Күріш егуімен даңқы шыққан Сыр өңірінің диқандары үшін биыл тағы да су тапшылығы болатын сыңайлы. Қыстың жылы болуы, қардың аз түсуі егіске қажет ылғалдың ғана емес, Сырдария суының да төмен болуына әсер етуі мүмкін. Ал күріш суда өсетін дақыл. Оның үстіне дария суы диқандарға ғана емес, Кіші Аралға да керек.
Жыл өткен сайын күріш егетін қызылордалық диқандардың тіршілігіне тықыр таянып барады. Биыл өңірдегі жалпы күріш алқабын тағы 3 600 гектарға қысқартуға мәжбүр болғалы тұр. Егін егуге шамасының жетпегенінен емес, Сырдарияның сарқылып бара жатқанының кесірінен. Себебі гидромамандар өзеннің су көлемі былтырғыдан да аз болмағын айтқан. Жалпы, 2020 жылға дейін Сыр өңірінде шамамен 90 мың гектар жерге күріш егіліп келген болатын. 2020 жылы 5,1 мың гектар күріш алқабы су тапшылығына байланысты қысқарған. Биылғы жағдайды айттық. Сонда айналдырған екі жылдың ішінде 9 мың гектерға жуық алқапқа күріш егілмейтін болды. Ал су тапшылығының кесірінен бұлай жалғаса берсе, біраз егістікті жоғалтып алмаймыз ба?
Дегенмен бұл жағдай алдын ала болжанып қойған. Мамандар күріш алқабының көлемі азаймаса, Аралға тамшы су бармай, Сырдарияның азын-аулақ суын сарқып бітерімізді талай айтты. Кейінгі уақытта теңіздің су деңгейі 6 метрге дейін төмен түскен. Соған байланысты шаруашылық төрағаларының ақылдасып, қабылдаған шешімі – осы. Былтыр Экология министрлігі алдағы 10 жылда 29 мың гектар күріш егістігін қысқартуды жоспарлап отырғанын айтты. Демек, жыл сайын қамбаға түсіп келген күріш мөлшері онжылдықта шамамен 35 пайызға азаюы мүмкін.
Егін алқабы қысқарса да болмайды
Еліміздегі су ресурсының 70-90 пайызы ауыл шаруашылығына кетеді. Көбін суармалы егіндікке жұмсаймыз. Енді су тапшы кезде үнемдеу үшін егін көлемін қысқарта береміз бе? Сөйтсек, тығырықтан шығатын жол бұл емес екен. Қараңыз, егер Қызылорда өңіріндегі күріш алқаптарын күрт азайтса, топырақ тұздана береді. «Олай тартсаң, өгіз өледі, бұлай тартсаң, арба сынадының» кебі. Ексек, су шығындаймыз, екпесек топырақ тұзданады. Себебі өңірдегі егіс алқаптарында топырақтың 35 пайызы – қатты, қалған 65 пайызы – орташа тұзданған. Яғни, күріштіктегі судың басым бөлігі егін суаруға емес, топырақ тұзын шаюға кеткен. Сонда не істейміз? Абырой болғанда Экология министрлігі бұның шешімін қарастырып қойған екен. Күріштік көлемі қысқарады, ал босаған егістік жерге суды аз қажет ететін жоңышқа, бидай, арпа тәрізді дақылдар егіледі. Осылай егін шаруашылығы әртараптанады. Соның арқасында суды үнемдеп, топырақ қалпын сақтауға мүмкіндік бар. Қазір облыста 9 мың гектардан астам жерге дақылдар егілетін болған. Әзірге бұл амал қандай нәтиже беріп жатқаны белгісіз. Дегенмен жауаптылардың сол нәрсені ескергеніне разы болдық. Су саласының мамандары да бұны құптап отыр. Қазақстан су шаруашылығы қауымдастығының президенті Нұрлан Атшабаров жауаптылардың күріштен басқа дақылдарды егу жоспары жөн екенін айтты. Оның үстіне, су тапшылығының кесірінен егістік қысқарып жатқаны тек елімізге тән проблема емес екен.
– Су тапшылығы қазір Сыр аймағының ғана мәселесі емес. Мысалы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысындағы егістіктерге де су жетпей жатыр. Алдағы уақытта гидромамандар болжам шығарады. Бұл тұста «егістікті азайттық» деп байбаламға салуға болмайды. Себебі экологиялық мәселелердің астары тұр. Жауаптылар әдейі істеп отырған жоқ. Мысалы, күріш алқабы қысқарғанымен, суды аз қажет ететін басқа дақылдарды егу жоспарланған. Су тапшылығы енді ұлғая береді. Бір күнде шешілер мәселе емес. Судың басым бөлігі өзге елдерден келеді. Олардың жіберуге тиіс суды азайтып немесе пайдаланған суды беріп отырғаны жайлы түрлі әңгіме бар. Ал осы жерде су мәселесін қарастыратын халықаралық ұйым өкілдері еңбектенуі тиіс. Бірінші кезектегі тиімді пайдалануды ғана ойламай, екіншіден, келіп жатқан суды зерттеп, нақты мөлшерін анықтап, кем-кетігі болса түсіндіруіміз қажет. Өзге елдердің өзі су тапшылығынан қиналып отыр. Тау мұздықтары еріді. Кезінде Сібірдің мұздықтарын ерітіп, елге су жеткізу жайлы мәселе көтерілген. Бірақ Ресейде де су тапшы. Егер көрші ел Сібір мұздықтарынан су алатын болса, бізге де келетін көлем ұлғаюы мүмкін еді, – дейді маман.
30 жыл бұрынғы Ресей гидрологиялық институтының бағалауы бойынша, еліміздегі су қоры 126 текше шақырым болған екен. Оның 66,8-і жергілікті, 59,8-і трансшекаралық су. Тәуелсіздік жылдары су ресурстары 25 текше шақырым, жергілікті ағын 10,3 текше шақырым, трансшекаралық ағын 15,2 текше шақырым кеміген. Оның негізгі себептері сол баяғы, ғаламдық және аймақтық климаттағы өзгерістер, еліміздегі және көршілеріміздегі өзен алаптары мен аңғарларының шаруашылық мақсатта бірнеше еселеп жұмсалуы. Демек, барлық елдің егіні суды ысырап еткендей көрінеді. Біз осы тұста мына дүниелерге көз жеткізгіміз келеді: расында Қызылорда облысында су тапшы ма, нақты есебі қандай? Көрші өзбек елі жіберуге тиіс суды әдейі азайтып отыр ма? Егер осының бәрі расталса, мәселе халықаралық деңгейде көтерілуі қажет. Әйтпесе су тапшылығы соңғы кезде «қалыпты мәселе» саналып барады.
Сақтап отырған суымыз бар ма?
Түркістан мен Қызылорда облысында егінге су жетпей, жиі шу шығады. Қалған жерлерде бұл проблема әлі өткір фазасына өте қоймаса да, соған жақындап келеді. Биылғы болжам да диқандарды қуантқалы отырмағаны анық. Сырдария өзенінде су көлемі жыл сайын азайып бара жатқанының зардабын бәрінен бұрын жергілікті шаруалар тартып отыр. Әзірге амал сол, тек өсірілетін күріш егіншілігінің көлемін қысқартуға мәжбүр. Мәселенің төркіні жыл сайынғы лимит мәселесінде де жатыр. Бір ғана Қызылорда облысына жылдық орташа көрсеткіш бойынша 4 млрд текше метр су керек екен. Оның өзін де жарытып жинай алмай отырмыз. «Арал-Сырдария» бассейні инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов те судың жыл сайын азайып бара жатқанын растап отыр.
– Алдағы уақыттағы суға қатысты болжам 10 наурызда шығады. Негізі, біздегі Шардара су қоймасының жобалық сыйымдылығы – 5,2 млрд текше метр. Биыл су мөлшері былтырғымен шамалас болып тұр. 2021 жылы 4 млрд текше метр болған, биыл 4,3 млрд текше метр су бар. Ал Көксарай су қоймасының сыйымдылығы – 3 млрд текше метр. Былтыр 1,1 млрд текше метр су бар еді, биыл жиналған жоқ. Себебі соңғы 2-3 жылда Өзбекстаннан келетін су азайды. Сырттан келетін су мәселесін Экология министрлігі шешпесе, біз ықпал ете алмаймыз. Жобалауымыз бойынша, Арал теңізінде 20 млрд текше метр су тұр. Былтыр теңізге 1,2 млрд текше метр су жібердік. Қазіргі жағдайымызды ескерсек, бұл аз емес, – деді ол.
Сонда екі су қоймасын қарайтын болсақ, былтыр 5,1 млрд текше метр су болған. 700 миллион текше метрді жоғалтып, биыл 4,3 миллиардқа түсіп отыр. Азайып бара жатқанының дәлелі. Яғни, күріш алқабы бекерден-бекер қысқармаған екен.
ТҮЙІН:
Кейінгі уақытта бастауын өзге елдердің шекарасынан алатын өзендер құрғаудың алдында. Мамандар көршілерімізден келетін су мөлшерінің азайғанын жиі айтып жүр. Экология министрлігі мәселені халықаралық деңгейде көтеруге тиіс секілді. Әйтпесе су үнемдейміз деп диқандар егіннен қағылды. Ал ол пайдасын бере қойса бір сәрі.