Қазақ-түрік ынтымақтастығының болашағын талқылады
Қазақ-түрік ынтымақтастығының болашағын талқылады
231
оқылды
Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлумен онлайн кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Әңгімелесу барысында олар сауда-экономикалық, инвести­циялық және мәдени-гуманитар­лық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мән бере отырып, қа­зақ-түрік стратегиялық серік­тес­тігінің даму перспективаларын талқылады. Қазақстан Көшбасшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға жүрекжарды сәлемін жолдап, оны Қазақстанға сапар­мен осы жылы келуге шақырғанын тағы да нақтылады. Сапар мерзімі дипломатиялық каналдар арқылы пысықталады. Мемлекет басшысы келесі аптада Нұр-Сұлтанда өтетін Қа­зақстан мен Түркияның Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комис­сиясының XII отырысы өзара тиімді серіктестікті одан әрі да­мытуға ықпал ететінін айтты. Қ.Тоқаев түрік ком­паниялары қатысатын бірлескен жобаларға Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау көр­сетілетінін растады. Мевлют Чавушоғлу кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сон­дай-ақ министр қаңтар оқиғасы кезінде болған қайғылы жағдай­ларға байланысты көңіл айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін жет­кізді. Түрік дипломаты Қазақстан Пре­зидентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформа­лар­ды Түркияның толық қолдайтыны жөнінде айтты.