Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Кеңес отырысын филиал төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Кеңестің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Nur Otan партиясының 1 наурызда өтетін кезектен тыс ХХII Съезіне делегаттар құрамы сайланды.
Басқосу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаңтар оқиғасы кезіндегі түйткілді мәселелерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір партияның алдына нақты, маңызды міндеттер жүктеп отыр. Халыққа қазір ең керегі – нақты әрі дер кезінде ақпарат беру. Бұл бойынша БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы жұмыстарды арттыру қажет.
Біз облыста «Қоғамдық қабылдау» тобын құрдық. Топ мүшелері ұсталғандармен, олардың туыстарымен кездесулер өткізуде. Облысымызға жұмыс сапарымен келген адам құқықтары жөніндегі уәкіл, мәжіліс депутаттары да кездесті. Әзірге ешқандай шағым түспеген. Насихат, түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Оған мәслихат депутаттары да атсалысуда.
«Қоғамдық қабылдау» тобының жұмысының нәтижесінде он адам қамаудан босатылды.Олардың алтауы кәмелетке толмаған жасөспірім.
Біз халықпен кездесу форматтарын өзгертуге тиіспіз. Оларды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Жергілікті тұрғындарға мемлекеттің қолдауын, түрлі бағдарламалардың мүмкіндіктерін қарапайым тілде түсіндіру керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Сондай-ақ аймақ басшысы қаңтар оқиғасындағы бүлікке қатысқандардың дені 16 мен 25 жас аралығындағы жастар екенін айтып, жастармен жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Облысымызда 260 мыңға жуық жас бар. Әр жастың әлеуметтік картасын жасау керек. Жұмыссыз жастарды анықтап, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытып, жеңілдетілген несие, грант беру шараларын ұйымдастыру қажет.
Бұл орайда Jas Otan жастар қанатының, аудандық филиалдардың жұмысын жүйелеу, күшейту маңызды, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы жастардың ата-аналарымен де тығыз жұмыс жасау қажеттігін жауаптылардың есіне салды.
Съезге облыстан 19 партия мүшесі, яғни аумақтық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары, республикалық саяси кеңес мүшелері және фракция жетекшісі қатысады. Алдағы съезде Қазақстанды демократияландырудың келесі кезеңі қаланып, партия жұмысының жаңа ұстанымдары қабылданады деп күтілуде.