Партия жаңа белеске дайын ба?
Партия жаңа белеске дайын ба?
248
оқылды
«Nur Otan» партиясының 1 наурызда бола­тын жиыны үлкен өзгерістердің, жаңа транс­формациясының бастауы болмақ деп күтіліп отыр. Бұл расында да солай ма? Ендеше ендігі бе­лесте билік партиядан не күтеді? Бұл жиын­ның да онлайн форматта өтетіні хабарланды. Оған өңірлерді қосқанда барлығы 399 делегат қатыспақ.

Ербол

Үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нау­рыз айындағы Жолдауында сая­­си рефор­ма­ларды ұсына­ты­­нын айтқан болатын. Біз партия Төрағасының Жаңа Қазақстанды құру бойынша алға қойған міндеттерін сапа­лы әрі уақытылы орындау үшін барлық партиялық ресурстарды жұмылдырамыз. Әсіресе, бастауыш партия ұйым­дарына басымдық беріледі. Қазір облысымызда 200-ден астам бастауыш ұйым бар. Бұл – үлкен күш. Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Пар­тия­ның одан әрі өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек», – деді. Біз өңірлік сайлауалды бағдар­ламалардың іске асырылуына талдау жасап, орындалу сапасына ерекше назар аударып отырмыз. «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов өңірлік филиалдармен кеңесінде «Jas Otan» Жастар қанатының алдына да нақты міндеттер қойды. Мә­селен, жастарды партия айналасына біріктіру, нақты жұмыс істейтін «әлеуметтік сатылар» құру, формалды іс-шаралардан бас тартып, жастардың барлық санат­тары­мен жұмысты жаңа форматта жүргізуі міндет­телді. Бүгінде  «Jas Otan» ЖҚ-ның аймақтағы фи­лиалы өңірдегі 33 жастар ұйымымен бай­ланысын жан­дандыра бастады. Облыстық, қалалық және ау­дандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, бұрын ұйымдаспаған жастармен және ауыл жастары­мен жұмысты қолға алды. Ендеше партияны жаңғыртусыз саяси жаңғырту процесі мүмкін емес. «Nur Otan» партиясы еліміздің қоғамдық-саяси жағдайының сұра­ныс­тарына сәйкес, өз жұмысын күшейтуге дайын. Алдағы съезд партия транс­формациясына мұрындық болмақ. Бұл маңызды жиында Қазақ­стан­ды демократияландырудың келесі кезеңі қаланады, қоғамды демо­кра­тияландыру жалғасын табады.

Ербол ДАНАҒҰЛОВ, «Nur Otan» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Серік

Әрбір мүшесі жауапты

Елдегі жаңалану құқықтық негіздерді жаң­ғыртудан бас­та­лады. Біріншіден, Ата Заң­ды жөн­деу керек. Егер сүйе­нетін идея керек болса, ол ру­хани идея болуы керек. Яғни, әділдік, адалдық, теңдік ұлықталуы керек. Егер осыны «Nur Otan» партиясы басшы­лыққа алса, халық алдындағы беделі өседі, елдің сеніміне ие болады. Кез келген қоғамның материал­дық базасы мықты болуы үшін ортаңғы тап табысты дамып отыруы керек. Елі­міз­дегі кедейлер санының көп екені анықталып жатыр. Демек, осы кезге дейін нақты статистика ай­тыл­май келді. Өзін-өзі асырап, әрең күн көріп жүргендерді жұмыссыз­дар­ға жатқыз­бадық. Сөйтіп, қоғамдағы қордаланған күрделі мәселелерге үстірт қараушылық болды. Мұның бар­лығының «Nur Otan»-ның наза­ры­на тыс қалуы пар­тияның салғырттығын білдіреді. «Nur Otan» барлық қайшылықты мәселелерге терең талдау жасап, оның шешімін табуда белсенділік танытпаса, жетекші партия болуы дәйектелмейді. Сондықтан партияның жиындарында оның әрбір мүшесінің қоғамдағы кемшіліктерге жауапты екені мойындалғаны абзал. Онсыз Жаңа Қазақстанды құруымыз өте қиын. Сондықтан да партия үлгі болуға тырысуы арқылы өз мәртебе­сін орнықтыра алмақ.

Серік НҰРМҰРАТОВ, саясаттанушы