Қазақстанның бірқатар өңірінде жылу бағасы арзандады – ҰЭМ
Қазақстанның бірқатар өңірінде жылу бағасы арзандады – ҰЭМ
Фото: gorod.lv
272
оқылды
Ұлттық экономика министрлігі еліміздің бірқатар өңірінде жылу тарифтерінің құны арзандағанын жариялады.
Бүгінгі күні жылу энергиясын өндіру кезінде 6 өңірде (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында) отынның негізгі түрі көмір болып саналады, 8 өңірде (Шымкент қаласы, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында) мазут және табиғи газ, 3 өңірде (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Түркістан облысында) көмір және газ.
«Бұрын хабарлағандай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның жабдықтау үстемесінің деңгейін төмендету бөлігінде атқарылған жұмыс нәтижесінде, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіле отырып, көп өңірлерде тұтынушылар үшін тауарлық газдың түпкілікті шекті бағаларын 0,34%-дан 38,96%-ға дейін төмендетуге қол жеткізді. Сонымен, табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес табиғи монополиялар субъектілері жылу энергиясын өндіру үшін отын ретінде пайдаланатын газ стратегиялық тауар болып саналады. Стратегиялық тауарлар бағасының деңгейі коммуналдық қызметтерге арналған тарифтің түпкілікті деңгейіне айтарлықтай әсер ететінін айта кету қажет», – делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тауарлық газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтеріне арналған шекті бағалардың өзгеруін ескере отырып, жылу энергиясына тариф деңгейлері төмендеді: 2022 жылғы ақпан айынан бастап:
  • Атырау қаласы – 2,36%-ға;
  • Тараз қаласы – 0,45%-ға;
  • Қостанай қаласы – 2,90%-ға;
  • Қызылорда қаласы – 0,87%-ға;
  • Шымкент қаласы – 0,22%-ға;
2022 жылғы наурыз айынан бастап:
  • Орал қаласы – 0,76%-ға;
  • Түркістан қаласы – 0,84%-ға.
Бұл ретте, елдің жекелеген өңірлерінде тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің төмендеуі жылу энергиясының өзіндік құнына әсер еткен жоқ.