ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Михаил Мишустинмен екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тараптар бірқатар өзекті мәселелерді, атап айтқанда, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік ынтымақтастық, өнеркәсіптік және отын-энергетикалық кешен, цифрландыру, ғарыш саласы және т. б. қатысты мәселелерді талқылады. Ресей Федерациясы – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының өсімі 29%-ды құрады.
Ә. Смайылов агроөнеркәсіп кешеніндегі қарқынды өсімді атап өтті.
«Өткен жылы АӨК-тегі өзара іс-қимыл 32%-ға артты. Сонымен қатар бұл сала үлкен әлеуетке ие. Сауданы, оның құрылымын ұлғайту, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жұмыстарын жалғастыруды ұсынамыз. Ресейлік агроөнеркәсіптік бизнесті тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырамыз», — деді Ә. Смайылов.
Транзиттік-көліктік ынтымақтастық мәселелерін талқылай отырып, Қазақстан Премьер-Министрі «Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны атап өтті. Құрылыстың қазақстандық және қытайлық учаскелері аяқталды. Жұмыстың Ресей жағында аяқталуы күтілуде.
Қазақстан тарапы «Меридиан» автомобиль жолы жобасының жалғасы ретінде Ақтөбе қаласынан Ресей шекарасына дейін Орал қаласы арқылы Самараға дейінгі автожол учаскесін қайта жаңартуды көздеп отыр. Қозғалыс қарқындылығының артуына қарай, уақыт өте келе 2025-2030 жылдары жол санатын 4 жолаққа дейін кеңейту жоспарда бар.
Бұған қоса Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе қатынасын реттеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта көрші елдер арасында 21 бағыт бойынша аптасына 54 рейс орындалып жатыр. Жалпы, рейстер біртіндеп қалпына келуде. Алайда, қажетті сұранысқа толығымен сай келмей отыр.
Сонымен қатар Ә. Смайлов пен М. Мишустин Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін, оның ішінде Ресей Федерациясынан келетін құбыр арқылы газдандыру жолдарын талқылады.
«Газпром» және «QazaqGaz» компаниялары биылғы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру жобасына бағалау жүргізуі тиіс. Тараптар газ құбырларын салу бағыттары мен тұтыну көлемін анықтайды. Ә. Смайылов қысқа мерзімді перспективада нақты шешім қабылдау үшін осы саладағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде Михаил Мишустин Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы интеграциялық байланыстардың нығаюына және өзара қызығушылықтарға сәйкес сауда-экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге сенім білдірді.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді. 2021 жылы тауар айналымы 2020 жылмен салыстырғанда үштен бірге артып, $25 млрд-тан асты. Бұл біздің тарихымыздағы өзара сауданың рекордтық көрсеткіші», — деді Ресей Үкіметінің басшысы.
Кездесу соңында қазақстандық және ресейлік тараптардың өкілдері Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.