Қазақстанда шағын отбасылар қамқорлықтан қағажу қалды. Мұны сарапшылар да, былайғы жұрт та жиі айтып жүр. Бірақ Үкімет ел пікірін елемегенімен қоймай, жас ұрпақтың бір бөлігін кемсітіп отырғандай: айталық, егер сәби шағын отбасыда дүниеге келсе, мемлекет оның күтіміне ай сайын небәрі 17 мың теңге шамасында жәрдемақы береді. Егер бала көпбалалы отбасында туса, ай сайынғы күтіміне мемлекет бөлетін қаржы бірден 4,3 есеге артады! Дискриминациядан қажыған кейбір шағын отбасы, соның ішінде қазақтар «ана капиталын» беретін Ресейге көшіп жатыр.
Көп қорқытады...
UNICEF ұйымы балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмек жүйесін талдауында бір жайтқа назар аудартады: Қазақстанда халықтың басын өсіріп отырған шағын отбасылар екен. Мәселен, 2012 жылы республикада 240 мыңдай отбасы көпбалалы саналыпты. Содан бері бақандай он жыл өтті. Көпбалалы отбасылар саны тек екі еселенген: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 487,6 мың көпбалалы отбасы бар. Заң бойынша отбасыда 4 және одан көп кәмелетке толмаған бала ата-анасымен бірге тұрып жатса, ол отбасы «көпбалалы» мәртебесін иеленеді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл отбасыларда шамамен 2,5 миллионға жуық кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатыр. Қалғаны есейіп кеткен. Бұл ретте заң бойынша осы төртеудің қатарында 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлім студенті де есептеле береді. Бірақ 1–17 жас аралығындағы жасөскіндер ғана «бала жасына» жататыны мәлім.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы елімізде 1-ден 17 жас аралығындағы 6 295 590 бала болды. Ендеше шағын отбасылардың халықтың санын өсіруге сүбелі үлес қосып жатқанын байқауға болады.
Мысалы, Ресейде шағын отбасыларға баса мән беріледі, себебі ондай отбасылардың көбі орыс ұлтынан. Айтпақшы, солтүстік көршіде көпбалалы отбасылар қатарына 3 баласы барлар да жатқызылады. Оларда Шешенстан, Дағыстан, Татарстан секілді республикаларда көпбалалы жанұялар басым.
Қолданбалы экономика зерттеулерінің орталығы (AERC) жүргізген «Қазақстанның көпбалалы отбасылары» атты зерттеуі көрсеткендей, республикадағы кедей отбасылардың 90%-ы көпбалалы екен. Кедей деп есептелуі үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табысы 60 мың теңгеден төмен болуы шарт: мысалы, ата-анасының табысы 400 мың теңгеден асса, бірақ отбасыда 7 бала болса, олар кедей деп танылады. Егер 3 бала болса, ауқаты орташа делінеді.
Көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілгені – әділетті, олар ұлттың алтын қоры. Және ол көмек көрсетіліп те жатыр. Еңбекминінің мәліметінше, тек 2022 жылдың қаңтар айында оларға жалпы сомасы 27 миллиард теңге төленген. Бір жылда – 2021 жылы көпбалалы отбасылар 287 миллиард теңгеден астам жәрдемақы алған. Осындай жанұяларға 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі енгізілді: ол отбасының кірісінің қандай екеніне қарамастан, барлығына төленеді. Әлеуметтік желіде ауқатты бизнесменнің де соны алатыны айтылып қалды. Аталған жәрдемақы бала санына қарай өседі және 2022 жылы келесідей: 4 балалы отбасыға – 49 100 теңге; 5 балалыға – 61 383 теңге; 6 балаға – 73 666 теңге; 7 балаға – 85 948 теңге; 8 балаға – 98 016 теңге; 9 балаға – 110 268 теңге; 10 балаға – 122 520 теңге; 11 балаға – 134 772; 12 балаға – 147 024; 13 балаға – 159 276; 14 балаға – 171 528; 15 балаға – 183 780; 16 балаға – 196 032 теңге.
Көпбалалы отбасыларға сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) те беріледі. Олардың балаларын кепілдендірілген әлеуметтік топтама (КӘТ) аясында азық-түлікпен, мектеп формасымен, тұрмыстық керек-жарақтармен мемлекет тегін қамтамасыз етіп отыр. Көпбалалы аналарға мемлекеттен баспананы бірінші кезекте алуға құқық берілді. Көпбалалы отбасылар арасында «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп, жеңімпаздарына қомақты қолдау, салмақты сый-сияпат жасалады.
Соған қарамастан халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар «Қазақстандағы көпбалалы аналардың бас көтерулерін» тіркеуді жалғастырып жатыр. Олардың есептерінде осы аттас тұтас тарау бар.
SmallFamilyMatter
Бұл «шағын отбасылар да маңызды» деген сөз: АҚШ пен Еуропалық Одақ елдері осы қағидатты ұстанады. Қынжылтатыны сол дамыған елдер қатарына ұмтылғанымен, Қазақстанда шағын отбасылар қамқорлықтан тыс қалды. Үш баланың анасы Орынкүл Т. өзіне мемлекеттен мардымсыз ғана қолдау болғанын айтады.
«Мені 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша берілетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі қызықтырады. Менің 11, 10 және 6 жастағы үш балам бар. Олардың әрқайсысы үшін ай сайын 10 мың теңгеден шамалы асатын көлемде ғана жәрдемақы алып отырдым. Неге олай болды? Үкіметтегілер әрбір келесі бала үшін сома қомақты өседі деп жарнамалап жүр ғой. Мені осы мәселе мазалайды. Бәлкім, маған да көбірек төлеуі керек болған шығар, егер солай болса, кезінде төленбей қалған соманы есептеп, өтемақы жасаса деймін», – дейді ана.
Ол бұған дейін министрлікке осы сұрақпен жүгініпті. Бірақ мардымды жауап ала алмаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сендіруінше, елде «балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі түзілген».
«Ол жүйеге мемлекеттік жәрдемақылар ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, салық салудағы жеңілдіктер және басқа әлеуметтік қорғау шаралары кіреді және олар адам өмірінің әртүрлі кезеңдерін қамтиды. Әлеуметтік қолдау жүйесі сондай-ақ отбасының әртүрлі өмірлік жағдайларын да ескереді. Мысалы, бала туған кезде бір жолғы жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері дүниеге келген перзенттің отбасындағы нешінші бала екеніне байланысты болады. Ал 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді», – деп түсіндірді ведомство.
Ал Орынкүлге өтемақы жасалмайтынға ұқсайды.
«Біздің министрліктің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерегінше, ол кісіге 2010 жылы бірінші баласын туғанда, 42 390 теңге көлемінде бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттiк жәрдемақы және ай сайын 10 342 теңге көлемінде 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы төленді. 2012 жылы екінші баласын өмірге әкелуіне байланысты – 48 540 теңге бір реттік және 11 253 теңге ай сайынғы жәрдемақы; 2015 жылы үшінші сәбиін дүниеге әкелуіне орай тиісінше 62 255 теңге және 15 559 теңге жәрдемақы берілді», – деп нақтылады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұл жерде 10–15 мың теңгелік жәрдемақы баланы асырап-бағуға жетпейтінін шенеуніктер ескермейтін, ескергісі келмейтін секілді. Әрине, бұл – сол кездегі ескі мөлшерлемелер. 2022 жылы 1-ші балаға – 5,76 АЕК (17 643 теңге); 2-ші балаға – 6,81 АЕК (20 859 теңге); 3-ші балаға – 7,85 АЕК (24 045 теңге) жәрдемақы беріледі. Ал 4-ші балаға 8,90 АЕК (27 261 теңге) көлемінде осындай жәрдемақы және отбасы табысына қарамастан тағайындалатын 16,03 АЕК (49 100 теңге) арнайы жәрдемақы төленеді.
Шағын отбасылар енді үнсіз қалмайды
«Үнсіз қалудан шаршадым, – дейді алматылық белгілі заңгер Анна Димитриевич. – Айналада барлығы әрнәрсені талап етуде. Мысалы, Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар үнсіз митинг ұйымдастырды. 15 әйел транспарант көтеріп, Еңбекмині ғимаратының алдында тізіліп тұрды. Олар тегін баспана, арзан ипотека және кредиттерін кешіруді талап етті. Ізінше ақтаулық көпбалалы аналар көшеге шығып, өздері тұратын арендалық баспананы тегін жекешелендіруге мүмкіндік беруді талап етті. Ал біздің неміз кем? Біздің балаларымыз да солардың баласына ұқсас. Біз де мұқтажбыз, баспананы жалдап тұрамыз. Себебі елде тұрғын үй бағасы ғарышқа ұшып барады. Түркияда не Тенерифте үй сатып алу әлдеқайда арзан. Медицинаға да, білім беруге де төлейміз».
Заңгер шағын отбасыларға тегін ештеңе де жоқтығын қаперге салды: жеңілдіктер қарастырылмаған.
«Алайда тіршіліктің қиыншылықтарына үнсіз төзіп келеміз. Бізге де қиын, бізге де ақша аспаннан жауып жатқан жоқ. Мемлекет болса, тек митингке шыққандарды тыңдайды, солардың талабын орындайды. Үнсіз ғана жұмыс істеп жүрген шағын отбасыларға неге қараспайды? Балалардың көптігін қалқан етіп, талап қою арға жата ма? Өйткені ертеден қара кешке дейін жұмыс істеумен салыстырғанда, бала туу, перзент сүю процесі азап емес, ләззат қой? Біз де қаптатып туғымыз келеді, бірақ отбасын асырау үшін жанталасып жұмыс істеуге мәжбүрміз», – деді ана.
Анна Димитриевич жақында Президент Қ.Тоқаевқа үндеу жолдады: көпбалалы, азбалалы деп бөлмей, демографияға үлес қосқан әрбір анаға бірдей жағдай жасауды сұрады. Бала шағын отбасыда дүниеге келгені үшін шетқақпай көрмегені жөн. Заңгер Мемлекет басшысына бірнеше ұсыныс айтты: біріншіден, 1 жасқа дейін баланың күтіміне төленетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартқан абзал. Екіншіден, отбасының табысына қарамастан төленетін мемжәрдемақыны шағын отбасыларға да төлеу қажет. Үшіншіден, өмірге бала әкелген әрбір жанұяға жеңілдікті тұрғын үй алу құқығы берілуі керек. Әйтпесе, еш жеңілдікпен ынталандырмаған соң мүлдем бала туғысы келмейтін жастар, childfree отбасылар көбейіп барады. Сондай-ақ егер алда қарыздар кешірілетін болса, ол науқанмен осал топтарды ғана емес, барлық балалы отбасыларды қамту қажет.
«Адал еңбеккерлер қатарындағы шағын отбасылар мемлекеттің қолдауына лайық. Себебі мемлекеттің бюджетін дәл солар салық төлеп, толтырады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз адамдардың көңіл күйін көтеру керек деп айттыңыз. Ендеше оның қарапайым әрі пәрменді тәсілі – осы!» – деді заңгер.
Үкіметтің мәселеге терең үңілгені ләзім
Осының алдында Aikyn «Балалар жылы» аясында Үкімет 1 жасқа толғанға дейін баланың күтіміне ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу кезеңін қазіргі 1 жылдан 1,5 жасқа дейін, ал оның мөлшерін 1,5 есе арттыруды жоспарлағанын хабарлады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 214 млрд 745,2 млн теңге бөлінетін көрінеді.
Құқықтанушы Арнұр Чегибаев Үкіметке бұл жәрдемақыны төлеу мерзімін 3 жасқа дейін көтеруді ұсынды. Себебі декреттік демалыс 3 жылға созылады. Ал аналар жәрдемақыны 1 жыл ғана алады.
«Мемлекет оларды жұмысқа шығуға итермелейді. Содан бір баланы туған соң жұмысқа оралып, бала туу мәселесіне оралмайтын отбасылар көбейіп барады. Өйткені көбісі пәтерді жалға алып тұрады. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі ағайынымның бір жасқа толмаған сәбиі бар. Әйелі декретте отыр. Шағын отбасыларға аз жәрдемақы төленеді. Отағасының жалақысы бала күтіміне, отбасы қажеттіліктеріне жете бермейді. Көп қаржысы пәтерді жалға алуға кетеді. Бір жыл өткен соң жәрдемақыдан да қағылады. Сонда бөбегін қалай асырамақ? Егер анасы жұмысқа шықса, балдырғанды кім бағады? Сұрақ көп, басы қатқан жағдайда. Бұл проблема жүйелі сипат алды», – дейді ол.
Жалпы, шағын отбасылардың да проблемасы – шаш етектен.
З.Хуснутдинова бастаған әлеуметтанушылар біраз жыл бұрын ДЦП-ға душар болған баласы бар отбасылардың әлеуметтік проблемаларына зерттеу жүргізген-тін. Оның қорытындысында мұндай отбасылардың көбі – 79,4%-ы кішкене отбасы болып шықты. Тексерілген әрбір екінші бала (53,8%) – тек бір баладан тұратын, әрбір үшіншісі (34,6%) – екі баладан ғана құралған отбасыда тәрбиеленіпті. Сұрау салынған аналардың үштен екі бөлігі (68,7%) одан кейін бала туудан бас тартқан. Қайтадан сәби сүюге кедергі болған себептердің арасында бірінші кезекте «келесі бала да осындай ауру болып шықса ше?» (13,7%) деген қауіп аталды. Сондай-ақ әкесі не шешесінің денсаулығының нашарлауы (9,7%), күш пен уақыттың сырқат балаға шығындалатыны (8,8%) да бала туудан аяқ тартқызатын факторға айналған. Сал болып қалған балалар туылғанда олардың аналарының тек 13,1%-ы ғана үйбикесі болған. Ал кейін жұмыс істемейтін аналар саны 48,9%-ға жеткен. Себебі, ананың бар күші ДЦП дерті бар баланың күтіміне кетеді. Қазақстанда сал болған балаларды емдейтін ірі орталық жоқ. Салдарынан, ата-аналары оларды Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға апарып емдетеді. Аналардың айтуынша, ДЦП-ға шалдыққан балалардың емі тым ұзаққа созылып, тез нәтиже әкелмейтіндіктен, оларға көмектесуден Аружан Саиннің қоры да бас тартады. «Қазақстан халқына» қорының оларға көңіл бөлмейтіні байқалады. Бұл, әрине бөлек әңгіменің арқауы.
Осының бәрі шағын отбасыларға қатысты мәселелер шешімін таппай, қордаланып жатқанын паш етеді. Жаңа Қазақстан демография мәселесінде бұрынғыдай біржақты кетпей, аз-көп деп бөле-жармай, халықтың санын көбейткен әрбір отбасыға көңіл бөлсе, құба-құп.
Ұлттық статбюро дерегінше, 2020 жылы елде 2 321 978 отбасы болған. Соның ішінде 14,8%-ында 1 адам ғана қалған (мысалы, қарт адам не жесір), 23,9%-ында – 2 адам, 19%-ында – 3 адам (жалғызілікті ана не әке 2 баласымен немесе 1 балалы ата-ана), 16,2%-ында – 4 адам (ата-ана 2 баласымен немесе жалғызбасты ата-ана 3 баласымен) болған. Қалған 26,1% отбасы 5 және одан көп мүшеден құралған. Бірақ соның ішінде әке-шеше және 3 баладан тұратын шағын отбасылар жетерлік. Олай болса, Үкімет еліміздегі отбасылардың басым бөлігін ары қарай елеусіз, ескерусіз қалдыра алмаса керек.