарап отырып, биыл Атырауда республикалық, әйтпесе тіпті халықаралық деңгейде бір үлкен салтанат өтетін шығар деп ойланып қалады екенсің.
Қазынаның қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс
Қазына қаржысының бейберекет жұмсалуына байланысты Президент талай рет сын айтқан. Осыған орай ол Үкіметке мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың бүкіл жүйесін қайта қарауды тапсырған болатын.
«Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «ҚазАвтоЖол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бар төрт компания жеңіп алған», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңын зілмен аяқтаған еді.
Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту міндеттелді.