Жұмысы көп, жалақысы аз
Жұмысы көп, жалақысы аз
556
оқылды
Өскемендегі Ана мен бала орта­лығының кіші медициналық қызмет­керлері – мейірбикелер, санитарлар, еден жуушылар айлықтарының төмендігіне шағымданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында ең төменгі жалақыны 42 мыңнан 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырып: «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкер­лер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіре­тін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді» деген болатын. Ана мен бала орталығының қызмет­керлері Президент тапсырмасының жеткілікті деңгейде орындалмай жатқанына қынжылады. «Ол кісі ең төменгі жалақы 60 мың болады деді. Біз бірақ сол 60 мыңға әлі жете алмай келеміз», – дейді орталық­тың санитары Динара Юремная. Бүгінде орталықта 1 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 320-сы – кіші меди­цина­лық қызметкерлер. Олар 2022 жылдың қаңтарынан бастап жалақыларына үстеме­ақы қосылғанымен, бұрынғы айлықтары­нан көп айырмашылық жоғына қынжыла­ды. «Қосты деген аты ғана. Тіпті, байқамай да қалдық. Өзім осындағы  операциялық блокта 15 жылдан бері санитар болып жұмыс істеймін. Жұмысымыз ауыр. Жалақым 60 мыңға жетпейтіндіктен, 100 мың теңге табу үшін айына 270 сағат жұмыс істеуге мәжбүрмін», – дейді осы орталық­тың 60 жастағы санитары Гүлнәр Ахметова. «Ипотекамыз бар, кредитіміз бар. Оқып жатқан студент балам бар. Алған ақшамыз мүлде жетпейді. Өз жұмысымыздан бөлек ауруханаға түскен балаларды УЗИ-ға, КТ-ға апарамыз. Өз жұмысымызды істеп үлгере алмаймыз. Осы еңбегіміз бағаланса екен», – дейді орталықтың тағы бір қызметкері Айкен Темірғалиева. Ал Өскемендегі Ана мен бала орта­лығының директоры Маржан Дайрабаева биылғы қаңтардан бастап Үкіметтің қаулы­сына сәйкес кіші медициналық және өзге де қызметкерлердің жалақысына 1,23 коэффицент, яғни 11 мың теңге көлемінде үстеме қосылғанын айтады. «Мәселен, олар бұған дейін 51 144 теңге айлық алса, қазір 62 907 теңге жалақы алады. Әрине, әріптестеріміздің өтініш-тілектерін де түсініп отырмыз. Осыған орай жуықта Senim облыстық кәсіподақ ұйымының өкіл­дерінің қатысуымен орталық қызмет­керлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мекемеде қаржыны үнемдеу болған жағдайда кіші медициналық және өзге қызметкерлердің жалақысына 1,15 коэффициент қосу жөнінде шешім қабылдадық. Ұжымдық келісімшартқа қосымша келісім енгізуді ұйғардық. Сондай-ақ Ана мен бала орталығының ұжымдық келісімшартына қызметкерлердің еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын қосу үшін өзгеріс енгізу мақұлданды», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы