23 ақпанда елордада «Болашақ» корпоративтік қоры «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға (АВА) кіріспе: проблемалы мінез-құлықты түзету қағидалары мен аутизм спектріндегі бұзылыстар және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды үйрету стратегиялары» кітабының тұсаукесерін өткізді.
Бұл – «Особые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА): принципы коррекции проблемного поведения и стратегии обучения детей с расстройствами аутистического спектра и другими особенностями развития» кітабының қазақ тіліне аудармасы. Кітапты «Болашақ» қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте аударған және басып шығарған. «Болашақ» корпоративтік қоры барлығы жақсы көретін Disney-дің мультфильмдеріне қазақ тілінде жоғары дәрежелі дубляж жасау арқасында көпшілікке танымал. Алайда фильмдерді дубляждау Қор жобаларының бірі ғана екенін шамалы адам біледі. Аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға инклюзивті білім беруді дамыту тағы бір аса маңызды бағыт болып табылады. Бір қарағаннан осы екі бағыт екі түрлі дегенмен, оларды бір нәрсе біріктіреді – қазақ тілінде сапалы контент жасау арқылы балаларға қамқорлық жасау. Біріншісі балалардың шетелдік болсын, бірақ жас көрермендер сүйікті кейіпкерлері қазақша сөйлеп тұрғанына сенетіндей техникалық тұрғыдан соншалықты кәсіби түрде орындалған ана тіліндегі жоғары сапалы контентке құқықтарын қорғаса, екіншісі ерекше білім беруге қажеттілігі бар әрбір баланың сапалы білім алуға, сәтті әлеуметтенуге, ал болашақта ол дами алатын, жұмыс істей алатын және қоғамға пайдасын тигізе алатын толыққанды өмір сүруіне құқығын қорғайды. Өкінішке орай Қазақстанда көптеген салаларда қазақ тіліндегі сапалы контенттің жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселе инклюзивті білім беру саласында да бар. 2015 жылдан бастап «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамыту бойынша «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасын жүзеге асырып келеді. Оның аясында Қор бүкіл Қазақстан бойынша балабақшалар мен мектептерде 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктер бар 600-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. Сөйлемеген балалардың 90%-ы сөйлеуді үйренді, 21 бала өз бетінше оқуға шықты, ал 50 бала әртүрлі жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегері болды. Ерекше балалар ата-аналарының жобаға деген сенімі артып келеді. Бала мектепке барсын деп адамдар аудандардан орталықтарға, бір қаладан екінші қалаға, тіпті басқа елдерден көшіп келіп жатады. Жобадағы балалардың шамамен 35%-ы қазақ тілінде оқиды. Жыл сайын қазақ тілді білікті педагогикалық кадрларға деген қажеттілік артып келеді. Алайда Қазақстанда аутизм бар балаларды оқытуға арналған қазақ тілінде бірде-бір кітап, бірде-бір әдістемелік құрал болған жоқ. Сондықтан қор «Особые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА): принципы коррекции проблемного поведения и стратегии обучения детей с расстройствами аутистического спектра и другими особенностями развития» кітабын қазақ тіліне аударып, басып шығарды. Кезінде бұл кітап мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негізгі қағидаларын егжей-тегжейлі баяндайтын орыс тіліндегі алғашқы оқу құралы болды. Бұл принциптер проблемалы мінез-құлықты түзетуде және әлеуметтік қолайлы мінез-құлықты қалыптастыруда қолданылады. Кітап педагогтерге, дефектологтарға, логопедтерге және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп, оқытатын ата-аналарға пайдалы болады. Кітаптың авторлары Юлия Эрц және Ольга Мелешкевич – сертификатталған мінез-құлық талдаушылары, мінез-құлықты қолданбалы талдаудың кеңесшілері, мінез-құлықты қолданбалы талдау әдістері мен стратегияларын қолдану саласындағы оқытушылар. Олар АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан және басқа елдердегі мінез-құлық мамандарының тәжірибесіне жетекшілік етеді. «Шеврон» компаниясы кітапты аударуға ғана емес, кітаптың 3000 данасын тегін таратуға демеушілік етті. Кітаптың осы таралымы ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мамандарына тегін беріледі. Сонымен қатар кітаптың даналары жоғары оқу орындарының арнайы педагогика және психология кафедраларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханаларына тарту болады. 2019 жылы «Шеврон» Нұр-Сұлтан қаласындағы №88 мектеп-лицейіндегі инклюзияны қолдау кабинетін ашуға демеуші болғанын атап өтеміз.«Осындай кітаптарды аудару арқылы біз қазақ тілді мамандарға әлемдік ғылыми қоғамдастық мойындаған, бұл ретте түзету педагогикасының озық әдістерге қол жеткізуге мүмкіндік береміз. Демек, Қазақстанда ерекше балалармен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру үшін анағұрлым көп жағдай жасаймыз. Кітаппен жұмыс жасау аясында мінез-құлықты қолданбалы талдаудың кейбір төл терминдері ағылшын және орыс тілдерінен алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Әрине, қымбатты демеушіміз Шеврон компаниясы болмаса, кітаптың аудармасы да болмас еді. Шеврон компаниясы кітапты аударуға демеушілік жасады. Осындай айтулы іске қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі күні біз инклюзия саласындағы қазақ тіліндегі сапалы әдебиет пайда болуының негізін қалап отырмыз. Қор бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады. Қазіргі уақытта біз ерекше қажеттіліктері бар баланың дағдыларын бағалауға арналған ABLLS-R құралын ағылшын тілінен қазақ тіліне аударумен айналысып жатырмыз», – деп атап өтті «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
«Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы Қысқы қайырымдылық балынан түскен қайырымдылық қаражат және демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Жоба серіктестері – «Nur Otan» партиясы, жергілікті атқарушы органдар.