Ұмытшақтық, яғни альцгеймерді емдеудің жолын тапқан қазақ қызы
Ұмытшақтық, яғни альцгеймерді емдеудің жолын тапқан қазақ қызы
305
оқылды

Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) ғылыми қызметкері Жанат Мақатаева – Microsoft Research PhD Fellowship стипендиясына ие болған алғашқы қазақстандық. Қазір ол жасанды интеллект арқылы адамның есте сақтау қабілеті мен қабылдауын жақсартуға бағытталған зерттеуін жүргізуде. Оның айтуынша, бұл жаңалық деменция немесе альцгеймерге шалдыққандарды сырқатынан айықтырып, көмегін тигізбек.

– Жанат, Microsoft стипендиясын қалай алдыңыз? Қаншалықты қиын болды? Бұл стипендияны алуыма бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, білімге деген ізденісім мені ғылым жолына әкелді. 10 жыл ішінде foundation бағдарламасын өтіп, бакалавр, магистр, доктор дәрежелерін алдым. Студент кезімнен бос уақытымда зертханадан шықпай, өзімді ғылыми жұмысқа арнадым. Оның үстіне, Назарбаев университеті зерттеу мен ғылымға көңіл бөлген жандарды жан-жақты қамтамасыз етті. Екіншіден, тынымсыз еңбегімнің жемісі. Әрбір ғылыми жұмысым басылымдарға шыққан мақалаларыма арқау болды. Өйткені магистратура кезінде және PhD алғашқы екі жылында үзбей жазған ғылыми мақалаларым өз септігін тигізді. Негізі Microsoft стипендиясына өтінім берудің өзі қиын болмады. Алдымен, өзіме бұл стипендияның не үшін керек екенін толық сипаттайтын мотивациялық хат жолдауым керек еді. Сонымен қатар үш ұсынымхат жіберуім талап етілді. Сол кезде мені PhD супервайзерім Атакан Варол, Назарбаев университеті робот техникасы департаментінің екі профессоры Анар Сандығұлова мен Бердах Абибуллаевтер қолдап жіберді. «Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші, жұмысыма жанашыр жандардың әрдайым қолдауының арқасында осы күнге де жеттім. альцгеймер – Сіздің зерттеуіңіз альцгеймерге шалдыққандарға көмектеседі дейді. Сол жайында толығырақ айтып берсеңіз... Альцгеймер немесе деменция – өте ауыр дерт. ДДҰ-ның мәліметінше,  қазір әлем бойынша 55 миллионнан астам адам деменцияға шалдыққан. Оған қоса, жыл сайын осы сырқаттың 10 миллионға жуық жаңа жағдайы тіркелуде. Ал альцгеймер болса, деменцияның біршама кең таралған түрі.  Түйіндер болсақ, 60-70 пайызға көбірек. ISSAI-дағы зерттеулерімде адамдардың ақпаратты қабылдай отырып, есте сақтауына байланысты мәселелерін технологияның көмегімен шешудің жолын қарастырдым. Біздің міндет – адам көрген-білгенін есте сақтап қалуы. Ол үшін толықтырылған шынайылығы бар көзілдірікке арналған платформа қосымшасы ойластырылды. Енді осыны қолданушылар бұл ақпаратты есіне сақтауының қажеті болмайды. Осындай зерттеулерімнің көмегімен адамның өмір сүруін жақсарта түсеміз деп  үміттенемін. – Осы зерттеумен шұғылданып жүргеніңізге қанша болды? Нәтижелері қашан алынды? – Бұл зерттеумен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды.  Тынымсыз еңбектің арқасында, 2021 жылдың жазында, біз ISSAI-да өз қосымшамызды әзірлеп, іске қостық. Ондағы карта заманға сай, бүгінгі күнмен ілесе уақыт режимінде жаңаланып отырады. Сонда қолданушының  көрген нысанын бірден жүйеде сол маңайда тіркелген орын көрсетіледі. Соның көмегімен ұмытшағы бар адам жүрген жолы мен жол-жөнекей көрген ғимараттары көрсетіліп, толық мағлұмат береді. Жүйе мен қосымшадағы деректерді қолданушыға қосалқы жады ретінде қызмет атқара алады. Осының бәрін эксперимент жасап, зерттедім. Жақын арада зерттеудің нәтижесі мен алғашқы эксперименттік деректерді ғылыми мақаламда жарияламақпын. – Дәл осы тақырыпты зерттеуіңізге не түрткі болды? – Жалпы, өзіме толықтырылған шынайылық саласындағы зерттеулермен жұмыс істеген ұнайды. Магистратурада оқып жүргенімде толықтырылған шынайылықты визуалдаудың көмегімен, адам мен роботтың өзара қауіпсіз әрі тиімді әрекетке пайдалануға болатын қосымша әзірледім. Сондықтан бұл салада аз да болса, тәжірибем болды. Ал PhD-да жадының көмекшісі ретінде қызмет атқаратын платформамен жұмыс істеуге мүмкіндік туғанда бұл тақырыпқа қатты қызықтым. Сондайда, әдетте, әдебиеттерді шолып, жан-жақты мағлұмат алуға тырысамын. Сөйтіп жүргенде, бұл тақырыпқа деген қызығушылығым одан әрі арта түсті.  Өз басым, аз да болса адамзатқа пайдам тигенін қалаймын. Халықтың өмірін жақсарта түсетін қосымшаларды ойластыруды жанымнан артық көремін. Сондықтан өз жолымды таптым-ау.