Сүйенетін «иесі» барларға заң жоқ па?

Сүйенетін «иесі» барларға заң жоқ па?

Елімізде жол-көлік оқиғаларынан зардап шегіп,  бейбіт күнде жер жастанғандардың қатары күн санап өсіп барады. Өкінішке  қарай, қалтасының қалыңдығы, жоғарыдағы «көкесінің» күші мен беделінің арқасында жазадан сытылып кетіп жатқандардың қатары азаймай тұр. Ондай «мықтылар» Ақмола өңірінде де аз емес. Бірге туған бауыры Талғаттан қас пен көздің арасында айырылған Көкшетау қаласының тұрғыны Эльмира Хасенова да осындай  әділетсіздіктің куәсі болған. Інісін қағып кеткен 14 жастағы бозбала­ның  жазасыз қалып, қылмыстық істер­дің тоқтатылуы оны қатты ашындырған. «Былтыр қазанда Көкшетау қаласы­ның іргесіндегі Станционный кентіне таяу тұста үйленемін деген қызымен жолдың жиегінде келе жатқан інімді 14 жастағы бозбала қағып кетіп, ол қапыда ажал құшты. Бауырым дәл сол күндері үйленемін деп дайындалып жүрген. Сол күннің ертеңіне неке қиюы тиіс еді. Алайда неке қию  уақыты белгіленген, тойы өтетін уақытта қара жердің қойны­на тапсырылды. Бірақ бауырымды қағып өлтірген бала мен оның көкесінің еш жазасыз қалып отырғаны өзекті өртейді. Арада бірнеше ай өткенде бізге сотқа дейінгі қылмыстық тергеу амалдарының тоқтатылғаны туралы қаулы келді. Істі тергеу органдары кәдімгідей жауып тастады. Біз, әрине бұл қаулымен келіспей, Ақмола облыстық прокуратурасына, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына және Бас прокуратураға арыздандық. Бұл қаулыда көп жағдайлардың ескерілмей қалғанын байқадық. Сондай-ақ естуімізше, көлік айдаған баланың көкесі бұрынғы ІІМ қызметкері екен. Бала кәмелет жасына толмағандықтан, жазадан құтылып кеткен. Сондай-ақ оның машинаны «айдап кету» бабы бойынша да жазадан сытылып кеткенін түсіндік. Біз істің 349-баптың 3 тармағы бойынша қайта қаралуын талап еттік. Дәл бүгін қылмыстық істің қозғалғаны туралы хабар келді», – дейді Эльмира Хасенова. Өңірде жол апатын тудырып, адам өлтіргендердің жазасыз қалғаны жалғыз бұл емес. Өткен жыл­дың қазанында Көкшетау қаласы­ның бағдаршамы жоқ М.Әуезов және Ж.Тәшенов көшелерінің қиы­лысын­­да Ақмола облысы Полиция департаменті бастығы орынбасарының жүргізушісі И.Нефедова деген азаматты қағып кетіп, еш жазасыз құтылып кеткен. Құрықтың ұзын болғаны соншалық, істен тіпті іздестіру кезінде табылған заттай дәлел – бейнежазба да «белгісіз себептермен» жоғалып кеткен. «Менің анамды өткен жылдың 2 қазанында қағып өлтірді. Тергеу шаралары кезінде іс бойынша бейнежазба жоғалып, ал іс бойынша осыған дейін жәбірленушінің сөзін сөйлеп келген куәгерлер арада үш ай өткеннен кейін өткен тергеуде сөзінен тайқып шықты. Тергеуден кейін жүргізуші де өзінің көрсетімдерінен айнып кетті. Құқық қорғау органдарынан, оның ішінде Бас прокуратурадан да келетін сілтеме жауаптар негізгі мәселеден ауытқып кетеді. Жүргізуші адам өлтірсе де ешқандай жазаға тартылған жоқ. Тіпті, көлік жүр­гізу куәлігінен де айырылған жоқ. Ал Ақмола облысының прокуратурасы өз шешімдеріне негіздей де алмады. Бұл қарапайым адамдар өмірінің еш мәні болмағанын көрсете ме?», – дейді Н.Нефе­дованың қызы Алена. Дәл осындай оқиға Ақмола облысы­ның Жақсы ауданында да қайталанған. Аудан әкімі орынбасарының жүргізушісі жол үстінде зейнеткер адамды қағып кетіп, ол сол жерде көз жұмған. Ал шенеунік жүргізу­шісі де еш жазасыз қалғанға  ұқсайды. «Өткен жылдың 2 желтоқсанында Жақсы ауылында менің әкемді аудан әкімінің орынбасары Сейдахметоваға тиесілі қызметтік автокөлікті тізгіндеген оның жүргізушісі Базылов қағып кетіп, әкем сол жерде жан тапсырды. Оқиға жұмыс уақытынан тыс, яғни сағат 18.40-та болған. Арада екі ай өткенде маған Базыловқа қатысты сотқа дейінгі тергеу­дің тоқтатылғаны туралы Жақсы ауданы полиция бөлімі бастығы Ишамбеков пен аудан прокуроры Торсық­баев­тың қолы қойылған қаулы келді. Тергеу­ші Абдуахитов маған мұны Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығына орай жасалған рақымшылық деп түсіндірді Мен мұны­мен келіспей, облыстық Полиция департаментінің бастығына, облыс прокурорына шағым тастадым. Бұған қоса, жақында өңірге келген Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваға шағымданып, ол Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады. Қазір прокуратура істі қарап жатқанын, 15 күн ішінде жауап беретінін айтты», – дейді Жақсы ауданының тұр­ғыны Марат Клименко. Жоғарыда аталған үш оқиғада да шен-шекпенділердің қатысы болған істер тоқтатылған. Ал облыстық полицияның ресми жауаптарында қылмыстық істердің заңға сәйкес тоқтатылғаны айтылған. Полиция департаментінің түсін­діруінше, Жақсы ауылындағы жағдай бойынша, 2 жел­тоқ­санда қаза болған Николай Климен­коның ісі бойынша қозғалған 345-бап бойынша қылмыстық іс 8 желтоқсанда қабылданған «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық туралы» заңға сәйкес тоқтатылған. «Базылов жасаған қылмыстық іс аса ауыр емес санатқа жатқызылады. Қыл­мыс­­тық іс жүргізу кодексінің 35-бабына сәйкес, жәбірленушінің істі тоқтату үшін келісімі қажет емес. Сондықтан осы жыл­дың 1 ақпанында қылмыстық істі тоқта­туға шешім қабылданды. Ал 3 ақпанда прокуратура қабылданған шешімді бекітті», – дейді  облыстық Полиция департаментінен. Дегенмен соңғы мәліметтер бойынша, Станционный кентінде болған жол апаты бойынша қылмыстық іс қайта қозғалса, ал Жақсы ауданындағы іс бойынша жәбірленуші прокуратураның ресми жауабын күтуде.

P.S.

Қалай десек те, шен-шекпенділер мен бай-бағландардың айы оңынан туып тұр. Осы орайда тиісті органдардың қара қылды қақ жарып, әділетті іс жүргізуге көшетін уақыты жеткен сияқты.

Ақмола облысы