Түркістан облысы Шардара ауданында директордың орынбасарынан «өлердей қорқамыз» деген мұғалімдер жанайқайын айтты, – деп хабарлайда КТК арнасы.
Көксу ауылында жалғыз мектептен береке кеткен. Себебі мұғалімдердің көпшілігі бұған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарын кінәлайды. Себебі, Райгүл Мұсалиева қыркүйекте директор кабинетіндегі жиналыста көптің көзінше жүкті әйелді соққыға жыққан.
Содан «түсік тастадым» деген мұғалім Сандуғаш Жақыпова: «...Итеріп жіберді, тапталып қалдым, шашымнан жұлып, басымнан ұрды. Ол екі ортада былапыт сөздер айтты. «Аузың унитаз, сұрқия, бетпақсың сен мектепті 3-ке бітіргенсің...» деген әңгіме айтты, – дейді.
Жанжалдасқан екеуін ер мұғалімдер ажыратып алған. Осыдан кейін «өзіңді үйіңмен қоса өртеймін» деп сес көрсетіпті.
«Осыған дейін үндемедік» деген ұжым директордың орынбасарына қарсылық білдіріпті. Себебі, жұмысқа туған-туыстарын алады деген Райгүл Мұсалиева мектеп ісінен бастап, отбасымыздағы тірлікке дейін араласады әрі қорқытады дейді.
Мұғалім Бибігүл Исаева: «Сағат бөлуге осы кісі араласып, барлығын өзі шешкісі келеді, араласпайтын ісі жоқ. Отбасымызға да араласады. Дәл осы жағдайда біздің құрбымыз болғандықтан, көршіміз болғандықтан, «ол кісімен араласпайсыңдар, аралассаңдар, бүкіл жамандықты көретін боласың» деп қорқытады», – деді.
Ал Райгүл Мұсалиева мұның бәрі «жала» дейді. Әуел баста «мүлдем төбелеспедім» деген директор орынбасары кейіннен «ұрғаным рас, бірақ түсік тастауына қатысым жоқ» дейді. Ол туралы сараптаманың қағазы да бар екен.
Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Райгүл Мұсалиева: «Менің бұл жерде мектептегі сыбайлас жемқорлықты орынсыз әрекеттерді айтқаным үшін жақпадым, әңгіменің ашығы сол. Бұл жерде, мысалға, менің негізсіз ұстайтын бір күндік, екі күндік деген қаржылар. Мектептің жөндеу жұмысы, содан кейін вакансия жоқ, адам қабылдайды мектепке. Мен соны айтам», – деді.
Қазір мектептегі 100-ге тарта мұғалім директор орынбасарын қызметінен алу туралы облыстағы білім басқармасына шағым дайындап жатыр.
Райгүл Мұсалиева да «директормен бірге тексерсін» деп құзырлы орындарға шағымданбақ.